Аймақтар • 23 Қаңтар, 2023

Жүргізушілерге сес болатын «Сергек»

304 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Тараз қаласында «Сергек» аппараттық бағдарламалық кешені қосылатыны туралы ақпарат өткен жылы тарап үлгерген еді. Бейнебақылау жүйесінің нақты қашан іске қосылатыны туралы ел арасында сан түрлі қауесет те жүрді. Халық «Сергекті» алаңдай күткен еді...

Жүргізушілерге сес болатын «Сергек»

Сөйткен «Сергек» Тараз қаласында 16 қаңтар күні рес­ми түрде іске қосылды. Аппа­раттық бағдарламалық кешен іске қосылған алғашқы күн­нің өзінде қазынаға 2 млн теңге түсірген.

Еліміздегі айлық табысы аз қаланың тұрғындары қалтаға қол салған, қол салғанда мол салған бейнебақылау жүйесі жүйкемізді жұқартты дегенді алға тартып отыр. Ал полиция департаментіндегі жауапты мамандардың жұрт назына қатысты өз айтары бар.

«Облыстық полиция де­пар­таменті тесттiк режімнiң аяқталуына байланысты 2023 жылдың 16 қаңтарынан бастап облыс орталығында «Сергек» қоғамдық және жол қауіпсіздігі жүйесі іске қосылғанын хабарлайды. Бүгінде 48 аппараттық бағдарламалық кешен (35-і – желілік учаскеде және 13-і – қиылыстарда) қаланың жол қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Жүйе жылдамдықты асыру, бағдаршамның тыйым салған белгісіне өтіп кету, жол белгілерiн сақтамау (тоқтау сызығын басу, қиылыстың алдында дұрыс орын ауыстырмау, тыйым салынған жерде тоқтау және тұрақтау) се­кіл­ді жол ережелерінің бұзы­луын тіркейді. Тәжірибе көрсеткендей, жол-көлік апаттары көбінесе жүргізушілердің жылдамдықты шамадан тыс асыру, бағдар­шамға тоқтамау, жол қиылы­сынан дұрыс өтпеу салдары­нан болады. Осы орайда «Сергек» интеллектуалды қоғамдық жә­не жол қауіпсіздігі жүйесі авто­көлік апаты салдарынан жарақат алу және өлім көрсет­кіштерін азайтуға, апаттарды алдын алатын негізгі жол ережелерін сақтауға көзделген жүйе екенін атап өткен жөн», дейді облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының өкілі Нұрсұлтан Әлішев.

Астанада жоба іске қо­сыл­ған бірінші жылдың өзін­де жол-көлік оқиғасынан қаза болғандар саны 43%-ға дейін азайған екен. Алматыда 2019-2022 жылдары қайтыс болған­дар саны екі есеге төмен­деген. Шымкентте де жағдай өзгерген.

«Жүйені орнатудағы басты мақсат – Тараз қаласындағы қауіпсіздікті күшейту. Бұл авто­көлік жүргізушілердің санасын өзгертіп, көлік жүргізу мә­дениетін қалыптастыруға ықпал етеді», дейді Нұрсұлтан Әлішев.

Әкімшілік полиция бөлім басшысы Н.Әлішевтің айтуынша, жол қозғалысы ере­же­лерін бұзу деректерін тір­кеу автоматтық режімде жүр­гізіліп, бұл мәлі­меттер по­ли­ция қызметкері тек­серген­­­нен кейін құқық бұ­зу­­­шы­­ға жібе­ріледі. «Барлық ере­­же бұзу жағдайлары Бас прокура­ту­ра­ның құқықтық статис­ти­ка және арнайы есепке алу комитетінің әкімшілік өндірістердің бірың­ғай тізілі­мінде автоматты түрде тіркеледі. Хаттамаларды ЭЦҚ көмегімен erap-public.kgp.kz және egov.kz сайттарынан, сондай-ақ Каспи банк­тің мобильді қосым­шасын­дағы мемлекеттік қыз­меттер бөлімінде жүктеуге болады. Ал егер қала тұрғыны аппа­рат­тық-бағдарламалық ке­шен­­де тіркелген құқық бұзу­шы­лықтармен келіспесе, нұс­қа­мада көрсетілген телефон нө­міріне қоңырау шалады», дей­ді Н.Әлішев.

Әйткенмен, аппараттық бағ­дарламалық кешеннің қосыл­ғанына наразылар да аз емес. Олар жергілікті халықтың табы­сының аздығын алға тартып, айыппұл төлеудің қиындығын айтып отыр. Айтуларынша, әлеуметтік теңсіздік онсыз да қос бүйірден қысқан шақта «Сергектен» келген айыппұлды төлеу оңайға соқпайды.

«Қалада «Сергек» аппарат­тық кешенін әр жерге бір орналастырып жатыр. Жамбыл халқының басым бөлігі 60-80 мың теңге көлемінде ғана жа­ла­қы алады. Соған қарамастан табысымыз Астанадағыдай деп ойлап, аталған бақылау жүйесін қосып жатыр. Кешен арқылы бір тәулікте 2 млн тең­ге айыппұл жиналыпты. Қала­да такси болып әупірімдеп нәпақа тауып, күнін әрең көріп жүр­гендер бар. Олар қалай айыппұл төлемек?» дейді Тараз қаласының тұрғыны Күмісбек Оңлабаев өз ойымен бөлісіп.

Жергілікті көлік жүргізу­ші­лер ауыл-аймақтан келетін туыстары қаланы дұрыс біл­мейтіндіктен «Сергек» аппа­раттық бағдарламалық кеше­нін әлі талай уақыт бойы айып­пұлмен жарылқайтынын айтып күйініп отыр. Әйткенмен, бейнебақылау жүйесі ресми түрде іске қосылды. Енді көлік жүргізушілер сауысқандай сақ болмаса, айыппұл төлегені тө­леген. Өйткені қаланың 48 же­рінде орналасқан бейне­бақылау жүйесі әрбір заңсыз­дықты қалт жібермейді.

 

Жамбыл облысы