Спорт • 18 Қаңтар, 2023

Жігіттер жеңіспен бастады

203 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Кеше Таиланд астанасы – Бангкокте бокстан 22 жасқа дейінгі жастар арасында Азия чемпионатының шымыл­дығы түрілді. Биылғы додаға Қазақ­станнан бөлек, Қырғызстан, Таиланд, Малайзия, Өзбекстан, Тәжікстан, Камбоджа, Кувейт боксшылары қатысып жатыр.

Жігіттер жеңіспен бастады

Жарыстың алғашқы күнінде Қазақстан құрамасының екі боксшысы шаршы алаңға көтеріліп, екеуі де сары құрлық бәсекесін жеңіспен бастады. Бірінші болып рингке шыққан 48 килодағы ел чемпионы, жас­тар арасындағы әлем чемпионы, ересектер арасындағы Азия біріншілігінің жеңімпазы Санжар Тәшкенбай Қырғызстан боксшысы Ануар Ходжиевпен қолғап түйістіріп, төрешілердің бірауыз шешімімен жеңіске жетті.

Санжардың ізін ала Қазақстан жанкүйер­лері 57 кило салмақтағы Махмұд Сабыр­ханның өнерін тамашалады. Бұған дейін 54 килода әлем чемпионатының (2021) және Азия біріншілігінің (2022) күміс жүлдесін иеленген отандасымыз жастар арасындағы биылғы додада жаңа салмақта бақ сынап жатыр. Махмұд алғашқы айналымда Өзбекстан өкілі Мирзабек Мирзахалиловпен жұдырықтасып, 5:0 есебімен бет қаратпай жеңді.

Айта кетейік, жеребе қорытындысы бойын­ша, жастар арасындағы Азия біріншілігін үш боксшымыз (Серік Абзал (67 кг), Ерхат Бекзат (92 кг), Аманат Сабырғали (+92 кг) жар­тылай финалдан бастайды. Бұл – құрама қоржынында кем дегенде 3 қола жүлде бар деген сөз.