Білім • 25 Қаңтар, 2023

Тәрбиешілер біліктілігін арттырады

276 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының халыққа Жолдауында көрсетілген басымдықтың бірі – балаларды балабақшамен қамтамасыз ету мәселесін түпкілікті шешу, тәрбиешілердің әлеуметтік мәртебесін арттырып, жалақысын көбейту. Осы мақсатта Астана қаласында биыл балабақшалар желісін кеңейтуге және тәрбиешілердің біліктілігін арттыруға баса мән беріліп отыр.

Тәрбиешілер біліктілігін арттырады

Елордалық Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыевтың айтуынша, осы жылы тәрбиешілерді біліктілігін арттыру курстарынан өткізуге, білім ошақ­тарымен қамтуға, әсіресе апатты және үш ауысымды мектептерді жоюға ерек­ше назар аударылады.

«Биыл балабақшалардағы орындарды ұлғайту мақсатында жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдарда 8 мың орынға мемлекеттік тапсырыс орналастырылады. Сонымен қатар тұрғын үй кешен­дерінің бірінші қабаттарында қадам­дық қолжетімділік қағидаты бойынша 200 орынға арналған балабақшалар желісі ашылады. Былтыр балабақша тәр­бие­ші­лерінің 120 педагогі қайта даярлау курс­тарын және 641 педагог біліктілігін арттыру курстарынан өтті. 2023 жылы мектепке дейінгі білім беру педагогтеріне арналған біліктілікті арттыру курстарынан жалпы 1 012 тәрбиеші өтеді. 2025 жылға дейін бейінді білімі бар тәрбиешілердің үлесін кезең-кезеңімен 100%-ға жеткіземіз», деді Қ.Сенғазыев.

Аталған басқарманың ақпаратына сәйкес, 2023 жылы 34 балабақшадағы ша­ғын сәулет нысандары ауыстырылады. Ал 2025 жылға дейін балабақшалардағы ша­ғын сәулет нысандары 100% жаңар­ты­лады.

Сонымен қатар биыл техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына 1 400 орынға педагогикалық мамандықтар бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылады. 2022 жылы 3 077 педагог біліктілікті арттыру курстарынан өтсе, 2023 жылы 5 481 педагог курстан өтеді.

Биыл мектептерде көркем әдебиет қорын ұлғайту мақсатында бюджеттен 100 млн теңге бөлінеді. Кітапханалардың ин­терьерін қайта жаңғырту бойынша жұмыс жалғасуда. Бүгінгі таңда қала­ның 36 мектебінде кітапханалар заманауи жабдықталды. Елордалық 46 мектепте оқырмандарға арналған коворкинг алаңдары ашылды. 2023 жылдың 2 тоқсанының соңына дейін 19 мектеп кітап­ханаларының интерьері ж­а­ңар­ты­лып, жаңа коворкинг орта­лық­та­ры ашылады.

Бұған қоса 2022 жылы 41 мектепке 64 пәндік кабинеттер сатып алу арқылы мектептердің 70,3%-ы жаңартылған пәндік кабинеттермен жабдықталды. 2023 жылы 22 мектепке 29 пәндік кабинет сатып алынады. Биыл да қосымша білім беру ұйымдарының желісін дамыту бо­йынша жұмыстар қарқынды жалғасады. 2023 жылы қаламызда 2 мыңнан аса оқушыны қамтитын оқушылар сарайы іске қосылады. Қосымша білім беру ұйымдарына 1 364 орынға мемлекеттік тапсырыс орнатылады.

Сондай-ақ 2022 жылы инклюзивті білім беру бойынша мемлекеттік тапсырыс 2021 жылмен салыстырғанда 12 орыннан 97 орынға дейін артты. «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасын іске асыру аясында мемлекеттік білім беру тапсырысы 4 800 орыннан 7 300 орынға дейін ұлғайтылды. Бұл көрсеткіш 2023 жылы 8 500 орынға дейін көбейеді.