Тарих • 22 Қаңтар, 2023

Қонаев тағылымы

678 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Белгілі жазушы, қонаевтанушы Ораз Қауғабайдың «Таңғажайып Қонаев» атты роман-эссесі алғаш 2008 жылы «Қазығұрт» баспасынан жарық көрген еді. Бұдан кейін қалың оқырман сұранысы ескеріліп, 2012, 2013 жылдары екі дүркін жарияланып, әйгілі қайраткер ғұмырбаянына қызыққан қауымды қуантқаны да есімізде. Өкініштісі, таралымы өте аз болды.

Қонаев тағылымы

Рухани-танымы жоға­ры шығар­маны 2014 жылы Қонаев университеті Мем­лекеттік сыйлыққа ұсын­ды. Түрлі себеппен мәре­ге жетпесе де, жер-жерде аға буын бір-бірінен сұрап оқи­тын еңбекке айналды. Содан бері оншақты жыл өтті. Астана музы­ка мектебінің негізін қа­лау­шы, білім ардагері Оспан Сүлейменұлы мен «Тіл және мәдениет» бір­лес­тігінің қайраткері Әнуарбек Ералы: «Сұра­ныс­қа ие шығарма бес жыл сайын жарық көріп тұр­ғаны жөн. «Таң­ғажайып Қонаевты» Мәдениет жә­не спорт министрлігі мем­лекеттік тапсы­рысқа енгі­зеді деп сенеміз. Беймәлім себеппен тізімге кірмей, кейінге қала беретіні ойландырады. Рас, Д.Қо­наев қаламгер емес, бірақ ол мем­ле­кет қайраткері, әлемге әйгілі тұлға ғой. Сон­дықтан кітап мемлекет қол­дауы­мен шығуға тиіс еді. Димекеңнің 110 жыл­дық мерейтойына орай жарық көр­мегені қамықтырды», дейді.

Ал қуанышты хабар – Қонаев жы­­лында Түркістан азаматта­ры осы кітапты Шымкенттегі «Нұр Дана» бас­пасынан шығарып, ха­лыққа ұсынды. Ғылыми конференцияда оқырманға, жергілікті кітапханаларға таратты.

Түркістан қаласының Әл-Фараби кітапханасында өткен Диме­кеңе арнал­ған жиында кітап авторы Ораз Қау­ғабай демеуші болған облыстық мә­дениет бас­қармасына, «Қонаев қо­рына» рия­сыз алғысын жеткізді.

Түркістандағы жиында Әсет Қыдырқұл есімді ақсақал: «Қа­зір өздері аспаннан түскендей Димаш Ахмет­ұлын жамандай­тындар да бар көрінеді. Әрине, компартия саясатымен байла­ныстырып. Астанада бір ақын­­ның осындай олақ сөзін ес­тіп таңғалып едім. Өзі алдын­да ком­мунистерді, кейін Қа­зақ­стан­­ды қиын жағдайға жет­кіз­генді жырлағанын тарс ұмы­тып кеткен... Димекеңнің таза­лығы болмысы мен ісінде тұр» деп, бүгінгінің ащы сабағын есімізге салды.

Сондай-ақ таяуда Ақтөбе қала­сында Д.Қонаев атындағы мектеп-гим­на­зияда да О.Қауға­бай кітабының таныстырылы­мы сәтті өтті.

Астанада да Д.Қонаев кол­­леджі мен мектебінде кітап авто­рымен кездесу болып, автор әді­летті Қазақстан үшін тұлға­танудың маңызын түсіндірді. Мұғалімдер мен шәкірттердің түрлі сұрағына жауап берді.

 

Айдар Жанарыс,

журналист