– Ләззат, сіз «Қазақ аруы – 2011» байқауының жеңімпазы атандыңыз. Осы атақ өмір жолыңызда сізге қандай мүмкіндіктер берді?
– 2008 жылы 20 жастан енді асқан шағымда, яғни 3-курста оқып жүргенде Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрға келдім. 2011 жылы «Қазақ аруы» атандым. Рас, конкурс нәтижесі белгілі болғаннан кейін продюсерлік орталықтардан, телеарналардан ұсыныстар түсті. Жоғары оқу орнының қабырғасында жүрген кезде Есмұхан Обаевтың шеберханасында тәлім алдым. Ұстазым маған «негізгі жұмысың театр, кино саласында болсын» дегенді жиі айтатын. Менің сахнадан алыстап кетпеуіме ұстазымның осы сөзі әсер етті.
– Көрерменнің театрға деген ықыласына көңіліңіз тола ма?
– Қазір қоғамда театрға бару мәдениеті қалыптасқан. Көрермен залының жартылай бос тұрған кездерін біз көрген жоқпыз. Билеттер алдын ала сатылып кетіп жатады. Бұған қоғамның театрға деген көзқарасының өзгеруі ғана емес, театр басшылығының заманның талабына сай бейімделе жұмыс істеуі, өзгеруі, қойылымдарды сұранысқа қарай реттеп отыруы да себеп болған шығар. Қазір театр репертуарынан 20-30 жыл бойы сахнадан түспей келе жатқан қойылымдарды көрмейсіз. Бұл кешегі Әуезовтер қалдырған рухани құндылықтардан бас тарту емес, драматургияның жаңа толқынына мүмкіндік берілгенін білдірсе керек. Ертеректе театрда жас сұлудың рөлін шау тартып қалған әйелдердің, жас жігіттердің рөлін самай шашын қырау шалып қалған жігіт ағаларының ойнауы қалыпты құбылыс дегенді жиі еститінбіз. Ал қазір кез келген рөл актрисаның жасына қарап беріледі. Содан кейін, театрға жұмысқа қабылдар кезде әртістердің актерлік қабілетіне ғана емес, ән-биге деген бейімділігіне де басымдық беретінін байқап жүрмін. Себебі жан-жағымызда жан-жақты, барлық жағынан жанып тұрған таланттар көп. Біздің өзіміз отызды орталап, орта буын сапына беттеп барамыз. Ал бізден кейінгі толқын өз қатарынан оқ бойы озып тұрған жастар.
– Жақында жазушы-драматург Дулат Исабеков пен режиссер Алма Кәкішеваның «Жүзжылдық махаббатында» Мағжан ақынның музасы болған Зылиха рөлін сомдадыңыз...
– «Жүзжылдық махаббат» ақынның жары, жүзжылдық азап арқалаған Зылиханың Мағжанмен өткен және Мағжансыз өткен өмірі, екеуінің ешкімге ұқсамайтын махаббаты мен жан азабы кешегі мен бүгіннің көзқарасы тұрғысынан қозғалады. Мен бұл рөлге дайындықсыз келген жоқпын. Талантты актриса Дария Жүсіппен серіктес болып ойнадым. Дария Зылиханың кейінгі жылдарғы өмірін сомдаса, мен жас Зылиханың рөлінде ойнадым. Жалпы, Дария Жүсіппен, Еркебұлан Дайыровпен қатар ойнау кішігірім мектеп. Дария әпкеміз сахнадағы серігін қасын керіп, көзінің қиығымен қамшылап қойса, Еркебұлан спектакль жүріп жатқан кезде ретін тауып дем беріп отырады.
Басшылық Зылиха рөлін маған бекіткен кезде қатты толқыдым. Бұл айтпақшы, театр репертуарында болмаған жаңа дүние. Одан бөлек, Зылиха апамыз 1991 жылы қайтыс болды. Оның көзін көргендер арамызда бар. Мағжан поэзия тілімен Зылиханың бейнесін өшпестей етіп таңбалап қойған. Дайындық барысында Мағжан ақынның поэзиясынан Зылиха апамыздың көпке белгісіз қырын іздеуге, оны бойыма сіңіруге талпындым. Қалай болып шыққанын патша көңілді көрермен біледі.
– Мағжан мен Зылиханың театрдағы өмірі енді басталды. Бұдан кейін Зылиха апамыздың бейнесін сомдайтындар сізге қарап «бой түзеуі» мүмкін деп ойлайсыз ба?
– Зылиханың бейнесін үлкен сахнада сомдап, кейінгі буынға ізашар болу менің маңдайыма жазылыпты. Кейін кинодағы немесе операдағы Зылихадан өзім сомдап кеткен бейненің бір ұшқынын байқасам, бұл мен үшін жетістік.
Операдағы Бекежан, кинодағы Бекежан, театрдағы Бекежанның рөлін алып қараңызшы. Өмірде болған адам, көрермен де оны сол мінезімен қабылдап алған. Құрманбек ағамыздың операдағы Бекежанын да, Асанәлі ағамыздың кинодағы Бекежанын да көрермен өз болмысымен қабылдады. Мен де өзімнің Зылихамды жүрегімнің сүзгісінен өткеріп қалыптастырдым.
Осыған дейін театр әртісінің киноға баруы құбылыс болып саналды. Кинода ойнағысы келіп талпынғандар көп. Екеуінің аражігін білдірмеу актердің шеберлігіне байланысты. Кинода жарқылдаған Асанәлі Әшімов немесе Әнуар Молдабеков ағамызды кино мен театрдың телқоңыры деп бағалауға болады.
Ал қазіргі біздің буынның арасында қазақ киносында Тұңғышбай Жаманқұлов ағамыздан кейін хандар бейнесін қалыптастырған Еркебұлан Дайыров Чеховтің «Сүйікті менің ағатайым» спектакліндегі Ваняның рөлін Әнуар Молдабековтен кейін керемет сомдап шықты. Ваня ағай болып жарқылдап сахнаға шыққан кезде осыған дейін осы рөлді сахналаған Әнуарды ұмыта алмай жүрген қауым көзіне жас алып, ризашылығын білдірді.
Кино мен театр екі жағалауда бір-біріне қол созып тұрған құбылыс. Сырт көз бірдей деп қабылдағанмен арасы жер мен көктей, екеуі де ерен еңбекті, шынайылықты талап етеді. Кинода аз-кем тәжірибем болғанмен пікір айтатын деңгейге жеткен жоқпын. Ал екі сағаттық спектакльде ойнап шығу – жанды дауыста концерт қойғанмен бірдей. Мәтін жаттау мен оны образыңның жан дүниесімен үйлестіруге дейінгі кезеңнің өзі үлкен мектеп. Бұл сынақтан жаратылысынан әртіс болып туғандар ғана сүрінбей өте алады. Театрда таланттылар өте көп. Сәл қалғып кетсең, су түбіне шөгіп кетуің мүмкін. Көрермен үшін де, актер үшін де кез келген спектакльдің алғашқы премьерасының жүгі ауыр, рухы бөлек. Алғашқы премьера рөлге жан-тәнімен енуге мүмкіндік бермейді. Маған кейде спектакль көпқырлы асыл тасқа ұқсайды. Ол уақыт өткен сайын, қырланған сайын жарқырай береді. Алғашқы қойылым кезінде соншалықты жарқырап ашылмаған актерді сіз кейінгі қойылымда мүлдем танымай қалуыңыз мүмкін. Кейде рөлдің табиғатын бойыңа сіңіруге үш ай дайындықтың өзі аз сияқты. Рөлдің табиғатын жүрегің қабылдаған кезде ол бар болмысымен жарқырап көрінеді.
– Сіздің жанарыңыз, келбетіңіз, жылы жүзіңіз жаны жұмсақ, әдемі келіншектерді сомдауға, драмаға жақын. Бірақ әрбір актрисаның ішінде бір «жынды» кейіпкер жатуы керектігін, олай болмаса тұйықталып, тар шеңберден шыға алмай қалатынын сарапшылардың бәрі айтады.
– Мен де бұл пікірді қолдаймын. Кейде көрермен актерді өз қалауының шекпенінен шығарғысы келмей, тұншықтырып тастайды. Сол сияқты халықтың махаббаты, ықыласы тар шеңберде тұншықтырып тастауы да мүмкін. Біздің театрда актердің әр қырынан ашылуына барлық мүмкіндік қарастырылған. Былтырғы қараша айының алғашқы онкүндігінде «Жүзжылдық махаббатта» Мағжан ақынның жүрегін жаулап алған Зылиха болып шықсам, арада ай өтпей Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Иран-Ғайып пен КСРО Мемлекеттік, Литва ұлттық сыйлығының лауреаты, прфессор Йонас Вейткустың тандемындағы «Қорқыттың көрінде» Ажал-Жаналғыш-Қызыл қанат Әзірейіл болдым. Ажал-Әзірейіл тым жағымсыз рөл емес. Ажалдың 100 аты бар. Ажал адаммен әртүрлі бейнеде бетпе-бет келеді, тіпті ауруханада жатқанда мейірбике болып сырласып отырып, көшеде келе жатқанда өзіңе белгісіз көліктің нөмірі болып-ақ жанын алып кетуі мүмкін ғой.
Ал менің кейіпкерім пендені жарық дүниеден тылсым әлемге шығарып салушы күш қана. Тек оған жан алғыш Әзірейіл деп ат берген өзіміз ғана. Қорқыт Тоныкөк пен ислам өркениетіне тәу еткен Ясауи аралығындағы рухани кеңістікті ұластырып тұрған біртуар кемеңгер. «Адам артында қалған игі істерімен мың жасайды» деген секілді ұғым-нақылдарды бала жастан естіп өскен менің табиғатым кейіпкерімді жатсынған жоқ. Қысқасы сахнадағы мен қабылдаған туынды Ажал-Жаналғыш-Қызыл қанат Әзірейіл тәні көкке ұшып кеткен пенденің рухын екінші әлеммен табыстыратын алтын көпір деп қабылдаған кезде кейіпкерім қабағын ашқандай болды.
Т.Нұрмағамбетов пен О.Кенебаев тандемындағы «Қожанасыр тірі екен», Зылиха образы менің сахнадағы ең алғашқы рөлдерімнің бірі десе де болады. Өнер әлеміндегі үлкенді-кішілі жетістіктеріме тап осы рөлім себеп болды деп ойлаймын. Әлі ЖОО қабырғасынан шықпаған студенттің Қожанасырдың екінші әйелі болып ойнауы біраз адамдардың назарын аударған сияқты. Себебі осыған дейін драмалық жанрда көрінген менің Қожанасырдың ерке, мінезді екінші жары болып, сахнаға жұлқынып билеп шыға келгенімде басқа түгілі, басты сыншым анам да қабылдай алмай қалған.
Көп адам комедиялық жанр деп қабылдаған «Қожанасыр тірі екен де» қазақтың өзіне ұқсаған моп-момақан қоңыр мұңы жатыр. Бала күнімде әжем «қоңыр қозым» деп еркелететін. Қазір анам да немерелерін «қоңыр қозым» дейді. Кейде кинода, театрда комедиялық жанр деп танылған кейіпкерлердің жан дүниесіне тереңірек үңілсең, ар жағынан қазақ табиғатының өзіне тәтті мұңының қоңыр үні естіліп тұрады. Сондықтан қазақ драмасына көңіл күйімізбен үндесіп тұратын, тәтті мұңы бар кейіпкерлер жақын қабылданатынын жиі байқап жүрмін.
– Енді кино туралы. Жоғарыда кино жайлы пікір айтатын деңгейге жеткен жоқпын десеңіз де, сіз басты кейіпкерлері болған сериалдарды көріп шықтым. Дамир Манабаевтың «Лотерея» сериалындағы сіз сомдаған Сәлима мен режиссер Айгүл Ақсамбиеваның «Әулет ары» картинасындағы басты кейіпкер Дананың арасы жер мен көктей...
– «Лотерея» мен «Әулет ары» сериалының жарыққа шығуының арасы бес-алты жыл. Ал киноиндустрия бір орында тұрмайды. Маған «Әулет арындағы» Дана бейнесі жақын. Бұл туындыға сарапшылар тиісті дәрежеде баға берген жоқ деп ойлаймын. Жалпы, тек ол ғана емес, кино, театр сыны деген бізде кенжелеп дамып келе жатыр. Тек журналистердің сараптамалық мақалаларында азды-көпті пікірлер айтылып қалады. Сын болмаса, рөлдеріңдегі кемшін тұстарыңды сараптап, ескертіп отыратын аға-апаларымыз болмаса, театр, кино қалай дамиды? «Әулет арындағы» негізгі оқиға бір-бірімен бәсекеге түскен екі кәсіпкердің текетіресі, әмеңгерлік сияқты ұмыт бола бастаған байырғы дәстүрлердің қазіргі қоғамдағы сипатын көрсету, туыстық қарым-қатынасты бағалау бағытында өрбиді. Режиссуралық шешім жағынан кемшін түсіп жатса да қазіргі заманғы өзекті, ойланатын тақырып. 1990-жылдардан бері түсірілген киноларды бір-бірімен салыстырсақ, бізде өсу бар. Тақырып жағынан кемелдену бар. Жылжу бар. Қазақ режиссерлері тарихтың тамырын басып, қазаққа керек дүниелерді жарыққа шығаруға талпынып жатыр.
– Киноның «дәмі» таңдайыңызда қалғанын сезіп жүрміз. «Негізгі қызметім театрда» десе де киноға түскісі келмейтін әртіс жоқ дегенге қалай қарайсыз?
– Қазір қазақ киносы, Төлеген ақынның сөзімен айтқанда «жанам деген жүрекке от беретін» кезеңде. Күні кеше ғана режиссер Мұрат Есжанның «Міржақып. Оян, қазақ» фильмін қазақ қоғамы бір қуанып, бір жылап отырып көрді. Міржақып – Бақыт Қажыбаев, Ғайнижамал – Зарина Кәрмен өздері көтерген жүкті соңына дейін алып шықты. Көп көңілінде арыстарымыз жолында жанын пида еткен азаттыққа, тәуелсіздікке жеткен қазақтың рухы енді оянатын шығар деген үкілі үміт қалды.
Мұрат қазір Қазақ хандығы тақырыбынан Алаш зиялылары тақырыбына бет бұра бастады. Ал Алаш идеясы, оның басы-қасында жүрген тұлғалар жайлы тақырып – шексіздік қой. Әлихан, Тұрардан бастап кешегі Абдолла Қарсақбаев, Шәкен Аймановтар туралы кино картиналарды түсіру кезегін күтіп тұр. Біз қазақ киносының жауапты дәуірі туып келе жатқан кезеңде тұрмыз. Қырғыз ағайындар бір Әуезовтің шығармаларынан бірнеше фильм түсірді.
– Сізді сериалдарға түсуге жиі шақырып тұра ма?
– Иә, сериалдарға шақырту жиі болып тұрады... Мен кастингтердің қалай өткізілетінін білмеймін. Кастингтер тек шартты түрде ғана ұйымдастырылады, рөлдердің кімдерге берілетіні алдын ала бекітіліп қояды деген сөздерге сенгім келмейді. Білетінім – барлық салада шын жүйріктің мәреден табылуына мүмкіндік беретін жағдай қалыптасса көшіміз алға жылжиды. Театр сахнасынан түлеп ұшқан актерлердің кино табиғатын оңай еңсеретінін көріп жүрміз. Мен де киноға түскім келеді, кино өнерінен өз еншімді алғым келеді. Қазір кинодағы жас сұлулардың жасынан өтіп кетсем де, азаматына лайықты жар, серік болған, қылығымен, ақылымен баурап алған Алаштың тағы бір азаматының жары бейнесін сомдағым келеді. Оған тәжірибем жетеді деп ойлаймын.
Әңгімелескен
Гүлбаршын АЙТЖАНБАЙҚЫЗЫ,
«Еgemen Qazaqstan»
АЛМАТЫ