Экономика • 23 Қаңтар, 2023

Ел несібесі еш кетпейді

193 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке қайтару жөніндегі шаралар туралы Жарлық – мемлекеттен жымқырылған қараж­ат пен дүние-мүлікті қайтару да маңыз­ды құжат. Себебі Жарлықта ұрлан­ған ақшаның қайтарылуын тездетуге жол аша­тын бірнеше мәселе қаулы етілді. Атап айт­қанда, Үкіметке осы жылдың 31 нау­рызына дейін активтерді қайтару туралы арнайы заң жобасын әзірлеп, Парла­мент Мәжілісінің қарауына енгізу тапсырылды. Қазір Бас прокуратура мен Үкімет және басқа да мүдделі мемлекеттік органдар бірлесіп заң жобасын әзірлеп жатыр.

Ел несібесі еш кетпейді

Бұл заң бірнеше өзекті мәселені қарастырады. Ең алдымен заң жобасында заңмен реттелетін құқық қатынас субъектілері анықтала­ды. Яғни жауапқа кімдер тартылатыны айқындалады. Сонымен бірге жаңа заң жоба­сы заңсыз шығарылған активтердің шығу тегін ашу, растау және оларды қайтару тетік­терін регламенттейді. Сондай-ақ заңсыз шығарылған активтерді қайтару рәсімдерінің ашықтығын қамтамасыз етеді. Қазір қылмыстық істер жайындағы ақпарат тергеу құпиясына сәйкес, көп жариялана бермейді. Ал жаңа заң қабылданатын болса, бұл мәселе де шешімін таппақ. Сонымен қатар заң жобасында заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке өз еркімен беруді ынталандыру қарастырылмақ. Бұл ұрланған қаражаттың қайтуын жеделдетеді.

Енді мемлекеттен миллиардтап қаржы ұрлау қайталанбауға тиіс. Заң жобасы активтерді заңсыз шығаруға ықпал еткен себептер мен шарттарды жоюға бағытталған жүйелі шараларды қабыл­дауды міндеттейді. Болжам бойынша, қазір мемлекеттен шығарылған қаржының мөлшері – 140 миллиард доллар шамасында. Бұл қаражат кезінде активтерді жылыстатуға мүмкіндік беретін түрлі теріс шешімдер, заңдарды бұрмалау арқылы шетел асты. Енді оған жол берілмеуге тиіс.

Болашақ заң жобасы тағы бір мәселеге нүкте қоймақ. Ол – қайтарылған қаражатты жарату мәселесі. Заңда келіп түсетін заңсыз шығарылған активтерді жинақтайтын арнаулы мемлекеттік қор құру қаралады. Қайтқан қаражат халықтың әл-ауқатын арттыруға бағыт­талған әлеуметтік және экономикалық жобаларды қаржыландыруға жұмсалмақ.

 

Зейін ӘЛІПБЕК,

Экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның ресми өкілі

Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда қанша ер мұғалім бар?

Қазақстан • Бүгін, 10:10

Төтеншеліктерге тарту

Аймақтар • 04 Мамыр, 2024