Медицина • 17 Қаңтар, 2023

Білікті дәрігерлердің өңірдегі тәжірибесі

370 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Президент Іс басқар­ма­­сының медициналық ор­талығының Ақтөбе қаласындағы күндері бастал­ды. Тур аясында орталықтың білікті дәрігерлері хирургия, терапия, аллергология, аритмология, геномдық диагностика, иммунология, нейрохирургия және басқа салалар бойынша тұрғындарға көмек көрсетеді.

Білікті дәрігерлердің өңірдегі тәжірибесі

Аталған іс-шараның ал­ғашқы күні нейрохирург Мың­жылқы Бердіқожаев нейрохирургиялық бейін­дегі аурулары бар 30 нау­қас­қа консультациялық қа­был­дау жүргізді. Оның 7,2%-ы ауылдық жерлердің тұрғын­дары. Сондай-ақ 4-5 күн бұрын инсульт алған 55 жастағы пациентке бас миының ішіндегі омыртқа артериясының тарылуына байланысты стенд қою операциясын жасады. Осы тектес операциялар іс-шара аясында 2 күн қатарынан жүр­гізілмек. Жалпы, өткі­зілетін операциялардың саны – 10-ға жуық. Оған қоса шұғыл келіп түскен науқастарға да операция жасалуы мүмкін.

Іс-шараның ғылыми бөлімінде танымал нейрохирург Мыңжылқы Бердіқожаев «Церебральды аневризманы емдеу» тақырыбында баяндама оқиды. Дәрігер өз баяндамасында Алматы қаласындағы «Орталық клиникалық аурухана» АҚ-ның Нейрохирургия орталығының кейінгі жеті жылдық тәжірибесіндегі ми қантамырлары анев­риз­масының жарылуының алдын алу, оны емдеуде енгізілген түрлі әдістері туралы айтады.

Осынау сапар барысында Президент Іс басқармасының медициналық орталығы ауру­ханасының дәрігерлері ме­дицинаның басқа да бағыттары бойынша тәжірибе алмасып, Президенттік клиниканың көп­теген қызметімен таныс­тырады.