Ұлттық пошта операторының назарға қойған басты міндеті – жеткізу қызметінің сапасын арттыру. Мерзімді баспасөз өкілдерінен де дәл осы мәселе жөнінен сұрақ көп екенін білеміз. Бұл біз үшін де өткір проблема. Өйткені жеткізу қызметін көбінесе пошташылар іске асырады. Бүгінде республика бойынша олардың саны небәрі 3 мыңға жуық. Өткен жылы бұл мәселені күн тәртібіне қойғанымыздың нәтижесінде биыл олардың еңбекақысы 25 пайызға артты. Бұл да сапалы қызмет көрсетуге өз әсерін тигізетіні белгілі.
Сондай-ақ бізге жергілікті жерден мамандарды табу қиынға түседі. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін жұмысымыздың кейбір тұстарын автоматтандыруды ойластырып жатырмыз. Осылайша қандай мекемелерге қай уақытта жеткізілгенін біліп отырамыз.
Биылға жүктелген тағы бір міндет – жазылымды интернет арқылы жүргізу. Өткен жылы осы бағыттағы жұмыстарды бастадық, биыл толығымен жүйелеп, аяқтауды көздеп отырмыз. Бұл да біздің қызметімізді жеңілдетуге сеп болар еді. Яғни бұрынғыдай тұрғындар пошташыны күтіп отырмайды. Үйлерін де отырып-ақ, қызметтерді өз бетінше жүзеге асырады.
Сәуле ӘБІЛБАЕВА,
«Қазпошта» АҚ басқармасының пошта қызметі жөніндегі директоры