Спорт • 26 Қаңтар, 2023

Спортты барлық бағытта дамыту қажет

496 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елімізде 100-ден астам спорт кешені салынып, балаларға арналған спорт секциялары мен шығармашылық үйірмелерге 87 млрд теңге бөлінеді. Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгіновтің қатысуымен өткен Мәдениет және спорт министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында спорт және дене шынықтыру саласындағы өткен жылдың жұмыс қорытындысы мен осы жылға арналған жоспар талқыланды.

Спортты барлық бағытта дамыту қажет

Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов биыл спортшылар­ды, жаттықтырушыларға әлеу­мет­тік қолдау шараларын көрсету, мүмкіндігі шектеулі спортшы­ларға жағдай жасау және тағы да басқа жұмыстар жалғасатынын атап өтті. «Биыл жаттықтырушы-оқытушыларға топтарды бас­қар­ғаны және спортшыларды жоғары спорт ұйымдарына бергені үшін, сондай-ақ спорттық атақтары үшін үстемеақылар мен қосымша ақы­лардың жаңа түрлерін енгізуді жос­парлап отырмыз», деді А.Оралов.

А.Көлгінов спортты дамыту тек кәсіби спортшылардың көр­сет­­кіш­тері мен жетістіктері ғана емес, сонымен қатар бүкіл ұлттың сау­­лығы екенін атап өтті. Сондық­тан спорт және дене шынық­тыру са­ласын барлық бағытта дамыту қажет.

– Мемлекет басшысы спортты дамытуға, оның ішінде бұқа­­ра­лық спортқа, балалар мен жас­өспірімдер мектептері мен федерацияларын қолдауға ерекше назар аударады. Спорт нысан­дарында тапшылық бар екенін ескере отырып, 2025 жылға дейін 100-ден астам спорт кеше­нін салу қажет. Бұл 300 мыңнан астам адамды спорт сабақ­тары­мен қамтуға мүмкіндік береді. Спорт инфрақұрылымы жоқ өңір­лерде, елді мекендерде модуль­дік спорт ғимараттарын салу керек. Мәдениет және спорт министр­лігі өңірлермен бірлесіп, осы бағыттағы жұмысты жандандыруы қажет, барлық нысан белгі­ленген мерзімде тапсырылуы тиіс, – деді вице-премьер.

Премьер-министрдің орын­басары биыл балаларға арнал­ған спорт секциялары мен шы­ғар­ма­шылық үйірмелерге 87 млрд тең­геге жуық қаражат бөлінетінін атап өтті. Бұл 560 мыңнан астам бала­лар мен жасөспірімдерді тегін сабақ­тармен қамтуға мүмкіндік береді. (2022 жылы – 400 мыңнан астам).

Мәдениет және спорт министр­лігінің өкілдері де балалар арасында ұлттық спортты насихаттау басым міндеттердің бірі екенін айтты. «Қазақ күресі» мемлекеттік спорттық тапсырыс шеңберінде қаржыландырылатын спорт сек­ция­ларының тізіміне енді. Сондай-ақ олар­дың қатарына «Тоғыз­құма­лақ» және «Асық ату» ұлт­тық спорт түрлерін енгізу жос­пар­лан­ған.

Сонымен қатар министрліктің алдында кәсіпқойлардың, жат­тық­тырушылар мен мамандардың бірыңғай электрондық дерек­қорын іске қосу міндеті тұр. База спорт­шының физикалық және моральдық жағдайын, оның күш­ті және әлсіз жақтарын объек­тивті бағалауға жол ашады. Сон­дай-ақ таланттарды іздеу және дамыту жөніндегі жұмыс­ты жүйе­леуге, спортшылар мен жат­тық­тыру­шыларды бағалау кезінде субъек­тивтілікті болдырмауға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ алқа отырысы бары­сында 2023 жыл – Олим­пиа­даға дейінгі жыл екендігі атап өтілді. Мәдениет және спорт минис­трлі­гінің Ұлттық Олимпиа­далық комитетпен және федера­циялармен бірлесіп, алдағы Париж-2024 жазғы Олим­­пия ойындарына сапалы да­­йындықты қамтамасыз етуі ма­ңызды. Федерация жұмы­сы­ның негізгі көрсеткіштері Олим­пия ойындары мен әлем чем­пио­нат­тарындағы нәтижелер болады.