Спорт • 23 Қаңтар, 2023

Олимпиадаға дайындық қалай жүріп жатыр?

420 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) келер жылы Франция астанасы Парижде жалауы желбірейтін жазғы Олимпия ойындарының дайындық барысына көңілі толмайтынын айтты. Жанкүйерлер төрт жылда бір келетін бұл мерекені асқан ыждағатпен күтіп отырғанда, ұйымдастырушылар бірқатар кедергіге тап болыпты.

Олимпиадаға дайындық қалай жүріп жатыр?

Жуырда Францияның AFP ақпарат агенттігі Олимпия ойындарының да­йын­дық барысына тексеріс жүргізіп, бір­неше нақты проблеманы атады. Оның біріншісі – қаржы мәселесі. Фран­ция жазғы Олимпиаданы өткізу құқы­ғын жеңіп алғаннан (2017 жыл) кейін ойындардың шығынын 3,8 миллиард еуроға бағалаған болатын. Бірақ үш жыл бұ­рынғы COVID-19 пандемиясынан кейін ұйымдастырушылар жарыс бюд­же­тін 400 миллион еуроға дейін қыс­қартқан еді.

Енді ол аз болғандай, әлемдегі саяси жағ­дай салдарынан Францияда инфляция өсіп барады. Сондықтан Олимпия ойындары өтетін спорт кешендерін құру міндеті жүктелген Solideo компаниясы қосымша шығынға ұшырайтын түрі бар. Құрылыс компаниясы қосымша қаржыны өз қалтасынан шығармайтыны анық. Бұл ақша ең бірінші мемлекет қазынасынан өтелуге тиіс. Алайда қазіргідей дағдарыс заманында франция халқы Олимпиаданы өткізу үшін мемлекет бюджетінен көп көлемде қаржы бөлуді қолдай қояр ма екен?

Әзірге мемлекет қазынасына Олим­пиа­даға байланысты қосымша та­быс түсіп жатқан жоқ. Өйт­кені билеттер енді ғана сатылымға шы­ға­рыл­са, ірі компания­лар да бұдан бы­лай келісімшартқа отыра бастайды. Егер Франция билігі мен халқы мемлекет бюджетінен Олимпиаданың құ­рылысына қаржы бөлуге қарсы болып, олар жаңағы қосымша табысты күте­тін болса, нысандардың құрылысы кешеуілдейтіні кәдік. Тіпті спорттық нысандар Олимпиада басталғанға дейін салынып үлгермеуі де мүмкін.

Екіншісі – қауіпсіздік мәселесі. Ма­ман­дардың болжауынша, Париждегі Олимпия ойындарын тамашалау үшін Францияға 10 миллионға жуық жан­күйер келуі мүмкін. Париждің орта­лы­ғын Олимпиада ғимараттарымен бай­ла­ныс­тыруға тиіс болған екі метро жо­лы­ның құрылысы да дәл уақытында аяқ­талатынына күмәнмен қарайтындар да бар. Бірақ AFP басылымының мәліметі бо­йынша, ұйымдастырушылар бұл мә­селені бақылауға алғанын айтқан екен.

Сондай-ақ Олимпиада кезінде жер үстіндегі транспорт арқылы межелі жерге қатынаудың өзі де жанкүйерлерге қиын­дық тудыратыны айтылып жатыр. Се­бебі Францияда автобус жүргізушілері жетіс­пейді.

Көпшілікті уайымға салып жатқан ең негізгі мәселелердің бірі – Олимпия ойын­дарына келетін спортшылар мен ар­найы қонақтардың қауіпсіздігі. Есте­ріңізде болса, былтыр Париждегі «Стад де Франс» стадионында өткен Чем­пиондар лигасының финалында билетсіз жанкүйерлер алаңға кіріп кетіп, матч шамамен жарты сағатқа кеш басталған еді. Осы жағдайдан кейін спорт мамандары француздардың қауіпсіздік мәселесіне де күмәнмен қарай бастады. Олимпия ойындарының ашылу және жабылу салтанаты дәл осы «Стад де Франс» стадионында өтеді деп жоспарланған.

Олимпия ойындарының сценарийі бойынша, жарыстың ашылу рәсімінде 180 мемлекеттің делегациясы қайықтардың көмегімен Сена өзенінің бойымен жүзіп өтуге тиіс. Ал оны өзен жағасынан 600 мың­ға жуық жанкүйер тамашалай алады. Дегенмен, әзірше бұл қағаз жүзіндегі жоспарлар.

Жалпы, әр Олимпиаданың алдында БАҚ беттерінде Олимпия ойындарын қабылдайтын мемлекет төртжылдықтың басты бәсекесін өткізуге дайын емес, спорт­тық ғимараттар жарыс өткенге дейін толық құрылып үлгермейді деп үнемі жазылып жатады. Бірақ бірде-бір Олим­пия ойындары ешқашан белгіленген мерзімнен кешігіп басталмаған. Яғни барлық дода қандай қиындыққа тап болса да, дер кезінде өткізіліп отырған.

Осыдан біраз уақыт бұрын Париж Олим­пиадасының ұйымдастырушылары ресми түрде жарыстардың күнтізбесін жа­риялады. Яғни XXIII жазғы Олимпия ойындарының алауы 2024 жылдың 26 шілдесінде тұтанып, 11 тамызда өз мә­ре­сіне жетеді. Олимпиаданың алғаш­қы күнінде велоспорт, дзюдо, семсер­лесу, суға секіру, регби, жүзу, ны­са­на көз­деу және 2021 жылы Токио Олим­пиадасынан бастап Олимпия ойын­да­рының бағдарламасына енген скейтбордингтен жүлделер сарапқа салынады. Ал Олимпиаданың соңғы күнінде марафон (жеңіл атлетика), күрес, ауыр атлетика, су спорты, бессайыс, гандбол және баскетбол спортынан үздіктер анықталады.

Париж Олимпиадасының билеттері ресми түрде 2022 жылдың желтоқсан айынан бастап сатылымға шығарылды. Ресми мәлімет бойынша, Халықаралық Олимпиада комитеті бас-аяғы 10 миллио­н билетті сатылымға шығарады. Оның

1 миллионы 24 еуродан, жартысы 50 еуро және одан арзан бағада қолжетімді болады. Тағы 3 миллион билеттің бағасы 100 еуродан басталады. Тек 15% билет қым­батқа сатылмақ. Яғни 950 еуро деп белгіленген. Олимпиаданың ашылу және жабылу салтанатына бөлек билеттер сатылады.

2023 жылдың ақпан айынан бас­тап жанкүйерлерге арзан бағадағы үш спорт түріне арналған билеттер пакеті ұсынылады. Оның бағасы 75 еуродан қымбат болмайды. Жанкүйерлер сатылымның алғашқы кезеңінде «Өз ойындарыңды жинақта» атты билет пакеті арқылы бәсекенің бағдарламасын ыңғайлы етіп жасақтай алады. Ол үшін 2023 жылғы 31 қаңтарға дейін https://tickets.paris2024.org сайтында тіркеуден өту қажет. 31 қаңтардан кейін толық тізім жасақталады. Егер сіздің өтінішіңіз лотереяда таңдалса, Make Your Games билет пакетін сатып аласыз. Ал 2023 жылғы 13 ақпанда тіркелген жанкүйерлер арасында жеребе өтеді. Бұл жайлы хабарлама әр адамның тіркеу кезінде көрсетілген электронды поштасына келеді. Ескерер жайт: хабарлама алған азаматтар 48 сағат­тың ішінде электронды поштаға келген сілтемені ашып, хатты алғанын рас­тауы керек. Сосын билет таңдап, 15 ақ­паннан 15 нау­рызға дейін сатып алуыңызға болады.

Ал билетті жеке-жеке сатып алғысы келетін жанкүйерлер үшін мұндай мүм­кіндік былай жүреді. 2023 жылғы 1 наурыз бен сәуірдің аяғына дейін https://tickets.paris2024.org/ сайты арқылы тір­кеуден өтіп, мамырдың басынан бас­тап билет ала аласыз.

Париж Олимпиадасы мен Паралим­пиадасын ұйымдастырушылар ойын­дардың ұранын бекітті. Алдағы төртжыл­дықтың басты додасы – Games Wide Open («Барынша ашық ойындар») ұранымен өтеді. Ұйымдастырушылар осы арқылы ғаламат әсерді бірге бөлісу үшін жан­күйер­лерді көптеп жинауды көздеп отыр. Сол себепті де «Өз ойындарыңды жинақта» сынды пакет Олимпия ойындары тарихында алғаш рет ұсынылған.

«Жаңа ұранда 2020 жылғы Олимпиада тәртібіне сәйкес Ойындардың үлгісін жа­ңартуға деген ұмтылыс байқалады. Па­риждегі додада Олимпиада есігі мүм­­кіндігінше көп адамға ашылғанын қалаймыз. Сена жағалауында болатын ашылу салтанаты, қаланың көрнекті жер­лерінде өтетін жарыстар мен Париждегі іс-шаралар адамдарды алаңда ғана емес, оның сыртында да біріктіруді көздейді», деді ХОК басшысы Томас Бах.