Салынғанына жарты ғасыр, тіпті, жетпіс, сексен жыл болған жылу орталықтары моральдық әрі техникалық жағынан әбден қалжырағаны аян. Әйтеуір терісін сүйретіп, «шықпа, жаным, шықпамен» келе жатқаны белгілі. Мұны Энергетика министрлігінің талдауы да жайып салған-ды. Сол талдаулар елдегі энергетика жүйесінің 60 пайызы тозғанын көрсетті. Кей өңірлерде, тіпті, 80 пайызға жетіп отыр. Күні күлімдеп тұратын оңтүстік өңір емес, қысы қатал арқада жылу орталығы сыр берсе, мұз дәуірінің ауылы алыс емес деген сөз.
Жылдар бойы жамаумен ғана күнелткен энергетиканың ел кешкен проблемасы Қарағандының да басында жоқ емес. Ресми мәліметтер аталған жүйелердің жағдайы жетісіп кете қоймағанын көрсетіп отыр. Жалпы, кеншілер аймағында жеті жылу әрі энергия өндіретін орталық бар. Дені осыдан елу-алпыс жыл бұрын салынған. Жарты ғасырдан аса уақыт жұмыс істеп келе жатқан орталықтар аз-маз қаржымен жаңарып кете қоймасы әуелден белгілі. Миллиардтаған қаржы құйғанның өзінде жылына бірнеше шақырымы ғана жөнделеді.
Қарағандыны жылумен жабдықтаушы «Қарағанды-Теплотранзит» компаниясының жылу құбырының ұзындығы – 450 шақырым. Табиғи монополияларды реттеу комитеті Қарағанды облысы бойынша департаментінің басшысы Арман Өтегеновтің айтуынша, компанияның шамасы оның жыл сайын 8 шақырымын ғана жөндеуге жетеді. Жылу құбырларының бүгінде 70 пайызының тозығы жеткен.
Жалпы елдегі энергетикалық дағдарысты шешу үшін Президент «Тарифті инвестицияға айырбастау» саясатын ұсынғаны белгілі. Ол саясат қажыған жүйені қалпына келтіруге тырысады.
– Осыған орай аталған саладағы қауіпті ескере отырып, Мемлекет басшысы тапсырмасымен жаңа тарифтік саясатқа көшу жөнінде шаралар қабылданып жатыр. Тарифті инвестицияға айырбастау тұжырымдамасын іске асыруға қатысты жұмыстар қолға алынады. Тұжырымдама жаңа инвестициялар тарту арқылы коммуналдық инфрақұрылымды жаңартуды көздейді. Монополисттердің инвестициялық бағдарламалары бар. Тариф те сол инвестиция құрамына кіреді. Алайда тарифтің бірден өсуіне жол бермеу үшін олардың инвестициялық бағдарламаларын азайтамыз, – дейді А.Өтегенов.
Жоғарыда айтқанымыздай, энергетика саласына көп инвестиция керек. Мәселен, жергілікті жылу электр орталығының тозуын жылына 2-3 пайызға кеміту үшін жылына 5-10 млрд теңге инвестиция талап етіледі.
«Қарағанды су» он жыл ішінде сумен жабдықтауға 10 млрд теңге инвестиция құяды. Бұл ретте тозуды 60 пайызға азайту көзделген. Жартылай мемлекеттік компания «Қарағанды-Теплотранзит» болса, он жыл ішінде тариф есебінен 1,5 млрд теңге инвестиция құю арқылы тозу деңгейін 2 пайызға ғана төмендете алады екен. Тарифті инвестицияға айырбастау тұжырымдасы негізінде 2029 жылға дейін тозуды 15 пайызға төмендету жоспарланып отыр.
– Тариф арқылы инвестиция дегенде, оның күрт өсуі туралы түсінік қалыптасуы мүмкін. Бірақ күрт өсімге жол бермеу жолын министрлік пысықтап жатыр. Мәселе әлі шешілген жоқ, – дейді А.Өтегенов.
Тұжырымдама монополистерді нақты көрсеткіштерге жетуге міндеттейді. Атап айтқанда, үздіксіз қамтамасыз ету сенімділік, сапалы қызмет, тозуды және ысырапты азайтуға бағытталған. Бұл орайда заңнамаға өзгерістер енгізілмек.
– Мысалы, апат деңгейіне әсер ететін мәселенің бірі – адам факторы, яғни жалақы. Ол бекітілген тарифтерде төмен көрсетілген. Осыған байланысты білікті кадрлардың жұмыстан кетуі байқалады. Бұрын жалақы өсімі жылына 4 пайыздан аспаса, қазір заңнама өзгерді. Енді жалақы статистикалық деректер деңгейіне көтеріледі. Айталық, өндірістік персоналдың жалақысы жылу-электор орталығы тарифі бойынша 154 мың теңгеге, Шахтинск қаласында 115 мың теңгеге тең. Статистикалық деректерде бұлар 266 мың теңге және 181 мың теңге деп көрсетілген. Ал «Қарағанды суда» кәріз бойынша 150 мың теңгені, статистикада 213 мың теңгені құрайды, – дейді департамент басшысы.
Бұған қоса иесі жоқ желілер де үлкен мәселеге айналып отыр. Олар да егесіз болғандықтан жылдам тозады, ысыраптар орын алады. Бұдан былай әкімдік оларды монопалист балансына береді деп күтілуде.
Қарағанды облысы