Аймақтар • 25 Қаңтар, 2023

Еріктінің ерлігі

256 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Талдықорған тұрғыны өз еркімен сұрыптап, бөлектеп жинаған тұрмыстық қатты қалдықтардың кәдеге асыратындарын қабылдаушыларға өткізіп, одан түскен ақшаны қайырымдылық қорларына аударады. Ол осылайша қоқысты сұрыптап, қайта өңдеу арқылы экологияның тазалығына үлес қосып қана қоймай, көмекке мұқтаж жандарға жәрдемдесіп, алғыс арқалауда.

Еріктінің ерлігі

Талдықорғандық экоерікті Ғазиз Аманжолұлы облыс орталығындағы ғана емес, өңірдегі игі істердің, қайырымды қадамдардың, мәдени шаралардың бел ортасынан көрініп, үнемі белсенділігімен ерекшеленіп жүреді. Және ондай істерін жарнамалауға да құштар емес. Содан да болар Ғазиздің өз үйінен шығатын тұр­мыс­тық қалдықтарды сұрыптап, бө­лек­теп жинап, қағаз, целлофан, пластик, металл сынды қайта өңдеуге келетін­дерін арнайы мекемелерге өткізіп келе жатқанына 2 жыл болғанын жұрт енді біліп жатыр.

Экоеріктінің айтуынша, сұрыпталған қоқыстан соңғы іріктелген шикізатты қабылдап алушы компанияларға өткізіп, түскен қаржыны қайырымдылық қорла­рына аударады. Олардың арасында талай жанға үй тарту еткен «Харекет» қоры да бар.

«Менің бұл бастамам бір оқпен бірнеше қоянды атқандай пайдалы. Үйден шыққан қағаз, металл, пластик, целлофан сияқты қайта өңдеуге жарайтын қалдықтарды сұрыптап, бөшкелер толған кезде арнайы мекемелерден қабылдаушыларға хабарласамын. Олар келіп, жиналған қалдықтарды өлшеп, менен сатып алады. Ал түскен қаржыны бірден қайырым­ды­лық қорларына жіберемін. Әр келгенде орташа есеппен 2000-3000 тең­геге қалдық өткіземін. Әкем жолаушы та­сымалдайтындықтан, күнделікті көлігінде жолау­шылардан қалған 5-6 пластик бөтелкені әкеліп береді. Сондықтан плас­тикке арналған бөшке тез толады. Сонымен қатар ден­саулыққа қауіпті саналатын жарық бер­гіш шамдар мен батареяларды да бө­лек сұрыптап, арнайы контейнерлерге тастаймын. Қағаздар бір бөлек, цел­лофандар бір бөлек дегендей. Осы ісім арқылы экологияға да өз үлесімді қосамын, қайырымдылықты да назарымда ұстаймын», деген Ғазиз барша азаматтарды осындай сауапты әрі пайдалы іске шақырады.

Жалпы, барлығымыз білетіндей, таби­ғаттың қоқыспен ластануы біздің елдегі ғана емес, бүкіл әлемдегі басты про­б­ле­­маның біріне айналып отыр. Дүние жүзіндегі мемлекеттердің аумақтарына, тіпті айдын-шалқар теңіздер мен мұхит­тарға, асқар таулар мен ормандарға орны толмас зардап тигізуде. Жанған қоқыс­тардан улы химикаттар бөлініп, ауаны бүлдіріп, жаны барлардың тірлігіне қауіп төндіре бастады.

Өкінішке қарай соның бәрін күн­делікті көріп, естіп, оқып жүрген адамдар қоқысты сұрыптау мәдениетін дамыту арқылы табиғатты қорғап, қоршаған ортаны сақтап қалатынымызды естен жиі шығарып алады. Сондықтан талдықор­ғандық экоеріктінің қайырымды әрі қайыр­лы қадамын бүкіл ел болып құптаған жөн. «Таза болса табиғат – аман болса адам­зат» дегенді жадыда ұстап, қоршаған ортаны қорғайық!

 

Жетісу облысы