Аймақтар • 19 Қаңтар, 2023

Қыналы бармақ қыз-келін

399 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қазақта «қыналы бармақ» деген теңеу бар. Яғни «аз нәрсені көптей қылады, көп нәрсені көлдей қылады». Ерінің барын да, жоғын да білдірмейтін осы қыналы бармақ қыз-келіншектер. Жетісуда тігін кәсібін тізгінге алған арулар жетерлік. Тіпті басым бөлігі мемлекеттен бөлінген грантты игілігіне жаратып, ісін шыр көбелек айналдырып отыр.

Қыналы бармақ қыз-келін

Жетісу өңірі ұлттық өнер­ді ұлықтауда ұдайы алғы шепте, сырттан келген қан­дас­та­ры­мыз­бен қатар жергілікті тұр­ғын­дар берекелі істің кілтін тауып үл­герген. Ата кәсіпті бизнеске ай­нал­дырған әйелдердің ең­бекқорлығы көз сүйсінтеді. Солар­дың бірі – текелілік Қарлығаш Долашева мен Жазерке Мұса­бе­кова.

Анасы мен қызы «Бизнестің жол картасы – 2025» бизнесті қолдау мен дамыту бағдарламасы шеңберінде қайтарымсыз грантқа ие болып, цехқа қажетті құрал-жабдықтар мен материалдарын толықтырған. Сөйтіп, өз іс­терін дөңгелетіп отыр. Оларға өз кезегінде Текелі қалалық әкім­ді­гі де жәрдемдесті. Бізге тігін шеберлері игілікті істің тетігін қалай тапқанын баяндап берді.

«Құрақ құрау, текемет басу, сырмақ тігу сынды ұлт­тық дәс­тү­рімізді бала кезден бо­йы­­­мызға сіңіріп өстік. Апа­ла­ры­мызға қолғабыс етіп, тігін тех­­никасын үйрендік. Жалпы, тігін­ші­лік – анамнан дарыған өнер. Алғашында тек үйде тапсырыс қабылдап, кейін халықтың көңілінен шығып, сұраныс ұл­ғай­ған соң, тігін шеберханасын ашу туралы ой келді. Қызым да менің бастамамды қолдап, өз кәсібімізді жолға қою үшін мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға сұраныс білдірдік. Ұсынған жобамыз жеңіске жетіп, өз ісімізді бастап кеттік», дейді Қ.Долашева.

Шағын шеберханада 6 адам жұмыс істейді. Құрақтың түр­­лі өрнектерін айшықтап, тұ­ты­нушының талғамына сай тапсырыстар қабылдайды. Қа­зір­гі таңда ұлттық нақыштағы бұйымдарымызға, әсіресе қыз жасауы мен көрпеше, жастық, қоржындарға сұраныс жоғары. Оны кәсіп иесі мақтанышпен жеткізді.

Анасына қолғабыс жасап, бір жағына шығысып жүрген жас кәсіпкер Жазерке Нағызбекқызы жаңадан кәсіп ашамын деген адам бірден байып кетуді ойламау ке­рек­тігін айтады. Қарекет ет­сеңіз, Құдай еселеп бермек.

«Бизнес-идеяны таңдау, жос­пар әзірлеу, сатуды жолға қою – мұның бәрі оңай шаруа емес. Кәсіппен айналысу үлкен тәуе­кел­­ділікті талап етеді. Біз де анамызбен бірге кәсіп ашу туралы шешімге келіп, өз ісімізді аштық. Әрине, алғашқы айларда бірқатар қиындықтармен кезігіп, сол ар­қылы біраз тәжірбие жинадық. Қазір жаңа технологиялардың заманы. Мен анама тек тігін тігу жағынан ғана емес, дайын болған өнімдерді әлеуметтік желілерге орналастыруға да көмектесемін. Жарнама нарығын да зерттеп, халыққа қолайлы қызмет түрін ұсынуға күш салудамыз», дейді Ж.Нағызбекқызы.

Оның айтуынша, қолөнер орта­лығында түрлі заманауи үлгі­дегі материалдарды пайдалана отырып, той-томалақтарға ар­налған сый-сыяпаттар дайын­дау­ға мүмкіндік мол. Сондай-ақ тігіншілердің жұмы­сын жеңіл­дету мақсатында құ­рал-жаб­дықтар қорын кеңей­ту­ді ойлас­тырып отыр. Цехта әртүрлі бұ­йым­ды жедел әзірлеу үшін жаңа станоктар мен дәнекерлеуші лазер құрылғылары қажет. Сол мақсатта олар тағы бір мемле­кет­тік бағдарламаға қатысып, нәтижесін күтіп отыр. Бүгінде халық алғысын алу, өз істерінің нағыз шебері атану – басты мақ­саты. Сол бағытта аянбай еңбек етуге әзір.

Шеберхана ұжымының өнім­дері Текеліде ғана емес, турис­тердің де арасында сұраныс­қа ие. Мәселен, Түркия, Гер­ма­ниядан келген қонақтар қа­за­қы нақыштағы бұйымдарға тапсырыс беріп, қызығушылық танытқан. Шетелдерге кәдесый ретінде ұлттық бұйымдарды алатын тұрақты тұтынушылары да аз емес. Нарықта өздерін ор­нықтырып келе жатқан қолөнер шеберханасының ұжымы жуыр­да облыс орталығында өткен іскер әйелдердің өңіраралық форумына қатысып, «Құрақ көр­пе» номинациясы бойынша ар­найы дипломмен және ақшалай сыйлықпен марапатталды. Бұл жеңіс оларға кәсібін дамытуға үлкен леп берді.

Айтпақшы, іскер әйелдердің өңіраралық форумында «Құрақ көрпе» аталымы бойынша марапат алған қолөнерлердің ішінде сарқандық Назигүл Батырхан да бар. Ол да сол додада 100 мың теңгенің сертификаты мен дип­ломын алып, лайықты мара­патқа ие болған. Жалпы, бұл байқауға Жетісу облысы мен Алматы об­лысының 57 қолөнершісі қаты­сып, 150-ден астам жұмыс ұсы­ныл­ған еді.

Сарқандық кәсіп иесі алғашқы тігін өнерін құрақ көрпеден бас­тап, қазір өз қолымен тігілген үй интерьерін безендіруге ар­нал­ған стильді аксессуарларын тұтынушыларға ұсына бас­тады. Көпбалалы ана тауар түр­лерін бірте-бірте көбейтіп жатыр. Солардың бірі – «Үй тұ­мары». Ұлттық тұмарлар Назигүлдің тігін өнеріндегі өзіне тән ерекшелігі десе де болады. Олардың әрқайсысы тек түс үйле­сіміне ғана емес, сонымен қатар семантикалық мазмұнымен де өзгешеленеді.

Алдымен ол тек отбасы мен туыстары үшін тігетін, бірте-бірте сүйікті ісі табыс әке­ле­тін шағын бизнеске ұлас­қан. Әзірге тапсырыстар өзі тұра­тын Сарқан қаласының тұр­ғын­­да­ры­нан түседі, бірақ ісін жаңа бастаған әйел мұнымен шектелмек емес. Бірінші кезекте Сарқан ауданының іскер әйелдер кеңесі құрамына кіріп, әріптестерін нәтижесімен қуант­ты. Міне, енді облыс көле­міне танымал қолөнер шеберіне айналуды мақсат тұтып отыр.

«Тігін цехын ашуды армандаймын, онда көрпеден бөлек түрлі ұлттық киім мен үйге ар­налған әшекей жасайтын боламын. Осылайша, дәстүрлі қазақ қолөнерін сақтауға және құрақ тігуді насихаттауға үлес қоссам деймін. Қазір балаларға арналған ұлттық киімдер мен үйге матадан жасалған тұмарлар тігемін. Олар ұлттық өрнектермен, ашық түсті моншақтармен, үкі қауыр­сын­дарымен безендірілген түрлі пішінде, әрқилы түсте дайындалады. Мысалы, шаңырақ немесе домбыра түріндегісі де бар. Бұл жай ғана безендіру емес, табысқа жеткізетін, өркендеуге бастайтын, сондай-ақ жағымсыз энергиядан қорғайтын тұмарлар деуге болады. Себебі адамның өз қолымен жасаған заттарында қол еңбегі ғана емес, өнерпаздың рухани энергиясы да мөрленіп тұрады», дейді Н.Батырхан.

Құрақ көрпе тігу байырғы қазақ әйелімен еншілес ескі бұйым секілді көрінеді. Бірақ ұлттың мәдени мұрасы сол оюлы көрпеде жатқандай. Салт-дәстүріміздің негізгі элемент­те­рінің бірі һәм рухани мұра ретінде құнды жәдігер. Әрбір қазақ отбасының үйінің төрінде құрақ көрпе жайылып тұрса, қандай мәртебе. Бұл ретте мемлекеттен берілетін көмектің игі­лікті іске жұмсалып жатқаны қуантады. Қыналы бармақ қазақ әйелдері көбейе берсін!

 

Жетісу облысы