Турнирдің ресми ашылу салтанатына Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов және Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының президенті Даниал Ахметов қатысып, сайысқа түсетін спортшыларға сәттілік тіледі.
«Бұл жарыстың өзге турнирлерге қарағанда жөні бөлек. Өйткені Халықаралық жеңіл атлетика федерациясы жабық кешендегі додалардың беделін арттыру мақсатында 2016 жылы «Гауһар лигасының» негізінде осы жарысты ұйымдастыруды қолға алған болатын. Содан бері үздіксіз өткізіліп келеді. Міне, жеті жылдан кейін халықаралық федерация осы жарыстың бір кезеңін өткізуді Қазақстан астанасына сеніп тапсырды. Биылғы «Astana Silver Grand Prix Meeting» турнирінде әлемнің әр қиырынан келген 15 елдің спортшысы бақ сынау мүмкіндігіне ие болды. Жарысқа қатысушы спортшылардың бәріне сәттілік тілеймін», деді федерация президенті Даниал Ахметов.
Астанадағы «Qazaqstan» спорт кешенінде өткен дүбірлі додада спортшылар жеңіл атлетиканың 10 түрінен өзара мықтыны анықтады.
Байрақты бәсекенің шымылдығы ерлер арасында 60 метрге кедергілер арқылы жүгіру сайысымен түрілді. Бұл сында Куба өкілі Роджерс Ирибарнның бағы жанды. Ол аталған қашықтықты небәрі 7.62 секундта жүгіріп өтті. Ирибарннан үш миллисекундқа қалып қойған отандасымыз Давид Ефремов (7.65) күміс жүлдені қанағат тұтты. Давид осы жарыстың іріктеу кезеңінде 7.62 секунд нәтижесімен Қазақстан рекордын жаңартқан болатын. Бірақ ресми жүгіруде ол өз нәтижесін қайталай алмады.
Ал дәл осы қашықтықта еркін жүгіру сайысында мәреге америкалық Майкл Роджерс (6.64) пен Демек Кемп (6.65) іркес-тіркес жетті. Үздік үштікті Португалия өкілі Фредерико Курвело (6.75) қорытындылады.
400 метрге жүгіруде 2019 жылғы Азия чемпионатының қола жүлдегері, бірнеше дүркін Қазақстан біріншілігінің жеңімпазы Михаил Литвин (46.41) алдына жан салмады. Екінші орынды тағы бір отандасымыз Андрей Соколов (46.74) иеленсе, бразилиялық Александр Руссо (47.70) мәре сызығын үшінші болып кесті.
800 метрге жарыста Хорватия желаяғы Марино Блудек 1 минут 48 секунд нәтижесімен дара шықты. Кения өкілі Николас Киплангатке (1:48.31) күміс, Словения спортшысы Жан Вуковичке (1:48.72) қола жүлде бұйырды. 1500 метр қашықтықтың алтын жүлдесі кениялық атлет Джаринтер Мвасьяге (4:14.26) бұйырды. Күміс пен қола медаль эфиопиялық Хирут Мешеша (4:14.40) мен португалиялық Камила Гоместің (4:26.63) еншісінде кетті.
3000 метрде Эфиопия өкілі Али Абдилман (7:52.43) жеңімпаз атанса, Ұлыбритания өкілі Александр Джордж (8:07.55) пен Қазақстан спортшысы Алексей Гусаров (8:27.10) мәреге екінші және үшінші жетті.
Әйелдер арасындағы бәсекелер де аса тартысты өтті. Мәселен, 60 метрге жүгіру сайысында Азия ойындарының жеңімпазы Ольга Сафронова (7.30) Португалия өкілі Ариалис Гандуллаға (7.18) есе жіберіп, күміс жүлдені қанағат тұтты. Үшінші орынға аустралиялық Магдалена Линдер (7.43) жайғасты. Ұзындыққа секіруде Өзбекстан спортшысы Дарья Резниченкоға тең келер спортшы табылмады. Ол 6.32 метр нәтижемен топ жарды. Қазақстанның даңқты спортшысы, Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакованың қызы Анастасия Рыпакова 5.89 метрмен екінші, тағы бір жерлесіміз Алина Чистякова (5.84) жүлделі үшінші орынға жайғасты.
Турнирдің ең тартысты бәсекесі әйелдер арасында биіктікке секіру сайысында өтті. Нәтижесінде, жүлделі үш орынды да жерлестеріміз олжалады. Надежда Дубовицкая 1.93 метрмен алтын тұғырдан көрінсе, Надеждадан төрт сантиметр қалып қойған Кристина Овчинникова (1.89) мен Елизавета Матвеева (1.89) екінші және үшінші орындарды өзара бөлісті.
400 метр қашықтықтың үш жүлдесін де Қазақстан спортшылары иеленді. Элина Михина (55.14) – бірінші, Александра Залюбовская (55.28) – екінші, ал Кристина Кондрашова (55.87) үшінші орыннан көрінді.