Пікір • 26 Қаңтар, 2023

Басылым жағдайын сараптау керек

295 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астана қаласында алғаш рет өңірлік мерзімді басылымдар форумы өтті. Еліміздің аймақтарынан келген медиа саласының мамандары 2 күн қатарынан журналистиканың, соның ішінде газет-журналдардың бүгіні мен ертеңін таразылап, бірқатар маңызды ой айтты. «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ Басқарма төрағасы Нұрбек Матжанидың пікірімен бөлісуді жөн көрдік.

Басылым жағдайын сараптау керек

Ақпарат және қоғамдық даму министрі өңірлік мерзімді басылымдардың жағдайын ғылыми тұрғыда саралау керек деп тапсырма берген еді. Себебі елімізде газет-журналдардың өткені, бүгіні, болашағы туралы мардымды зерттеу жұмыстары жоқ.

Мысалы, мен бірде-бір газет-журналға жазылмағанмын. Бәлкім, бұл өзімнің қателігім шығар. Алайда күнделікті жаңалықтардан бейхабар қалған емеспін. Тек ақпарат алатын әдіс-тәсілдерім өзгерді. Мұны дұрыс-бұрыс деп жазғыруға болмас, бұл – заманның ағыны. Осы бағыттағы, қазақстандықтардың медиапаттерндары туралы зерттеу жұмыстарын іздеген кезде ештеңе таба алмадым. Бірақ АҚШ мемлекетіне қатысты бір қызық зерттеумен таныстым. 

Ақпараттық дәуірдің ағынына ілесе алмай, өңірлік басылымдарының жұмысы тоқтап немесе тираж саны азайып кеткен кезінде АҚШ конгрессмендері «газеттерді мемлекет тарапынан қолдау керек шығар» деген бастама көтерген. Өйткені зерттеу нәтижесі бойынша, өңірлік мерзімді басылымдардың жергілікті атқарушы органдар қызметіне әсері болған. Яғни бюджеттің дұрыс бөлінуі, кейбір жобалардың сапалы жүзеге асырылуына ықпал еткен.

Егер сандарға көз жүгіртсек, 2020 жылға дейін 200-ге жуық газет түбегейлі жұмысын тоқтатқан немесе шығару жиілігі, тиражы мүлде азайған. Осыған байланысты «Басылымдардың қаржы көздері қандай? Оған әлеуметтік желінің, Google сияқты іздеу сервистерінің әсері бар ма?», «Жарнама нарығы қалай ұйымдастырылған?», «Үлкен ойыншылар кімдер? Олар газеттерге, басқа да ресурстарға дискриминация жасайды ма немесе жасамай ма?» деген сауалдарға жауап беретіндей тыңғылықты зерттеу жүргізген. Осылайша, біз де еліміздегі өңірлік мерзімді басылымдардың жағдайын сарапшылармен бірлесіп, жаппай сауалнама жүргізу арқылы терең зерделемесек, бұл өткір проблеманың «диагнозын» қоя алмаймыз.

 

 

Нұрбек МАТЖАНИ,

«Қазақстандық қоғамдық даму институты»

КеАҚ Басқармасының төрағасы