Қазақстан теннисшісі жасыл құрлықта өтіп жатқан «Үлкен дулыға» санатындағы алғашқы жарыстың бастапқы кездесуін әлемнің 42-ракеткасы румыниялық Сорана Кырстямен өткізді. Бірінші партияны румыниялық спортшы сәтті бастап, 6:2 есебімен басым түсті. Дегенмен Юлия кейінгі екі партияда таразы басын теңестіріп қана қоймай, қарсыласын жарыс жолынан ығыстыра білді – 6:4, 6:3.
Екі сағатқа жуық созылған матчта Путинцева 3 эйспен бірге бес брейк-пойнтты түгел пайдалана білді. Жерлесіміз бүгін турнирдің үшінші айналымына шығу үшін әлемнің 31-ракеткасы чехиялық Каролина Плишковамен шеберлік байқасады. Каролина алғашқы айналымда Қытай теннисшісі Сю Ванды екі сетте – 6:1, 6:3 есебімен жеңген болатын.