Бокс • 26 Қаңтар, 2023

Қыздарға екі алтын бұйырды

283 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бангкокта ұйымдастырылған бокстан жастар арасындағы (U-22) Азия чемпионаты өз мәресіне жетті. Финалдық жекпе-жектердің алғашқы күнінде біз қыздар арасындағы бәсекелерді тамашаладық. Шаршы алаңға шыққан екі бокс­шымыз да жеңіс тұғырынан көрініп, жанкүйерлерге қуаныш сыйлады.

Қыздарға екі алтын бұйырды

Бірінші болып шаршы алаңға 70 кг салмақта өнер көрсететін Жасмин Қизатова көтерілді. Қарағанды облысының тумасы жас болса да, бүгінге дейін ересектер арасындағы елішілік және халықаралық жарыстардың жүлдегері атанып үлгерген. Мә­селен, 20 жастағы Жасмин 2020 жылы қыздар арасындағы ел біріншілігінде қола жүлдеге қол жеткізсе, одан кейінгі жылы Қазақстан чемпионатында күміспен күптелді. Сондай-ақ ол 2021 жылғы жастар арасындағы әлем біріншілігінің және сол жылғы әскерилердің жаһандық додасының қола жүлдегері атанды.

Жас болса да, халықаралық аренада біраз тәжірибе жинап үлгерген жерлесіміз Азия бі­рін­шілігінде екі жекпе-жек өт­кізіп, екеуінде де қарсылас шы­датқан жоқ. Жеребе қоры­тын­дысы бойынша жарысты жар­тылай финалдан бастаған отан­дасымыз алғашқы кездесуінде Вьетнам боксшысы Труонг Мин Тху Кюнхпен жұдырықтасып, қарсыласын үшінші раундта техникалық нокаутпен тізе бүк­тірді. Финалда әуесқой бокс­тағы Қазақстанның негізгі бәсе­ке­лесі саналатын Өзбекстан құрамасының өкілі Азиза Зоки­ровамен қолғап түйістірді. Үш раундқа жоспарланған айқаста Ж.Қизатова қарсыласын айқын жеңсе де, төрешілер қазақ бокс­шысын сәл ғана басымдықпен жеңді деп есептеді. Сөйтіп, Жас­мин Қизатова жастар арасын­дағы Азия чемпионатында Қазақстан құрамасының қоржынына алғаш­қы алтынды  салды. 

Жасминнің ізін ала рингке көтерілген ұлттық құраманың ауыр салмақтағы тәжірибелі бокс­шысы Гүлсая Ержан (81 кг) командалық әріптесінің же­­ңісті жолын жалғады. Ел бі­рін­шілігінің жүлдегері, былтыр ересектер арасында Амманда (Иор­дания) өткен Сары құрлық додасының күміс медаль иегері, 22 жастағы Қызылорда облы­сының тумасы Тайландтағы тур­­нирдің финалында жер­гілік­ті бокс­шы Порннип Чути­мен қолғап түйістірді. Төре­ші­лер жекпе-жек­ті қанша жер­ден шаршы алаң иесіне бұра тартқанымен, отандасымыз бәрібір өз мықтылығын дәлел­деді – 3:2 (29:28, 30:27, 26:30, 27:30,  29:28). Гүлсая жартылай финалда Непал боксшысы Жебегу Тришаны еш қиналмай жеңгенін де айта кеткен жөн.

Осылайша, бокстан Қазақ­станның қыздар құрамасы Тай­ландтағы жастар арасындағы Азия біріншілігін екі алтын, жеті қола жүлдемен түйіндеді. Сары құрлық додасының жартылай финалында қарсыластарына жол берген Мөлдір Тойкова (50 кг), Анель Сақыш (54 кг), Вик­тория Графеева (57 кг), Шахназ Исаева (60 кг), Назер­ке Серік (63 кг), Ақнар Ишанова (66 кг) және Дана Дидай (75 кг) қола жүлдегер атанды.

Кеше ерлер құрамасының алты өкілі бас жүлде үшін жекпе-жектерін өткізді. Атап айтар болсақ, жеңіл салмақтағы жастар арасындағы әлем чемпионы, Азия біріншілігінің жеңімпазы Санжар Тәшкенбай (48 кг) Өзбекстан өкілі Шо­диер­жон Меликузиевпен, 52 кг-дағы Нұрсұлтан Алтынбек филиппиндік Флинт Джармен, ересектер арасындағы әлем және Азия чемпионатының күміс жүлдегері Мұхмұд Сабырхан (57 кг) Тайланд боксшысы Са­равут Суктхетпен, 67 кг-дағы Абзал Серік (67) Өзбекстанның был­ғары қолғап шебері Бех­зод Хамидовпен, сондай-ақ 71 кг өнер көрсететін Сабыр­жан Ақ­қалықов Нурислом Исмои­ловпен (Өзбекстан) және Диас Молжігітов (75 кг) тағы бір Өз­­бекстан боксшысы Алохон Абдуллаевпен жұдырықтасты.

Бұл жекпе-жектердің қалай аяқталғаны жайында газетіміздің келесі санында егжей-тегжейлі баяндаймыз.