Хоккей • 26 Қаңтар, 2023

Буллиттер сериясында ұтылды

198 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Астананың «Барысы» Құрлықтық хоккей лигасындағы (ҚХЛ) кезекті тур ойынын өз айдынында Череповецтің «Северсталімен» өткізді.

Буллиттер сериясында ұтылды

Тұрақты біріншіліктің Шығыс және Батыс конференциясының аутсай­дерле­рі арасында өрбіген матчтың негізгі уа­қытында есеп ашылған жоқ. Кездесудің алғаш­қы кезеңінде «Барыс» ойыншыла­ры басымдық танытқанымен, қарсылас­та­рының қақпасына шайба соға алмады. Дже­реми Бракко мен Дмитрий Шев­ченкода гол соғатын 100 пайыздық тамаша мүм­кіндік болғанымен, екеуіне де соңғы сәтте дәлдік жетіспеді.

Екінші кезең толығымен «Северсталь» хоккейшілерінің үстемдігімен өтті. Себебі айдын иелері мұзайдында жиі тәртіп бұзып, бірнеше рет кіші айыппен жазаланды. Сан басымдығына ие болған қонақтар «Барыс» қақпасының маңайында айтарлықтай қауіпті шабуыл ұйымдастырды. Бірақ Юлиус Гудачектің осал тұсын таба алмады. Осы кезеңде Череповецтің командасы «Барыс» қақпасына 17 дәл соққы жасады. Матчтың негізгі кезеңі тең есеппен аяқталған соң, ойын овертаймға ұласты. Қосымша минутта да екі команданың ойыншылары мергендігімен көзге түсе алмады. Сөйтіп жеңімпаз клубтың есімі буллиттер сериясында анықталды. Бұл сында «Северсталь» хоккейшілерінің бағы жанды – 1:0. Жерлестеріміз келесі матчын бүгін Челябінің «Тракторымен» өткізеді.