Спорт • 29 Қаңтар, 2023

Рыбакина тағы да шеберлігін мойындатты

210 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жүлде қоры 51 384 291 АҚШ долларын құраған Австралияның ашық біріншілігі өз мәресіне жетті. Жасыл құрлықтағы жарыстың жекелей сайысында үш жерлесіміз бақ сынп, солардың арасынан Елена Рыбакина ғана табысты өнер көрсетті. Финалға дейін алқынбай жеткен ол шешуші тұста беларусьтық Арина Соболенкоға 6:4, 3:6, 4:6 есебімен есе жіберді. Негізі 118 жылдық тарихы бар дәстүрлі турнирде бұған дейін Қазақстанның бірде-бір теннисшісі мықтылар санатына қосыла алмаған еді. Сол септі де «Елена Австралия орасан зор табысқа қол жеткізді» деп айтуға толық негіз бар.

Рыбакина тағы да шеберлігін мойындатты

Елена Рыбакинаның Мельбурндегі жарыстағы мінсіз өнеріне тамсанбаған жанкүйер жоқ-ау, сірә! Жасыл құрлықта ол небір атақты теннисшілерді жолынан ығыстырып, бас жүлде үшін таласу мүмкіндігіне ие болды. Жерлесіміз бастапқы екі бәсекеде ортаңқол ойыншылар – италиялық Элизабетта Коччиаретто (7:5, 6:3) мен словениялық Кайю Юваннан (6:2, 6:1) ымбас түсті. Ал одан кейін Рыбаныкинң жолы кіл мықтылармен түйісті. Үшінші айнылымда ол үздіктер тізімінде 11-орынға тұрақтаған американық Даниэль Коллинзді (6:2, 5:7, 6:2) қапы қалдырды. Төртінші кезеңде әлемнің бірінші ракеткасы, 2020 және 2022 жылдары Ролан Гарроста топ жарып, былтыр US Open додасында бас жүлдені олжалаған полшалық Ига Швентекті екі сетте (6:4, 6:4) шаң қаптыр . Ширек финала латвиялық Елена Остапенкодан (6:2, 6:4) басым түсті.

Жартылай финалда Еленаның жолы Вик­тория Азаренкомен қиыс­ты. Бе­ларусь­тың 33 жастағы бетке ұс­тар­лары­ның бірі осыдан 10 жыл бұрын әлемдік рейтингте көш бастаған. Сол кездері ол қатарынан екі рет Australian Open турнирінде алдына жан салмай, 2012, 2013, 2020 жылдары АҚШ-тың ашық біріншілігінің финалында өнер көрсетті. Екі рет Уимблдонның және бір мәрте Ролан Гарростың жартылай финалында күш сынас­ты. WTA турнирлерінде 21 рет топ жарды. Сонымен қатар Аза­ренко жұптық бәсекеде де жақсы ойнайды. Ол «Үлкен дулыға» санатындағы төрт тур­нирдің үшеуінің фина­лында күш сынас­ты. Викторияның қор­жы­нында Олимпия ойындарының да жүлдесі бар. 2012 жылы Лондондағы жарыстың жекеле­й бәсекесінде қола медаль иеленсе, миксте Максим Мирныймен бірге алтыннан алқа тақты. Десек те Азаренкодай азулы ойын­шының өзі жерлесіміздің қарқынына шы­дай алмады. Бұл бәсеке 7:6, 6:3 есебімен аяқталды.

Финалда жолыққан Арина Соболенко­ның да бағындырған белестері бір төбе. Ол – WTA турнирлерінің 11 дүркін же­ңім­пазы, US Open мен Уимблдонның жар­тылай финалында ойнады. Жұптық сайыста Мельбурн мен Нью-Йорктегі дода­ларда дара шықты. Былтыр АҚШ-тың Форт-Уэрт қаласында ұйым­дасты­рылған қорытынды турнирде финалға дейін алқынбай жетті. Бұл жолы бас жүлде үшін тартыстың алғашқы сеті Рыбакинаның пайдасына шешілгенімен, қалған екеуінде Соболенконың мысы басым болды. Аталған матч 2 сағат 29 минутқа созылды. Осылайша, 24 жастағы Минскінің тумасы «Үлкен дуылға» санатындағы турнирде алғашқы жеңісіне қол жеткізді.

Шешуші тұста ұтылса да, Елена Ры­бакинаға да еш өкпе айта алмаймыз. Оның өнері көпшіліктің көңілінен шық­қаны анық. Еліміздің бірінші ракеткасы Аустралияның ашық біріншілігіне нағыз бабында келген екен. Майталман мамандар мен сақа сарапшылар оны бірден байқады. Ең бірінші кезекте, олар Қазақстан теннисшісінің функционалдық даярлығының өте жоғары деңгейде екенін атап өтті. Оған еш күмән жоқ. Бір ғана мысал, финалға дейінгі алты кездесудің бесеуінде жеңіске жету үшін Еленаға небәрі екі сет жеткілікті болды. Яғни Мель­­­бурнде отандасымыз бес бірдей қарсы­­ласын 2:0 есебімен қапы қалдырды. Тек Коллинзге ғана бір сетте есе жіберді. Сондай-ақ Коччиареттоға қарсы ойында жер­лесіміздің бағыттаған добы сағатына 195 шақырымдық жылдамдықпен жүйт­кіді. Бұл – Australian Open турнирінің рекорды! Және де осы турнирдегі табысынан кейін Рыбакина әлемдегі ТОП-10 теннисшінің қатарына қосылды. Бұған дейін Қазақстанның бірде-бір өкілі осындай биіктен көрінген жоқ еді.

Биыл Мельбурндегі турнирде бірнеше тосын нәтижелердің тіркелгенін де айта кеткен абзал. Мәселен, осы жарыстың был­­тырғы жеңімпазы, «Үлкен дулыға» санатындағы турнирлерді 22 рет ұтқан рекордшы Рафаэль Надаль екінші кезеңде АҚШ-тың 11-ші және әлемнің 65-ші ракеткасы Маккензи Макдональдтан жеңі­леді деп ешкім ойлаған жоқ еді. Бірақ даң­қы жер жарған жампоздың 27 жастағы ортаң­қол ойыншыға әлі жетпеді. Бұл – осы жарыстың басты сенсациясы! Макдональд та ұзақ­қа шаппады. Келесі айналымда ол жапониялық Йосихито Нисиокаға жол бер­ді. Былтыр ғана әлем­дік рейтингте көш бастап, қазіргі кезде сегізінші сатыға жай­ғасқан ресейлік Даниил Медведев үшінші кездесуінде америкалық Себастьян Кордаға есе жіберді. Әлемнің үшінші ракеткасы Каспер Руудтың да асығы алшысынан түспеді. Норвегияның мақтанышы екінші кезеңде АҚШ-тың тағы бір өкілі Дженсон Бруксбиден айласын асыра алмады.

Әйелдер сайысында мысырлық Онс Жабер мен грекиялық Мария Саккари сынды өте мықты теннисшілердің екінші және үшінші айналымдардан аса алмауы да көпшіліктің таңданысын тудырды. Олардың есімдері көпшілікке беймәлім ойыншылардан ұтылуы да тосын нәтиже ретінде тіркелді. Осылай тізбектей берсек, Australian Open турнирінде сенсационныең көп болғанын байқаймыз.

Ал Елена Рыбакинаның жеңісті жолы жалғасады деп үміттенеміз.