Экономика • 22 Қаңтар, 2023

Атаулы табыс тағы артты...

326 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Статистика жаңарған сайын халықтың атаулы табысы ұдайы артып отыратынын аңғарамыз. Бірақ бұдан жұрттың қалтасы қалыңдап, жағдайының оңала түскені байқала қоймайды. Ендеше, тұрмыс деңгейінің өзгерісіне әсер ете алмайтын бұл қандай өлшем?

Атаулы табыс тағы артты...

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Алдымен, осы өлшемдегі кейінгі статистиканы келтіре кеткеніміз жөн болар. Ұлттық статистика бюросының өткен айдың соңында жариялаған дерегі бойынша, 2022 жылдың үшінші тоқсанында елімізде халықтың орта есеппен жан басына шаққандағы атаулы ақшалай табысы 152 516 теңгені құрады. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 17,6%-ға өсті. Бірақ осы аралықта тұтыну бағаларының индексі 16,3%-ға артқанын ескерсек, халықтың нақты мәндегі табысы 1,1%-ға ғана артып отыр. Осы деректен-ақ бұл өлшемдердің аражігі білінеді.

«Атаулы ақшалай табыс – бұл халықтың тұтыну, өндірістік қызмет және қор жинауға бағытталған ақшалай қаражаттары. Оның шамасы есептеу әдісімен макродеңгейде анықталады. Жалдамалы жұмыс және өз бетінше жұмыспен қамтылған халықтың ақшалай табысы (жалақының жасыру мен статистикалық есептілікпен қамтуға келмейтін жұмыс істейтін халықтың санына санап шығумен) және әлеуметтік трансферттердің төлемі қосылады. Орташа жан басына шаққандағы табыс жалпы табыстардың сомасын тұрақты халық санына бөлу арқылы есептеледі. Нақты ақшалай табыс – бұл елдегі инфляция деңгейіне қарай түзілген номиналды ақшалай табыс», делінген Ұлттық статистика бюросының мәлімдемесінде.

Енді қарапайым тілмен айтсақ, атаулы табыс ұғымы жеке немесе отбасылық бюджетке түсетін қаржы көлемін білдіреді. Бұл табысты есептегенде азық-түлік пен коммуналдық қызметтерге қанша кететіні, инфляция деңгейі мен салықтардың көлемі мүлдем ескерілмейді. Яғни азаматтардың картасына түсетін немесе қолына алатын нақты сомасы.

Ал нақты табысты есептегенде, оған қанша тауар сатып алуға және қандай қызметтерді пайдалануға болатынына мән беріледі. Бұл ретте алдымен салықтар, міндетті жарналар, коммуналдық төлемдер сияқты тұрақты шығындар шегеріліп, тек қалған ақша ғана есепке алынады.

Мысалы, он жыл бұрын қатардағы жұмысшының 150 мың теңге жалақысы ай сайынғы жүріп-тұруына, азық-түлігіне, басқа да қажеттілігіне жаратуға жетіп, одан 50 мың теңгедей артылады деп қарастырайық. Ал арада 10 жыл өткенде дәл осы жұмысшының жалақысы 50%-ға жоғарылап, 225 мың теңге алады, бірақ ай сайынғы тұрақты шығындарын жапқанда бұл қаражатынан 25 мың ғана артылуы мүмкін. Өйткені осынша уақыт ішінде азық-түлік және басқа да қажетті қызметтердің бағасы екі есе қымбаттап кеткен. Осы мысалдан атаулы табыстың 10 жылдың ішінде 75 мыңға артқанын, ал нақты табыстың керісінше 25 мыңға кемігенін байқауға болады.

Сонымен атаулы табыс атап көрсеткенге жақсы екен. Сондықтан халықтың әлеуметтік көңіл күйінің жақсаруы үшін нақты табыстың көтерілгені өте маңызды. Жоғарыдағы статистикаға оралсақ, өткен жылдың соңында атаулы табыстың ең жоғары көлемі Атырау облысында тіркелді. Бұл өңірдің тұрғындарының орташа жалақысы 313 758 теңгені құрады. Аталған көрсеткіш республикалық орташа деңгейден шамамен 2,1 есе артық. Ал табысы ең төмен өңір Түркістан облысы болды. Оңтүстіктегі ағайынның орташа жалақысы 75 867 теңге болды. Жалпы, республика бойынша үшінші тоқсандағы халықтың орта есеппен жан басына шаққандағы атаулы табысы мен ең төменгі күнкөріс деңгейінің арақатынасы 3,3 есені құрады.

Елімізде атаулы табыспен қатар нақты табыс та есептеліп отырады. Бірақ біз келтіріп отырған тоқсандағы нақты табыстың көрсеткіші әлі белгілі емес екен. Сол себептен екі табыс түрін салыстырмалы түрде көрсету үшін өткен жылдың екінші тоқсанындағы дерекке тоқталайық. Атап айтқанда, 2022 жылдың екінші тоқсанында еліміз бойынша атаулы табыс 101,2 мың теңгені, ал нақты табыс 97,1 мың теңгені құрады.