Мұхиттың арғы бетіндегі студенттер додасының соңғы күнінде Қазақстан құрамасының қоржынына тағы екі медаль түсті. Шайбалы хоккейден Қазақстан құрамасы қысқы Универсиаданың қола жүлдегері атанды. Жарыстың іріктеу кезеңінде барлық қарсыласын бет қаратпай жеңген жерлестеріміз жартылай финалда Канада құрамасына жол бергенімен, үшінші орын үшін өткен матчта Жапония хоккейшілерін ірі есеппен тізе бүктірді – 8:1.
Кездесудің есебін жетінші минутта Максим Мұхаметов ашты. Кейін ол 25 және 48-минуттарда да мергендігімен көзге түсіп, хет-триктің авторы атанды. Екінші кезеңде Саян Данияр (23-минут), Әлихан Өмірбеков (26), Батырлан Мұратов (39) дәлдік танытса, соңғы, шешуші 20 минутта Әли Қасенов (43) пен Данил Бутенко (50) қарсыластарының қақпашысын қапы қалдырды. Ал Жапония құрамасының жалғыз шайбасын Юто Гондаира (40-минут) салды. Осылайша, шайбалы хоккейден Қазақстан құрамасы өз тарихында екінші рет қысқы Универсиаданың қола жүлдегері атанды. Бұған дейін жерлестеріміз 2007 жылы Италияның Турин қаласында өткен студенттер додасында Финляндия хоккейшілерін 5:2 есебімен жеңіп, қола жүлдені мойнына ілген болатын.
Финалда АҚШ құрамасын 7:2 есебімен тізе бүктірген Канада хоккейшілері Универсиада жеңімпазы атанса, жарыс қожайындары күміс жүлде иеленді.
Шаңғышылар бәсекесінде сынға түскен Ксения Шалыгина да жарыстың соңғы күнінде ел қоржынын тағы бір қоламен толықтырды. 15 шақырымға жалғасқан жарыста жерлесіміз мәре сызығын үшінші болып қиды. Оның уақыт көрсеткіші – 39 минут 50.1 секунд. Бұл тартыста Эстония құрамасының өкілі Мариэль Мерлий Тянеттің бағы жанды. Күміс медаль америкалық Кендалл Крамердің еншісінде кетті. Тағы бір отандасымыз Надежда Степашкина 41:03.2 уақыт көрсеткішімен мәреге 6-шы жетті.
Сондай-ақ бір күн бұрын шорт-тректен еліміздің ерлер құрамасы эстафета сайысында қысқы Универсиаданың күміс жүлдесіне қол жеткізді. Қазақстандық студенттер 5 мың метр жарыста тек Корея құрамасына есе жіберді. Қола жүлдені Нидерланд студенттері (7:12.450) қанағат тұтты.
Ұлттық құрама намысын Әділ Ғалиахметов, Еркебұлан Шамұханов, Валерий Клименко мен Санжар Жанысов қорғады. Мұның алдында шорт-трекшілер аралас командалық эстафетада да екінші орыннан көрінген болатын.
Айта кетейік, биылғы студенттер аламанында Қазақстан құрамасынан биатлоншылар Вадим Куралес пен Бекентай Тұрлыбеков және шаңғымен тұғырдан секіруші Данил Васильев АҚШ-та Әнұранымызды шырқатса, биатлоншы Александр Мухин мен шаңғымен тұғырдан секіруден командалық сайыста Данил Васильев пен Сергей Ткаченко күміспен күптелді. Александр Мухин (биатлон), шаңғыдан командалық жарыста Айша Рақышева, Надежда Степашкина және Ксения Шалыгина қола жүлдегер атанды.
Қысқы Универсиаданың жалпыкомандалық есебінде Жапония спортшылары топ жарды. Жарыстың алғашқы күнінен бастап, соңына дейін медальдар кестесінде ешкімге дес бермеген Күншығыс елінің өкілдері 21 алтын, 17 күміс, 10 қола медаль жеңіп алды. Екінші орынға Корея спортшылары жайғасты. Олардың еншісінде 12 алтын, 8 күміс, 9 қола медаль бар. Үздік үштікті 6 алтын, 1 күміс және алты қоламен Канада құрамасы түйіндеді.
Ал Қазақстан 3 алтын, 4 күміс, 4 қола медальмен жалпы есепте 11-орынға табан тіреді. Осыдан төрт жыл бұрын Ресейдің Красноярск қаласында өткен студенттер додасымен салыстырар болсақ, жерлестерімізде ілгерілеу байқалады. Сол жылғы Универсиадаға 95 спортшымыз қатысып, 4 күміс, 3 қоламен 17-орыннан көрінген еді. Биыл АҚШ-қа 78 студент-спортшы аттанған болатын.
Келесі қысқы Универсиада 2025 жылы Италияның Турин қаласында ұйымдастырылады деп жоспарланған.