Экология • 23 Қаңтар, 2023

Қоқыс сұрыптайтын құрылғы

269 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгінгі дамыған заманда өнерта­быс әлеміндегі жаңалықтар таң­ғал­дырып жатады. Сондай тың дүниелерді ойлап тапқандардың қатарында қазақтың да аты аталса, қуанып қаламыз. Жақында Amanzholov University магистранты автоматтандырылған қоқыс сұрыптау кешенін жасап шығарды.

Қоқыс сұрыптайтын құрылғы

Жоба бойынша кешен күн мен жел энергиясынан және жаңбырдан қуат алады. Оған қоса арнайы QR-код орнатылады. Бұл құрылғыны аталған университетте «Информатика» мамандығы бойынша білім алып жүрген Дәулетбек Ағзам қытайлық жоба негізінде жасап шығарды. Оның айтуынша, тұрғындар қоқысты жай ғана тастамай, ол үшін ақша да алады. Яғни әр қоқыстың материалы, салмағына байланысты есепшотқа қаржы түседі. QR-код қоқыс тастаушыға төлем қызметін атқарады. Осылайша пайда табу арқылы азаматтардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру – жобаның бір мақсаты.

Магистранттың жобасы Өскемен қалалық әкімдігі ұсынған «Таза қала» жобасынан өзгеше. Дәулетбек Ағзам тамақ қалдықтары салынатын контейнерге арнайы желдету жүйесі бар салқындатқыш орнатып, жағымсыз иістің ауаға таралуының алдын алады. Жас өнертапқыш бұл жобасын бұдан әрі дамыту үшін Қытайға баруды жоспарлап отыр. Тек жергілікті атқарушы органдардың қолдауы қажет.

Дәулетбектің бұл жобасы Түркиядағы EXPO халықаралық STEM-фестивалінде көпшілік назарына ұсынылып, салалық нарық сарапшыларынан жоғары баға ал­ған еді.