Спорт • 19 Қаңтар, 2023

Қоржынға үшінші алтын түсті

313 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

АҚШ-тың Лейк-Плэсид қаласында өтіп жат­қан ХХХ қысқы Уни­вер­сиаданың кезекті кү­нінде Қазақстанның студент спортшылары тағы екі медаль жеңіп алды. Бұл жолы биатлоншыларымыз тұғырға көтерілді.

Қоржынға үшінші алтын түсті

Аталған спорт түрінің 10 шақырымдық спринт бәсекесінде алдына жан салмаған жерлесіміз Бекентай Тұрлыбеков мәре сызығын бірінші кесіп, Универсиада жеңімпазы атанды. Тұрлыбековтен тұп-тура 22,2 секундқа қалып қойған та­ғы бір отандасымыз Александр Мухин қола жүлдеге қол жеткізді. Екі спортшымыздың ортасына америкалық биатлоншы Бьорн Вестервельт түс­пегенде, бұл жарыста үш бірдей жер­лесі­мізді жеңіс тұғырынан көруіміз әбден мүмкін еді. Өйткені Кирилл Бауер мен 15 шақырымға жарыста топ жарған Вадим Куралес мәре сызығын Александр Мухиннен кейін кесіп, сәйкесінше 4-5-орындарға жайғасты.

Жарыс жеңімпазы атанған Бекентай Тұрлыбеков аталған қашықтықты 27 минут 51.5 секундта еңсеріп, 41 биат­лоншының ішінде оқ ату аймағында бірде-бір рет қателеспеген жалғыз спортшы атанды. Күміс жүлдені мойнына ілген Бьорн Вестервельт оқ атуда екі рет қателессе де, жылдамдығының арқасында екінші орынға табан тіреді. Александр Мухин де оқ ату аймағында екі рет мүлт кетіп, мәреге үшінші болып жетті.

Енді жерлестеріміз бүгін із қуу бә­се­кесінде бақ сынайды. Бұл жарыс Қазақ­стан биатлоншыларына жеңілдеу болады. Өйткені олар сөреден кешегі уақыт көрсеткіштері бойынша шығады. Егер, отандастарымыз ату аймағында нысана көздеуден мүлт кетпесе, бұл жолы да жүлдегерлер қатарынан көрінуге зор мүм­кіндік туып тұр.

Ал қатарынан төрт турда қарсылас шыдатпаған шайбалы хоккейден Қазақ­стан студенттер құрамасы бесінші ойын­да АҚШ хоккейшілеріне есе жіберді. Бұл кездесуде айдын иелеріне жеңіс ауа­дай қажет еді. Себебі олар өткен турда Сло­вакиядан 5:2 есебімен жеңіліп, турнир кестесінде үшінші орынға түсіп қалған болатын. Сондықтан АҚШ құрамасы плей-офф кезеңіне шығу үшін Қазақстан хоккейшілерін ойынның негізгі кезеңінде жеңуге тиіс еді.

Кездесудің есебін бірінші минутта айдын иелерінен Ханьюолл Мэттью ашқанымен, арада төрт минут өткенде Батырлан Мұратов таразы басын теңес­тіріп, мұзайдынға жиналған жергілікті жанкүйерлердің көңілін су сепкендей басып тастады. Бірақ екінші кезеңде АҚШ хоккейшілері Андрей Шутов қорғаған қақпаға қатарынан үш шайба соғып, 4:1 есебімен жеңіске жетті. Осылайша, В тобында алғашқы екі орынға ие болған Қазақстан және АҚШ құрамалары плей-офф сатысына жолдама алды.

Медаль көрсеткіші бойынша Қазақ­стан делегациясы 3 алтын және 1 қола жүлдемен жалпыкомандалық есепте 6-орында келе жатыр. Алғашқы үш орынды Жапония (11 алтын, 11 күміс, 5 қола), Поль­ша (4 алтын, 3 күміс, 3 қола) және Корея (3 алтын, 3 күміс, 2 қола) спортшы­лары иеленіп тұр.