Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының жетекшісі
Сыр еліне танымал әулеттің отбасында дүниеге келген, туасы зерек Мұстафа ауылда төрт жылдық медресені екі жылда бітіреді. Орыс қоныс аударушылары мен Ресей патшасының жергілікті шенеуніктері Шоқайдың кірпіштен салынған үйін ақысыз-пұлсыз иеленіп, егістік жерін тартып алады. Осыдан кейін Шоқай баласының өз құқығын өзі қорғай алуы үшін әрі қарай орысша оқығанын қалайды. Мұстафа 1899 жылы үш жылдық Перовск училищесіне түсіп, оны 1902 жылы аяқтайды да, оқуын Ташкенттің ерлер гимназиясында жалғастырады. Орысша сауатын жап-жақсы жетілдіре түсіп, қоғамдық өмірге араласа бастайды. Түркістан өлкесінің орталығы Ташкентке жан-жақтан келген кісілердің өтініш-арыздарын шешуге қатыса отырып, жергілікті әртүрлі ұлт өкілдері арасындағы әлеуметтік теңсіздікті көзімен көріп, жүрегімен сезеді. 1910 жылы оқуды аяқтағанда өзіне тиісті алтын медальді генерал-губернатор А.Самсоновтың баласы Запреметовке беруі де албырт көңілге қаяу салады.
Мұстафа Шоқай өмірінде Петербург университетінің заң факультетінде оқуы ерекше маңызға ие болды. Ең алдымен, берісі Ресейдің, арысы Еуропаның білімі мен ғылымынан хабардар болып, алғырлық қабілетімен сол кездегі орыс қауымындағы демократиялық үрдісті бойына сіңірді. Осы кезең туралы 1933 жылы «Есімдегілерден... (Ресейдегі түркі студенттер өмірінен)» атты мақалада былай деп жазылған еді: «Мен Ресейді реакция жайлаған, жоғары оқу орындары, әсіресе университеттер тікелей полицияның бақылауына алынған 1910-1914 жылдары Петербургте оқып жүрген болатынмын. Жағдайдың сондайлығына қарамастан, біз, студенттер, саяси бой көрсетулерге шығатынбыз. Үкіметке қарсы шешімдер қабылдап, көшелерде демонстрациялар жасайтынбыз». Осылай университетте жүргенде-ақ қоғамдық өмірге белсенді араласып, өзінің саяси бағытын ұштай түскен болатын.
Мұстафа Шоқайдың саяси-әлеуметтік көзқарасының қалыптасуында Орталықтағы Ресей мұсылмандары қоғамдық ұйымдарының жұмысына тартылуы, жолығып тұрған, кейде қызметтес болған Алаш ардақтыларының рөлі жоғары болды. Әсіресе 1905 жылдан бастап қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысын басқарған, Мемлекеттік думаның мүшесі, «Алаш» партиясының негізін қалаған, кейінгі Алашорда үкіметінің басшысы Әлихан Бөкейханның саяси ықпалы ертерек басталған көрінеді. 1939 жылдары сонау гимназияда оқып жүргенде естіген ұстаз сөзін былайша еске алған еді: «Ұлтқа пайдалы адам болғыңыз келсе, бәрінен бұрын орыс өкіметінің атамекеніміздегі жер саясатын мұқият зерттеп үйренуге тырысыңыз. Сізге не істеу керектігін осы саясаттың өзі-ақ көрсетіп береді».
Әлихан Бөкейханның ұсынысымен Мұстафа Шоқайдың 1916 жылы 10 тамызда Мемлекеттік дума және үкіметтің тыңдауына Түркістандағы ұлт-азаттық қозғалысын патша үкіметінің қатыгездікпен басқаны туралы арнайы материал жинау мақсатымен құрылған комиссияның аудармашысы, хатшысы және маман-зерттеушісі ретінде Түркістан өлкесінде болуы, оны думаның Мұсылмандар фракциясының Кеңесші бюросында қызметке әкелген болатын.
Жинақтай айтқанда, Ресей орталығындағы бас-аяғы 6-7 жылға созылған уақыт Мұстафа Шоқайдың нағыз саяси университетіне айналды. Бұған дәлел ретінде оның 1917 жылы сәуірдің басында Петербургтен кетер алдында өзіне бұрыннан таныс, сол тұста бүкіл Ресей ауқымында маңызды рөл атқарған Петербург жұмысшы және солдат депутаттары кеңесінің төрағасы Николай Семенович Чхеидземен кездескендегі әңгіме тақырыбына тоқтай кетейік. Мұстафа Шоқай Түркістан автономиясын құруға әзірлік жасап жатқанын айтады. Бұл сөзден шошынған Чхеидзе автономия елді дереу дербестікке, бөлінуге апаратынын айтқанда, Мұстафа Шоқай орыс революцияшыл демократиясы ұлттардың бостандығы туралы талай жылдан бері көтерген ұранына берік болса, бөлінуден қорқудың реті жоқ екенін жеткізеді. Бұл, біріншіден, Алаш ұлт-азаттық қозғалысының автономия үшін күресінің басталғанын көрсетсе, екінші жағынан, сол кездегі Ресейдің биік лауазымындағы кісімен осылай сөйлесе алуы Мұстафа Шоқайдың саяси өресін, шынайы қайраткерлік болмысын танытып еді.
Ал сан салалы саяси қызмет пен жергілікті халық өкілдерін ұйымдастыра білу нәтижесінде орнаған, өзі басшысы болған Түркістан мұқтарияты Мұстафа Шоқайдың эмиграцияға кетер алдындағы алғашқы саяси шыңы, көтерілген биігі болатын. Алайда саяси сипаты жағынан Орта Азиядағы тұңғыш мемлекет 64 күн ғана өмір сүрді. Кеңес өкіметі оны құлатты, Қоқанды қанды қырғынға айналдырды. Ал басына 1000 сом бәйге жарияланған Мұстафа Шоқай шетелге кетуге мәжбүр болды.
Мұсылман эмигранттарының көшбасшысы
Тағдыр Мұстафа Шоқайға жарты ғасырдан астам өмір сыйлады. Оның 20 жылдан астамын эмигранттардың екінші отаны саналған Францияда өткізді. Осында сан салалы саяси қызметімен, ерекше қажыр-қайратымен, бірнеше тілде жазылған, сан тақырыпты қамтыған шығармашылық мол мұрасымен отандық эмиграциялық қызметтің тұңғыш жарқын беттері жазылды, ірі қайраткер санатында әлемге танылды.
Осы жылдары арнайы құрылған саяси ұйымы, саяси партиясы жоқтығына қарамай, Мұстафа Шоқай кең мағыналы күреске шығып, Түркістандағы озбыр кеңестік саясатты барынша көрсете білді. Бұл қарқынға «Яш Түркістан» айрықша шабыт қосқан болатын. Журналдың тоғыз жылдығына арналған мақаласында: «Еуропа елдерінің кеңпейілділігін пайдаланып шығарып келе жатқан осы бір ұлттық басылымымызды өзіміздің тәуелсіз Түркістанымызда шығаруымыз керек еді. Онда біз өзімізді қазіргіден әлдеқайда бақыттырақ сезінер едік» деп жазды.
Мұстафа Шоқай эмиграцияда Түркістан ұлт-азаттық күрестің мақсатын қайта қарады. 1923 жылы Париждегі «Orientet Occident» журналында жарық көрген тұңғыш француз тілінде жазылған «Ресей саясаты және Түркістан ұлттық қозғалысы» деген мақаласында Түркістанның автономияға қатысты бағдарламасын ұлттық тәуелсіздік бағдарламасына ауыстыру керек екенін түсіндірді. Бұл идея кейін заңды жалғасын тапты. 1929 жылғы «Яш Түркістан» журналының бірінші санында жарияланған «Біздің жол» атты мақаласында Мұстафа Шоқай: «Біз, Түркістан тәуелсіздігін жақтаушылар, еліміздің еркі және жұртымыз Түркістанның бодандықтан құтылуы үшін күресеміз. Түркістандықтарға бұдан басқа жол болмаған. Қазір де жоқ және бұдан соң да болмайды» деп алдағы мақсатты өзгеше айқындаған еді.
Саяси қызметті жемісті жүргізу үшін Мұстафа Шоқайға ең бірінші орыс отаршылдығына қарсы күрестің стратегиясының құрамды бөлігі деп санаған Батыс елдерінің кеңестік кезеңдегі Түркістан мәселесін қандай дәрежеде білетіндігі мен түсінігі қажет-тұғын. Осы мақсатта Ыстамбұл, Париж, Берлин, Варшава, т.б. қалалардың тиісті мінбелерінде сөз сөйлеп, большевиктердің түркі халықтарына жасаған озбырлық саясатын барынша әшкерелеген баяндамалар жасады, түрлі басылымда мақалалар жариялады. Осы мақсатта 1924 жылдан 1933 жыл аралығында Лондонда алты-жеті рет болды. Корольдік Халықаралық қатынастар институтында жасаған баяндамасына институт кеңесінің төрағасы Н.Малькольм былайша алғыс білдіреді: «Құрметті Шоқаев мырза! Сіздің «КСРО және Қытай Түркістаны» атты тақырыпта жасаған баяндамаңыз үшін Корольдік Халықаралық қатынастар институты кеңесінің атынан алғысымды білдіремін. Институтқа көрсеткен қызметіңіз сіздің тарапыңыздан үлкен ізгілікті іс болды. Сөйлеген сөзіңізге тыңдағандар шын ықылас қойып, риза болды». Бұл институтта баяндама жасау құрметі кез келген шетелдік ғалымның пешенесіне жазыла бермеген еді, ол Мұстафа Шоқайдың халықаралық өмірдің сұңғыла сарапшысы ретінде танылуымен байланысты болды.
Мұстафа Шоқай елден жеткен материалдарға ғылыми тұрғыдан талдау жасап, баға беріп, кеңестану бағытын жаңа интеллектуалдық көкжиекке көтерді. Әлемге танылған тұлға шығармаларының он екі томдық толық жинағындағы мыңға тарта түрлі мақала мен мәтінде кеңестік жүйенің Түркістандағы ұлттық саясатын жан-жақты әрі барынша терең сынады.
Кеңестік шындықты Алаштың елдегі басшылары да білді, алайда қатаң цензура, жіті бақылау олардың ашық айтуына мүмкіндік берген жоқ, жазғандарын жергілікті басылымдарда жариялатпады. Ал әлдеқалай халқына деген сүйіспеншілікпен айтқан ой-пікірлері үшін жала жабылып, ақыры 1930 жылдары қайғылы жағдайға ұшырады.
Тәуелсіздік үшін күрестің қажеттілігін әлемдік деңгейде жариялап қана қоймай, Мұстафа Шоқай оған жетудің жолдары мен амалдарын саралады. Ол ең алдымен түркістандықтардың ішкі бірлігін нығайтуды аса маңызды іс деп санады. Сонымен қатар сұңғылы стратег, тамаша тактик ұлт жауының тым күшті екенін, сондықтан Түркістан ұлттық ұйымының бір міндеті басқа халықтардың ұлттық орталықтарымен тығыз байланыс жасау мәселесін қарастырды. Мұстафа «Алған бағытымыз айқын болсын» атты мақаласында: «Тек өз күшіміздің аздық ететіні көзге көрініп тұрған ақиқат. Сондықтан біз өзімізбен тағдырлас және өзіміз сияқты ұлттық тәуелсіздікке ұмтылып отырған халықтармен тізе қосып, күш біріктірудің жолдарын іздестіруіміз лазым» деп жазды. Осы мақсаттағы ізденіс Мұстафа Шоқайды Әзербайжан, Дон, Карелия, Грузия, Волга бойы, Қырым, Кубань, Солтүстiк Кавказ, Түркiстан, Украинаның және басқалардың өкiлдерi кiрген «Прометей» (Ресейдiң езгiсiндегi халықтар лигасы) халықаралық ұйымында қызмет етуге әкелді. Бұл ойлар ұлттық тәуелсіздікке ұмтылған барлық халықтың тізе қосып, күш біріктіруін қалаған, олардың ұлтын, дінін, нәсілін, партиясын тергеп-тектемейік, алаламайық, тек осындай жол ғана бізді ұлттық азаттыққа жеткізе алады деген тамаша идеядан туған еді. Шынына келгенде, бұл идея тәуелсіз елдер үшін де өміршең екендігін бүгінгі күн көрсетіп отыр.
Мұстафа Шоқайдың саяси-әлеуметтік болмысын оның жарық көрген барлығы үш жүздей хатты қамтыған эпистолярлық мұрасынсыз толық түсіну қиын. Бұл хаттар түгел емес. Олардың мазмұны біразының қолды болғанын, оған арнайы мекемелердің араласқанын байқатады. 100-ге тарта әртүрлі елдегі, әртүрлі ұлттың өкілдерімен, саяси қайраткерлерімен, ғалымдарымен қарым-қатынасының нәтижесіндей болған осы хаттар мазмұны Мұстафа Шоқайды эмиграциядағы мұсылман эмигранттарының көшбасшысы болғанын көрсетсе, мұны Әзербайжанның саяси қайраткері, «Прометей» ұйымы басшыларының бірі Мұстафа Векили (Мустафа-бек Надир-ага оглы Векилов) 1938 жылғы 17 мамырдағы хатындағы: «Біздің ұлттық күштерімізді біріктіру туралы мәселеде сіздің көмегіңіз бен қолдауыңызды күтемін. Себебі біздің ісімізге сіздің жаныңыздың ашитынын білемін» деген сөздер дәлелдеп тұр.
Жалынды публицист, тамаша тарихшы
Алаш ұлт азаттық қозғалысы жетекшілерінің кез келгеніне ерекше қайраткерлік қасиетпен бірге шығармашылық қуат та кем берілмеген. Медальдің екі жағындай ажырағысыз бұл дүние Мұстафа Шоқайға да тән. Ол 1921 жылдың мамырында Францияға жетіп, Парижде орналасқаннан соң берісі Түркістан, арысы бүкіл түркі халқының азаттығы мен тәуелсіздігі үшін күрес алаңын іздеді. Енді ойдың күшіне, қаламның ұшына сенді.
Өзінің журналистік жолын сонау Ташкентте 1917 жылдың маусымында шығып, бірақ бір жылдан соң 1918 жылдың сәуір айының ортасында жабылған «Бірлік туы» газетінің негізін қалауы әрі редакторы болудан бастауы, Түркістан өлкесі мұсылмандары ұлттық орталығының бастамасымен 1917 жылдың сәуір айынан бастап шыққан «Улуғ Түркістан» газетінің редакция алқасында болуы, басылымдардың жұмысына белсене араласуы Мұстафа Шоқайдың ұйымдастырушылық қабілетін, журналистік шеберлігін танытатын алғашқы қадамдар еді. Газет беттерінде түркі халықтарының бірлігі, жаңадан орнаған кеңес өкіметінің отаршылдық саясаты, жер, ұлт азаттығы мен бостандығы мәселелеріне байланысты бірнеше мақаласы жарық көрді. Егер «Бірлік туы» газетінің 1917 жылы 4 шілдедегі санында 1917 жылдың 1-12 мамыр аралығында өткен бүкіл Ресей мұсылмандары жиналысынан туған ойларын қорытқан болса, 1917 жылғы 8 қарашадағы осы газеттің №14 санында жарық көрген Міржақып Дулатұлымен екеуі қол қойған «Алаш ұранды қазаққа!» атты мақаласында Түркістан аймағындағы босқын қазақ-қырғыздардың жағдайына тоқталып, олардың мың-мыңдап қырылуы мен босқынға айналуы, халықтың топ-тобымен Қытайға көшкендігі туралы айтылды. Журналистік тәжірибе 1919 жылдың наурызы мен 1921 жылдың ақпаны аралығында Грузия демократиялық республикасында болғанда жетіле түсті. Жергілікті бірнеше басылымға белсенді қатысып, өзі де газет-журнал шығарып, осы уақытта 60-тай мақаласы жарық көрді. Ал Францияға жетіп, Парижде орналасқан соң қайсар қайраткер, жалынды публицист өзі сонау Петербургтен жақсы танитын кешегі Ресейдегі Уақытша үкіметтің басшылары, Париждегі эмигранттар А.Ф.Керенский мен П.Н.Милюковтың басылымдарына араласа бастайды. Осында 1925 жылға дейін жарияланған 150 мақаласынан хабардар болған кеңес көсемі И.В.Сталин 1925 жылдың 29 мамырында РК(б)П Қырғыз өлкелiк комитетiнiң Бюро мүшелерiне «ақгвардияшыл баспасөзге мәлім Шоқай» туралы арнайы хат жазғаны белгілі.
Түркістан ұлттық бірлігі ұйымының саяси белсенділігінің артуы Ыстамбұлдағы «Йени Түркістан» журналымен қатар Еуропада жаңа басылымды қажет етті. Оны ұйымдастыруға байланысты Польша мемлекеті өкілдерімен біраз жұмыс жүргізді. Мұны Мұстафа Шоқай хаттарынан байқауға болады. Сонымен қажырлы еңбектің нәтижесінде, 1929 жылдың желтоқсанында Берлинде «Яш Түркістан» («Уаs Тürkistan») журналының алғашқы саны жарық көрді. Мұстафа Шоқайдың шығармашылық жұмысына ерекше қарқын берген бұл журналда 1939 жылдың тамызына дейін 224 мақала жарық көрді. Бұл жарияланымдарда Ресей өкіметінің отарлау саясаты, осыдан туындаған проблемалар: 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс, 1917 жылғы Ақпан жəне Қазан төңкерістері, Алаш козғалысы, Түркістан мұхтарияты, басмашылар көтерілісі, т.б. ұлттық аймақтардағы озбыр да өрескел әрекеттер қатаң əшкереленді.
Мұстафа Шоқайдың эмиграциядағы ерекше жұмысының бірі Францияның ресми тілін жете меңгеруі-тұғын. Осы тілде 130-дан астам мақала жазды. 1924-1933 жылдары Ұлыбританияда оқылған баяндамаларын да осы тілде жасауы жайдан-жай емес.
Энциклопедиялық білімдар, тамаша тарихшы Мұстафа Шоқай шығармашылығының 1920 жылдардан бастау алып, ал 1930 жылдан кейін ерекше көңіл бөлген өзекті тақырыптарының бірі халықаралық мәселелер болды. Негізінен орыс, француз, ағылшын, неміс, поляк және түрік-шағатай тілдерінде жазылған 150-дей мақаласында Англия, АҚШ, Аустрия, Германия, Италия, Жапония, Қытай, Польша, Палестина, Франция, Чехославакия, Шығыс Түркістан, т.б. елдердің сыртқы саясатына, жалпы халықаралық өмірдің өзекті мәселелеріне, ел ішіндегі экономикалық дағдарысқа саяси сараптама жасалған. Оның Екінші дүниежүзілік соғыс алдындағы әлемдік саясатты жіті қадағалап отырғаны ерекше байқалады. Бір ескеретін нәрсе – халықаралық тақырыптың қайсысына қалам тартса да Мұстафа Шоқай туған елі, Түркістан өңірін әсте есінен шығармайды, бар мәселені осының маңына топтастырады. 1932 жылы жарық көрген «Қиыр Шығыста» атты мақаласында «Біз мейлі Қиыр Шығыста болсын, мейлі басқа бір жақта болсын, қашан да Ресейдің беделі түсіп, жеңіліске тап бола беруін күтеміз» деп жазуы тегіннен-тегін емес.
Кемел ой иесі
Мұстафа Шоқай Еуропаның нақ ортасы – Францияда түркі тектес эмигранттардың кемел көсемі ғана емес, түйінді сөздің шешені де болған еді. Ұлы тұлғаның кеңес өкіметінің ұлттық саясаты, Түркістанның азаттығы үшін күрес, тәуелсіздіктің мәні мен мазмұны, оған жетудің амалдары мен жолдары, ұлттық мемлекет құру, қоғамдағы саяси қайраткерлер мен зиялы қауымның орны, оларға қойылатын талап-тілектер, т.б. саяси-әлеуметтік мәселелерді сөз еткен ой-тұжырымы мен нақыл сөздері бұған нақты дәлел бола алады.
Мұстафа Шоқай «Большевизм – түрікшілдіктің жауы» атты мақаласында «Яш Түркістан» журналының оқушылары Мәскеудің Түркістандағы ұлттық саясатының қандай екенін жақсы білетінін ескерте келе былай деді: «Большевиктер атамекеніміз Түркістанда ұлтымыздың өзіне тән рухани әлемін суалтып, оның орнына орыс пролетариатының рухын орнатпақ болды». Осындай себептерден кеңес үкіметі тепкісіндегі халықтардың арасында толассыз бас көтеріп келе жатқан бір халық болса, ол – біздің түркістандықтар екеніне шүбә болмауы керектігін де атап көрсете отырып: «Оған себеп – Түркістандағы орыс большевиктерінің әдеттен тыс езуі мен қанауы, қатыгездігі болып отыр. Түркістан орыс большевиктерінің жекелеген саясатына ғана қарсы күресіп жатқан жоқ, «орыс пролетарлары билігінің» тұтас жүйесіне қарсы күресіп келеді» деді.
Кеңес өкіметі Түркістанда өздері құрған республикалардың түрі – ұлттық, мазмұны – пролетарлық десе, Түркістанның тәуелсіздігі үшін күрестің басты мақсатын Мұстафа Шоқай: «Ал біздің мұратымыз – Түркістанда түрі жағынан да, мазмұны ағынан да ұлттық болатын мемлекеттік құрылымға қол жеткізу болмақ. Сонда ғана халқымыз өз жерінің нағыз қожасы бола алады» деп айқындады.
Түркістанның ұлт-азаттығы қозғалысының стратегиясы мен тактикасын жан-жақты қарастырған Мұстафа Шоқай қолға тиген тәуелсіздікті тұғырлы етуге аса қажетті ұлттық қасиеттерді сақтай, оны дамыта білуге қатаң талаптар қойды. «Ұлттық рухсыз ұлт тәуелсiздiгi болуы мүмкiн бе? Тарих ондайды көрген жоқ та, бiлмейдi де. Ұлт азаттығы – ұлттық рухтың нәтижесi. Ал ұлттық рухтың өзi ұлт азаттығы мен тәуелсiздiгi аясында өсiп-дамиды, жемiс бередi» деп жазды. Мұнда қаншама ой, қаншама өсиет жатыр. Өкінішке орай, мыңдаған жылдар ата-бабамыз күш-жігерін, тіптен ғұмырларын да құрбан етіп, қол жеткізген Тәуелсіздікті күнделікті өмірде тиісінше қадірлей, қастерлей, мақтаныш ете алмай жүрген ұлттық рухсыз жандар бүгін ортамызда аз емес.
Ұлттық рух шынайы ұлтшылдық үдерісінде қалыптасатынын жақсы білген Мұстафа Шоқай халқымыздың мәдени және рухани саладағы жетістіктерінің барлығы ұлтшылдық қозғалысына тән деп есептеді. «Орыс тепкісіндегі Түркістанның ұлттық қозғалыстарынан. Жеңілмес ұлтшылдық» атты еңбегінде: «Халқымыздың мəдени жəне рухани жақтан қол жеткізген жетістіктерінің бəрі тек ұлтшылдық қозғалысына тəн. ...Қанқұмар коммунистер халқымызға хайуандық пен зұлымдық істей отырып, ұлтшылдық идеясынан баз кештіре алар ма? Егер кімде-кім бұл өлмес идеяны Мəскеудің күнде өзгеріп тұратын түсі сияқты деп білсе, сөзсіз қателескен болар еді. Ол – халқымыздың жаны мен жүрегі. Ұлтымыз өмір сүрсе, ол да бірге өмір сүреді» деді.
Бүкіл түркі жұртының ардақты перзенті сонау 1923 жылы тәуелсіздікке қол жеткізген туысқан Түркия елін үлгі тұтып: «Батыс білімін» «Шығыс рухымен» ұштастыру үстіндегі Түркия тәжірибесі біз үшін аса құнды. Біздіңше, дүние тарихында бұрын-соңды көтерілмеген жетістіктердің түпкі себептері – Түркия ұлттық күштерінің Еуропа тәрбиесін алған түрік зиялылары мен шығыс зерделі зиялылары түркі менталитетін (Mentalitet) сәтімен үйлестіре алуында жатыр».
Бұл ойлар бүгінгі күні біз үшін де маңызды. Батысқа көбірек көңіл бөліп, Шығысты қаға беріс қалдыру – толыққанды тірлік емес. Осы сәтте жүрегі елім, Түркістаным, сүйікті халқым деп соғып, тарихи, ұлттық ерекшеліктерімізді ескере отырып, Шығыс пен Батыстың білім-ілімін қос қанат еткен Мұстафа Шоқай әлем айдынына еркін жүзді. Ал 1936 жылы Берлин радиосынан Түркістан жастарына арнаған сөзінде: «Түркістан үшін өлу, Түркістан үшін жан беру – бәрімізге бір мақсат, бір мухаббат уәзифа болмақ. Мұны ұмытпау керек» деген сөздер мәңгілік ұстаным болып қалды.
Тәуелсіз ұлттық мемлекеттіліктің жалынды жаршысы және тамаша ұлттық идеялардың иесі, энциклопедиялық білімдар Мұстафа Шоқайдың асқақ арманы орындалды. Алайда осы кезге дейін Мұстафа Шоқайдың бірнеше тілде жазылған 700-ден астам еңбегі әлі өз елінің мемлекеттік тіліне аударылған жоқ. Артында қалған осындай әлі де зерттей, игере түсуді қажет ететін мәңгі өлмейтін идеялары мен ой-пікірлері Қазақстанымыздың бүгінін байытып, келешегін кемелдендіре түсеріне игі ықпал етері сөзсіз.
Әбдіжәлел Бәкір,
саяси ғылымдар докторы, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры, Мұстафа Шоқай ғылыми орталығының жетекшісі