Айтайын дегенім бұл емес. Бізде осыдан 100 жыл бұрын шыққан қазақша календарь қазір неге жоқ?!. Қазақ календары дәл қазіргі қоғам үшін өте қажет дүние. Іздесең таппайсың, орысша календарь толып тұр. Алуан тақырыпта. Сатушыдан «Қазақша календарь неге жоқ?» деп сұрасаңыз мысқылдай күліп: «Үкіметтен сұраңыз» дейді. Әрине, сатушы дұрыс айтады.
Бұрындары қазақша календарь кәдімгідей рухани – танымдық кітап сияқты болатын. Сол жылы болуға тиіс даталы мерекелер, тарихи оқиғалар, тұлғалардың туған күндері мен дүниеден өткен мерзімдері, сонымен қатар адамзат ғұмырына пайдасы тиген ірі жаңалықтардың ашылған уақыты қатарлы дүниелер толып тұратын. Мектеп ұстаздары осы календарьға қарап, жылдық оқу-тәрбие жұмысын жоспарлайтын едік.
Біреулер айтатын шығар, қажет дүниелер интернетте толып тұр деп. Оған талас жоқ. Бірақ оның қайсысы ұлтымыздың болмысына кері, қайсысы пайдалы, оны соңғы буынның ажыратуы қиын. Өйткені пайдалы, пайдасыз ақпарат көп. Ал календарь болған жағдайда және оны Оқу-ағарту немесе Мәдениет және спорт министрлігі сараптан өткізіп, қазіргі заман талабына сай етіп бекітіп берген болса, тиімділігі зор болары хақ.
Көшербай ТӨКЕСТАЙ,
ардагер ұстаз
Орал