Білім • 26 Қаңтар, 2023

Қазақ мектебі неге қағажу көреді?

483 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Риддер қаласындағы жалғыз қазақ мектебінің қос корпусы да қаусап тұр. Ғимараттың бірі 1937 жылы салынса, екіншісі 1960 жылы бой көтеріпті. Қырық жылда қазан жаңарғанымен, Риддердегі қазақ мектебі жаңармаған. Кеңес өкіметінен қалған көне ғимараттарда Жаңа Қазақстанның балалары білім алып жатыр. Мәселенің мән-жайын білмек ниетте «Шаңырақ» көпсалалы мектеп гимназиясына барып қайттық.

Қазақ мектебі неге қағажу көреді?

Суретті түсірген автор

Батыс Алтайдың аядай қаласы­на табанымыз тие сала жергілікті жұрт тіл мәселесін алға тартты. Сөз­дерінен ұққанымыз, оқушыларға ар­налған үйірмелердің барлығы дерлік орыс тілінде. Қаланың орталығында тұрған төрт бірдей балабақша да орысша тәрбие береді екен. Ал қазақ балабақшаларының бәрі шет жақтарда деседі. Бұл да – үлкен мәселе. Бірақ біздің бағытымыз – қаладағы қарашаңырақтай болып кеткен «Шаңырақ» мектебі. Мектептің қос корпусы да ертеректе бой көтергені көзге ұрып тұр. Ескірген екі ғимарат та өткен ғасырдан сыр шертеді. Жоғары сыныптар оқитын сұп-сұр мектептің маңдайшасын­дағы кеңестік кездегі өрнекпен көмкерілген «учиться и учиться» деген ескі ұранға ұрлана қарадық. Ауланың сырт жағындағы Кировтың мүсінін көріп, тағы бас шайқаған едік. Тым болмағанда ұлттық нақыш, қазақы белгі көзге ілінбеді. Көргеніміз, әбден тозған мектеп ғимаратының қабырғасы, іргесі қақырап кеткен кіші спорт зал... Иә, мектепке жапсыра салған шағын залдың кірпіші қопарылып, үңірейіп жатыр. Қар басқан шатыры міне-міне опырылып ортасына түсердей. Қаусаған ғимаратта қазақ мектебінің оқушылары қашанғы оқиды?! Ата-аналар мен мектеп ұстаздарын осы сұрақ көптен бері мазалап жүр.

ыва

– Мектептің екі корпусы – жолдың екі жағында. Оқушылар жолды қиып өтеді. Шұбырған көлік. Кішкентай мектепте асхана да жоқ. Тамақты үлкен корпустан алып келгенше, суып қалады. Әне, 600 балаға арналған жаңа мектеп салынды. Соны қазақ мектебіне бере ме деп едік, жоқ. Аралас мектеп ретінде берілді, – дейді қала тұрғыны Бақытжан Бершінбеков.

Ата-аналардың сөзінен байқағанымыз, балаларын аралас мектепке бергісі жоқ. Себебі орысша шүлдірлеп кетеді дегенді алға тартады. Екіншіден, жаңадан бой көтерген ол мектеп – қаланың шет жағында. Балаларды апарып, алып қайту қиын. Ал «Шаңырақ» мектебі қаланың қақ ортасында тұр. Мектептің ескі дегені болмаса, тұрған орны көпшілікке ыңғайлы. Дегенмен қазақ балалары үшін жаңа мектептің жоқтығы жандарына батады.

– Балаларым осы мектепте оқыды. Қазір немерелерім білім алып жүр. Жиырма жыл бұрын қазақтар көбейе бастаған соң «Шаңырақ» мектебін Сәуле Мәдиқызы ашқызған. Ол заманда жаңа мектеп ашуға жағдай жоқ еді. Қазір заман өзгерді. Есімде, «қазақ мектебінің құрылысына жер бөлінсін» деген қаулы да шыққан, – дейді риддерлік Мадияр Кеналиев.

Жоғары сыныптар оқитын корпустың іші-сыртын түгел араладық. Кіреберісте оқушылардың жетістіктерін айшықтайтын кубоктер, мақтау қағаздары тізіліп тұр. Яғни мектеп оқушыларының үлгерімі жақсы. Спорттық жарыстарға да жүйелі түрде қатысып тұрады. Өкініштісі, жарыс жолында жүлде алып жүргендердің жат­тығуы жертөледен басталарын кім білс­ін?! Иә-иә, денешынықтыру саба­ғын­да киім ауыстыруға арналған бөлме – жертөледе. Цивилизациядан алыс. Бұл тығырықтан шығу үшін мектеп басшылығы қол қу­сырып отырған жоқ па? Мектеп директоры міндетін атқарушы Әсем Дүсіпованы да сөзге тарттық.

– «Шаңырақ» мектеп гимназиясында барлығы 508 оқушы оқып жатыр. Мектебіміз жылдағы техникалық қабыл­дау­дан өтіп отыр. Тамызда мекеме жаңа оқу жылына толықтай дайын болды. Егер мектеп апаттық жағдайда болса, жұмысымызды жалғастыруға рұқсат бермес еді. Ғимараты ескі болғанымен, іші жылы, – дейді директор міндетін атқарушы Әсем Арғыншақызы.

Кім су ішіп отырған құдығына түкіргісі келеді? Мектеп басшылығы мектептің сұлуынан жылуы дегендей, жетістіктерін айт­қысы келді. Әрине, түсінеміз. Бар мә­се­ле­ні ашып айтса, жоғарыдан соңына шам алып түсуі әбден мүмкін. Бас­шы­лар­дың әдеті емес пе? Проблеманы шешудің орнына шындықты айтқандарды жазалауға, жұмыстан аластауға тырысады. Сондайға зәтте болып қалған ұстаздар бұл жолы да ойларын ашық айта алмады. Іштен тынды. Ашық айтпағанмен, қай мұғалім жаңа мектептің дәлізінде тықылдата басып кетіп бара жатқысы келмесін?

Хош! «Шаңырақ» мектебінің мәселесін журналистер, блогерлер жан-жақты көте­ріп жатыр. «Жаңа мектеп керек» деп шу­ладық, ұрандадық. Нәтиже шықса, қане? Жаңа қазақ мектебі салына ма? Сыр­ғытпа емес, нақты жауап іздеп, ШҚО білім бас­қармасының басшысы Чернышева Инесса Александровнаға хабарласқанбыз.

– «Шаңырақ» мектебінің жөндеуіне қоғамдық мәселе тумай тұрып-ақ, 60 млн теңге бөлінген. Ол – баланста тұрған ақша. Кестеге сай жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Ал мектептің екі ғимараты да апаттық жағдайда емес. Апаттық жағдайда тұрғаны – жапсыра салынған шағын спорт залы ғана. Оның негізгі ғимаратқа қатысы жоқ. Білім алуға да зиянын тигізбейді. Екі ғимарат та – типтік мектеп. Жөндеу жұмыстары жүргізілген. Білесіздер, жаңа 600 орындық аралас мектеп ашылды. Қазақ мектебінің ата-аналарына жаңа мектепке ауыссын деп ұсыныс айтқанбыз. Бірақ ата-аналар ескі мектепте қаламыз деп шешті. Қазіргі таңда жаңа аралас мектепте 301 бала білім алып жатыр. Орын жеткілікті, – дейді Инесса Александровна.

Айтқандай, республикалық жоба бо­йынша 2023 жылы Риддерде тағы бір мек­теп­тің құрылысы басталады. Ол үшін жер телімі белгіленіпті. Білім басқармасының айтуын­­ша, жерді мүмкіндігінше орталыққа жақындатуға тырысқан. Көп тілегі көл болып, биыл жаңа мектеп құрылысы бас­талса, көп ұзамай «Шаңырақ» мектебінің мәселесі түбегейлі шешіледі деп үміттенейік. Негізі көтерілген бұл тақырыптың соңы сиырқұйымшақтанып кетпеуі үшін Оқу-ағарту министрлігі де назарына алып ба­қы­лау­да ұстаса, артық болмас еді. Әйтпесе, уәде күйінде қалған мәселелер аз емес.

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Риддер қаласы