Үкімет • 24 Қаңтар, 2023

Әлихан Смайылов Саха Республикасының басшысымен кездесті

154 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Премьер-министр Әлихан Смайылов пен Саха Республикасының (Якутия) басшысы Айсен Николаев сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту, инвестициялар тарту және мәдени-гуманитарлық саладағы өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Әлихан Смайылов Саха Республикасының басшысымен кездесті

Әлихан Смайылов Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту шеңберінде маңызды міндеттердің бірі өзара сауда көлемін ұлғайту болып табылатынын атап өтті.  2022 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша елдер арасындағы тауар айналымы $24 млрд-ты құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7%-ға артық. Премьер-министрдің айтуынша, мұндай қарқынмен алдағы жылдары бұл көрсеткішті $30 млрд-қа дейін жеткізуге мүмкіндік бар. 

Бұл ретте ол Якутиямен өзара тауар тасымалын ұлғайту бағытының әлеуеті зор екенін атап өтті. 2022 жылғы қаңтар-қарашада тауар айналымы шамамен $80 млн-ды құрады, бұл – өткен жылғы көрсеткіштен он есе жоғары.

Сондай-ақ Премьер-министр екіжақты қарым-қатынастың маңызды бөлігі мәдени-гуманитарлық саладағы, атап айтқанда кинематографиядағы өзара іс-қимыл екенін айтты.

«Түркі халықтарының түп-төркіні  мен қалыптасуы туралы бірлескен тарихи жоба дайындауға болады. Мұндай имидждік жобаны іске асыру қоғамның тарапынан Еуразияның көшпелі халықтарының мәдениеті мен тіліне және төл мұрасына деген қызығушылықтарын арттыруға мүмкіндік береді»,  деді ол.

Өз кезегінде Айсен Николаев цифрлық технологиялар саласында, сондай-ақ экономиканың түрлі бағыттарында  жаңа инвестициялық жобаларды іске асырудың мүмкіндігі жоғары екенін айтты.