Әдебиет • 30 Қаңтар, 2023

Бір өлеңнің тарихы

478 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақ поэзиясында Еуропаға алғаш «жорық» жасаған Абай болса, сол жорықты тереңдеткен, поэзиямызға Еуропалық ырғақ әкелген – Мағжан. «Еуропалық әшекейлері» сылдырлаған өрнекті өлеңдер әдебиетімізге жаңа тыныс қосты.

Бір өлеңнің тарихы

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Ақынның ізденісіне сүйінген дегдар Мұхтар Әуезов: «Мағжанды сүйемін. Еуро­палығын, жарқыраған, әшекейін сүйемін. Қазақ ақындарының қара қордалы ауылында туып, Еуропадағы мәдениетпен сұлулық сарайына барып, жайлауы жарасқан Арқа қызын көріп сезгендей боламын. Мағжан мәдениеті зор ақын» деген-тін. Әңгімеміз Мағжанның «Пайғамбар» атты өлеңі хақында болмақ.

«Күнбатысты қараңғылық қаптаған,

Күнi батып, жаңа таңы атпаған.

Түнерiп жүр түннен туған перiлер,

Тәңiрiсiн табанына таптаған».

Мағжан Еуропа поэзиясына ғана емес, проза, философия, психологиясына дендей білді. Мәдениетімен танысты. Шығыс-мұсылман білімін медресседе оқып меңгерген ақын Батыс білімін ақыл көзімен өлшеп, таразыға салды. Осылайша, Шығыс пен Ба­тыс­тың аражігін, аспан мен жердей айырма­сына қанықты.

«Күнбатысты қараңғылық қаптаған,

Көгiнде жоқ жалғыз жұлдыз батпаған,

Түн баласы тәңiрiсiн өлтiрiп,

Табынатын басқа тәңiрi таппаған».

XX ғасыр, расында, әртүрлі ілім жер бе­ті­не шыққан тұс еді. Дарвин ілімі, Ниц­ше­нің «асқан адамы», коммунизм ұраны, дадаизм, Зигмунд Фрейд психоанализі, т.б. ілім­дер қоғамда насихаттала бастады. Қай­бір адамдыққа жат, ақылға тұрпайы қағидат­тарды көрген ақын дабыл қақты.

«Күнбатысты қараңғылық қаптаған,

Жалғыз жан жоқ қараңғыда лақпаған.

Бiлген емес иман деген не нәрсе,

«Қарын» деген сөздi ғана жаттаған».

Еуропа білімі материалдық құнды­лық­­­тар­­ды алға шығарып, дүние білімін жаңғыртқаны рас. Сол арқылы экономика­лық, цифр­лық даму көкжиегіне көтерілді. Бірақ зәулім темірлер арасында рухани құн­дылықтар зар­дап шегіп жатты. Мейірім, ізгі­лік, бауырмал­дық, жаны ашу, махаббат пен әді­лет кейінге шегінді. Бірінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі қитұрқы әрекеттер, адам бос­тан­дығына жа­сал­ған қастандықтар, азап лагерь­лері, жазық­сыз құр­бандар – осының бәрі Еуро­палық гума­низмнің деңгейін көрсетті.

«Түн баласы өмiрiнде арзан таңменен,

Қабыл ұлы ауызданған қанменен.

Табынатын құр денеге жануар,

Болған емес жұмысы оның жанменен».

Адам жан мен тәннен тұратынын ескер­­сек, тән өмірі қысқа. Біз тәнді жанға бағындыр­сақ қана адам атты даңқымызды сақтаймыз. Ал ақын күнбатыс жұртының көп халқы­ның жанмен жұмысы жоқтығына налиды. Жан мен рухты зерделемей өмір мәні қалай айшық­­талсын? Құр денеге киім беріп, тек дене өмірін көріктендірумен шұғылдансақ ғұмыр­дың зая кеткені емес пе? Шығыс ілім­дерінің артықшылығы – жанға терең үңіле білуінде. «Тән көретiн бастағы көз, бай­қа­май­ды жан сырын» немесе «жанға көнсем, жан иесi Тәңiрiге де көнгенiм» деген бабаларымыз жан өмірін бақылауда ұстап, зерделей білді.

«Қап-қара түн. Уақыт ауыр өтедi,

Ой артынан ойлар келiп кетедi.

Түн баласы көр көзiнен жас төгiп,

Күншығыстан бiр пайғамбар күтедi...

 

...Қайғыланба, соқыр сорлы, шекпе зар,

Мен – Күн ұлы, көзiмде Күн нұры бар.

Мен келемiн, мен келемiн, мен келем,

Күннен туған, Гуннен туған пайғамбар».

Мағжан түнек иісі сіңе бастаған күн­батыс­қа жарық шашуды қалады. Ақ пен қараны айырған білімдар ақын «жердiң жүзiн қараңғылық қаптаған, жер жүзiне нұр беремiн, Күн берем!» деп жар салды. Бірақ заңғар арманын жүзеге асыруға мүкіс заман ерік бермеді. Шын мәнінде, Мағжан телегей талантының үштен бірін де толық беріп үлгермеді. Бізге жеткені желігі басылмаған жастық жырлары ғана.