Медицина • 18 Қаңтар, 2023

Бедеулік неге белең алып барады?

464 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

«Адам ұрпағымен мың жасайды» дегендей, халқымыздың мәңгілік ел болуы, көсегеміздің көгеруі көбеюімізге байланысты. Ұлт саулығының кепілі – сапалы ұрпақ өрбітуімізде. Сондықтан да кейінгі жылдары әлеуметтік-демографиялық жағдайды анықтайтын фактор ретінде репродуктивті денсаулықты сақтауға баса көңіл бөлініп жатыр. Өйткені ата-ана болу қабілетінен кінәрат табылып, бедеулік диагнозы қойылған азаматтардың саны жылдан-жылға көбеймесе, азаймай тұр.

Бедеулік неге белең алып барады?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отбасылық-демо­г­рафиялық ахуал көңіл көншіт­пейтінін, бала сүйе алмай отырған отбасылардың көбейіп жатқанын алаңдаушылықпен атап өтіп, нәти­­жесінде «Аңсаған сәби» бағ­дар­ламасын жүзеге асыру­ды тапсырды. Бұл елімізде репро­дуктивті ден­саулықты қор­ғау­ға қаншалықты көңіл бөлініп жатқа­нын аңғартады.

Қарапайым тілмен айтқанда, репродуктивті денсаулық дегеніміз – болашақ ата-аналардың толық тән саулығы және әлеуметтік әлеуеті. Бүгінде бұл жағдайға адамдар да сергек қарап, тиісті тексерулерден жиірек өте бастады. Себебі бұрын бала сүйе алмаған жас отбасылар дәрігерге уақтылы қаралуды құнт­тамай, қаншама жылды құр күту­мен өткізіп алған жағдайлар жиі кездесетін еді. Дегенмен мұндай құнт­сыздық қазір де байқалады. Әсі­ре­се ауыл-аймақта тұратын отбасы­лар ата-ана болу уақытының ке­шуілдегеніне төзіммен қарап, скри­­нингтен өтуді ойлай бермейді. Бұ­ған дәлел ретінде Қоғамдық даму институты әзірлеген «Қазақ­стан­дық отбасылар – 2022» ұлттық баян­дамасындағы деректерді келтіруге болады.

Бұл зерттеу жобасында азамат­тардың репродуктивті денсаулық жағдайы арнайы қарастырылыпты. Осы деректерге сүйенсек, сауал­дамаға қатысқандардың көпшілігі (52,5%) кейінгі 5 жылда дәрігерлерге тексерілу, скринингтерден өту және басқа да репродуктивті денсаулықты қорғау саласындағы қызметтерді пай­даланбағанын көрсетті. Тек 44,8%-ы осындай медициналық қызметтерге жүгінген және 2,8%-ы жауап беруге қиналған. Соның ішінде репродуктивті денсаулықты тексеру қызметтерін ауыл тұрғындарына (40,6%) қарағанда қала тұрғындары (47,4%) жиі пайдаланған. Ал жалпы осы жағынан дәрігерге қаралмаған ауыл тұрғындарының үлесі 54,9%-ды құраған.

Жас отбасылар біраз уақыт бала сүйе алмай абдыраса, алдымен бәйек болып, дәрігердің есігін қағатын әйелдер екені түсінікті. Бұл ретте ер адамдар өзін толық сау сезініп және кей жағдайларда ар санап, дәрігерге қаралуды жөн көрмейді. Мұны да аталған зерттеу жобасынан байқауға болады. Кейінгі 5 жылда репродуктивті денсаулық сақтау саласындағы қызметтерді пайдаланған ер адамдардың үлесі 34,4% болса, әйелдердің үлесі 53,4%-ды құраған. Бұл ер азаматтарға міндетті скринингтік тексеруден өтуге баса мән беру керек екенін айғақтап тұр.

Репродуктивті жүйенің медици­на­лық тексеруінен өту үшін азамат­тардың қандай клиникаларға жүгін­гені туралы да деректер бар. Сауал­да­маға қатысушылардың 53,7%-ы мемлекеттік клиникаларға және 30,3%-ы мемлекеттік және жеке кли­ни­каларға да бірдей барғанын көрсетті. Тек жеке клиникаларға жүгінгендер 15,4%-ды, ал шетелдік клиникаларда қызмет алғандар 0,2%-ды құрады. Пікірлердің осылай бөлінуі түсінікті, өйткені репродуктивті қызметтер өте қымбат және әжептәуір қаржымен бірге көп уақытты да қажет етеді.

Репдродуктивті денсаулықтың дұрыс болмауы бедеулікке ұрын­дырады. Өкінішке қарай, бұл дертке шалдыққандардың қатары жылдан-жылға артып келеді. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойын­ша әйелдердің бедеулігі 2020 жылы – 16 187, 2021 жылы 19 880 пациентте тіркелді. Ал ерлердің белсіздігі 2020 жылы – 1 372, 2021 жылы – 1 515 пациентте тіркелді. Елімізде 18 және одан жоғары жастағы адамдардың репродуктивті денсаулығына әсер ететін несеп-жыныс жүйесі ауру­ла­рының жиілігі ер азаматтарға қара­ғанда (274 044 жағдай) әйелдер арасында (878 524 жағдай) жоғары болды. Сонымен қатар несеп-жыныстық жүйе­сінің бүйрек және несеп жолы тастары сияқты аурулары әйелдермен (12 495) қатар ерлерде де (10 819) бірдей кездеседі екен. Бүйрек тубулоинтерстициальды ауруының жиі тіркелуі де алаңдатады, бұл әйелдерде – 226 484 жағдай, ерлерде – 97 284 жағдай.

Осы орайда бірқатар маманның пікіріне құлақ асқанды жөн көрдік. Олар бедеулік диагнозының көп тіркелу себебін, оны емдеу, алдын алу жолдары туралы кеңесін ортаға салды.

Астанадағы №2 қалалық көп­бейін­ді аурухананың Әйелдер денсаулығы бөлімінің акушер-гинеколог дәрігері Ғибадат Сүлеева бүгінде бұл дертті емдеуге баса мән беріліп жатқанын атап өтті.

– Бедеуліктің өршуіне әсер етіп жатқан факторлар көп. Соның ішіндегі ең негізгісі – инфекциялық фактор. Яғни жыныстық қатынасқа ерте түсу, жыныстық жолмен берілетін инфекция­лар. Бұған қоса дұрыс тамақтанбау, ішімдік тұтыну, шылым шегу сияқты эндокриндік-метаболитикалық өзгерістер де бедеу­лікке алып келеді. Қазір әйел­дермен қатар ер адамдардың арасында да белсіздік диагнозы көптеп кездесіп жатыр. Мысалы, жалпы ұрпақ сүйе алмай жүрген пациенттердің 60%-ы – әйелдер, 40%-ы – ер адамдар. Осы ретте әйел­дерде жатыр түтікшесінің біте­луі бедеуліктің ең басты себебі болып отыр. Бүгінгі таңда елімізде бұл дертті емдеуге және алдын алуға көп көңіл бөлініп жатыр. Тұр­ғылықты мекенжай бойынша ерлі-зайыптыларды есепке алу, тексеру, уақтылы ем қабылдау мемлекет тарапынан тегін жүргізіледі. Егер қандай да бір қауіп тудыратын дерт анықталса, дереу емдеуге жібереміз. Қазір заманауи медицинаның септігімен бедеулік дертіне шалдыққандардың ата-ана атану көрсеткіші жақсарып келеді. Бұл ретте бедеулік диагнозымен тіркеуде тұрғандардың квотаға ілініп, экстракорпоральды ұрықтандыру (ЭКҰ) арқылы бала сүюіне мүмкіндік жоғары. Әсіресе, Президенттің тапсырмасымен «Аңсаған сәби» бағдарламасының жүзеге асырыла бастауы көптеген отбасына шаттық сыйлауда. Бұрын мемлекет тарапынан жылына ЭКҰ бағдарламасына 1 мың квота бөлін­се, бүгінде мұның саны 7 есеге ұл­ғайып, 7 мың квота бөлінеді, – деді Ғ.Сүлеева.

Ал Астана медициналық универ­ситеті Урология және андрология кафедрасының меңгерушісі Ұланбек Жаңбырбекұлы ата-ана болғысы келетін ер адамдар денсаулығына ертеден қам жасау керек екенін, тіпті бала кезден белсіздіктің алдын алуға мән беру қажет екенін айтты.

– Ер адамдардың осы күрделі нау­қасқа ұшырауына көбіне идиопа­тикалық фактор әсер етеді. Мұның себебін қазіргі медицина таба алмай жатыр деуге болады. Екіншіден, варико­целе осы дертті тудырады. Бұл – ерлердің ұмасындағы тамырлардың кеңеюі. Осы өзгеріс білінбей жүре береді, тек диагнозы қойылған кезде ғана анықталады. Сондай-ақ әртүрлі инфекциялардың зияны бар. Жас кезде жыныстық жолмен жұқтырып алатын гонорея, трихомониаз, хламидиоз сияқты инфекциялардың әсері байқалмағанымен, уақыт өте келе ұрық жолдарын бітеп тастауы мүмкін. Бұған қоса бала кезде қызылша, бруцеллез, туберкулез сияқты аурулармен ауырып, жыныс мүшелері қабынса, бұл да осындай ауруға алып келеді. Сонымен қатар генетикалық жолмен беріледі. Осы ретте ер адамдар өзінің репродуктивті денсаулығын сақтауға аса мән беруі керек. Әсіресе балалы болуды жос­парлап жүрген кісілердің арнайы мамандардың кеңесін алғаны артық болмайды. Өйткені қазіргі кезде артық салмақ жинау, энергетикалық сусындар мен фаст фудты тұтыну, тіпті моншаны жиі қабылдау да ұрықтың әлсіреуіне ықпал етеді, – деді дәрігер.

Осы орайда маман ер адам­дар­ға қатысты бедеулік пен бел­сіз­дік дерттерін қолданғанда, айыр­ма­шылығын білу де маңызды екенін алға тартты.

– Мұндай жағдайда ер адамдар­дың денсаулығына қатысты көбі­не белсіздік деп қолданылады. Бірақ бұрынғының әңгімелеріне, тіпті көркем әдебиетке сүйенсек, сондағы сипаты бойынша белсіздік дегенді біз эректилді дисфункция деп есептейміз. Бұл – ер адамның жыныстық қатынасқа қабілетсіз болуы. Ал бедеулік, бұл – фертильді қабілеттің төмендеуі, яғни ұрықтың әлсіреуі ғана. Осының аражігін ажыратып алуымыз керек, – деді Ұ.Жаңбырбекұлы.

Ұлт саулығының негізі ретінде репродуктивті денсаулықты сақ­таудың маңызы арта береді. Мем­лекет басшысы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жол­дауында Денсаулық сақтау министрлігінің алдына 11 міндет қойып, оның ішінде осы бағыт ерекше аталып өтті. Соның нәтижесінде ЭКҰ бағдарламалары белсенді қолға алынып, бала сүйген отбасылардың қатары артты. 2022 жылы 6,5 мың әйел ЭКҰ бағдарламасымен қамтылды, қалғаны – күту парағын­да. Жалпы, «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасын іске асыру аясында 2 654 отбасында көптен күткен 3 110 бала дүниеге келді.