Спорт • 25 Қаңтар, 2023

GGG кіммен жұдырықтасуы мүмкін?

193 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Былтырғы қыркүйек айында мексикалық Сауль Альварестен ұпай санымен ұтылғаннан кейін Қазақстанның атақты кәсіпқой боксшысы Геннадий Головкин шаршы алаңға шыққан жоқ. Сол аралықта бірнеше гүрзі жұдырықты жігіттер оны жекпе-жекке шақырды. Өйткені, «Канелодан» жеңілгенімен, орта салмақтағы WBA men IBF секілді белді нұсқалардың чемпионық белбеуі әлі дежерлесімізге тиесілі. Солардың бірі Крис Юбенк еді.

GGG кіммен жұдырықтасуы мүмкін?

33 жастағы Ұлыбританияның Шығыс Суссекс өңірінің тумасы 2011 жылдан бері кәсіпқой рингте күш сынасып жүр. Сол аралықта 35 кездесу өткізіп, 32 рет жеңіске жетті. 23 қарсыласын нокаутқа жіберді. 2017-2020 жылдар аралығында Юбенк екінші орта салмақта IBF нұсқасының алтын белбеуін иеленіп, WBA-ның уақытша чемпионы атанды. Бұған дейін ол Билли Джо Сондерс (2014 жылы) пен Джордж Гроувзден (2018 жылы) ұпай санымен ғана ұтылған еді. Тағы бір бәсекеде тең есеп тіркелді. Кейингі алты жекпе-жегін Крис жеңіспен аяқтады. Сол аралықта Джей-Джей Макдонах, Джеймс Дигейл, Матвей Коробов, Маркус Моррисон, Ваник Авдиян және Лиам Уильямс сынды саңлақтарды сан соқтырды. Міне, сол кездері Юбенк ГГГ-ды қайта-қайта жекпе-жекке шақырып, әлек болған еді.

Бірақ бұл бәсекенің енді өтпейтіні анық. Себебі жуырда ғана Крис Юбенк өзінің отандасы Лиам Смиттен ойсырай ұтылды. Ұлыбританияның Манчестер қаласында өткен бұл бәсеке төртінші раунда техникилық нокаутпен аяқталды. Енді Головкиннің Смитпен күш сынсуы әбден мүмкін. Өйткені 34 жастағы Ливерпульдің тумасы қазір бабында. Кәсіпқой боксты серік еткен 15 жыл аралығында ол 37 мәрте жекпе-жекке шығып, 33 рет мерейі үстем болды. 20 бәсекелесін айқын басымдықпен ұтты. Лиам тек Сауль Альварес (2016), Хайме Мунгия (2018) және Магомед Курбановқа (2021) есе жіберді. Ал қалған қарсыластарын «қалпақпен ұрып алды» десек те болады.

Осылай тізбектейтін болсақ, америкалық Джермалл Чарло, кубалық Эрисланди Лара, до­миникандық Карлос Адамес және мексикалық Хайме Мунгия да GGG-мен қолғап түйістіруге даяр екенін аңғару қиын емес. Олардың барлығы да мықты бокс­шылар. Мәселен, 32 жастағы Чарло WBC нұсқасының алтын белбеуінің иегері. Жасы 40-қа таяп қалған Лара мен 28 жастағы доминикандық Карлос Адамес уақытша чемпиондық атақтарды иеленуде. Ал 26 жастағы Мун­гия 41 жекпе-жектің бір­де-біреуінде жеңілістің кермек дәмін татқан емес. Сол бәсе­келердің 33-інде ол қар­сыластарын ұрып жықты.

Әрине, Геннадий Головкиннің олардың ешқайсысынан қаймықпайтыны анық. Десек те ониң да дәуірі өтіп бара жатқанын мойындамасқа лаж жоқ. Биыл көктемде 41 жасқа толғалы отырған отандасымыз алдағы уақытта жақсы екі-үш жекпе-жек өткізіп, жарқын жеңістерімен өз жерлестерін қуантса деген тілегіміз бар. Кезінде «Әкем – орыс, шешем – кәріс, ал мен – қазақпын!» деп жер-жаһанға жар салған Генаға барша қазақ жанкүйерінің сый-құрметі ерекше және алғысы шексіз. Бір сөзбен айтсақ, ГГГ-дың есімі Қазақстанның кәсіпқой боксын жаңа деңгейге көтерген азамат ретінде тарихта қалатыны сөзсіз.