Спортты дамыту дирекциясының мәліметі бойынша, Перғауындар елінде ұйымдастырылған байрақты додаға әр салмақтың ең үздік 30 спортшысы қатысты. Ал жалпы әлемнің 61 елінен келген 434 татами шебері өнерлерін ортаға салған болатын. Бұл қатарда Қазақстан құрамасының 19 каратэшісі бас жүлдеге таласты.
Екі күнге созылған дүбірлі додада ұлттық құраманың спортшылары 4 жүлдеге қол жеткізді. Атап айтқанда, кумите бағдарламасында 60 килоға дейінгі салмақта сынға түскен Қайсар Алпысбай финалда жарыс қожайыны Мұхамед Габерді 3:1 есебімен тізе бүктіріп, алтыннан алқа тақты. Ал әйелдер арасындағы кумитенің +68 кило салмағында бас жүлдені жерлесіміз, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Софья Берульцева мен жапониялық Аюми Уэкуса сарапқа салды. Тартысты өткен жекпе-жекте Аюмидің айы оңынан туып, жарыс жеңімпазы атанды – 7:1. Софья күміс жүлдеге қол жеткізді. Сондай-ақ Дидар Әмірәлі (67 кило) мен Бейбарыс Жаңбыр (75 кило) жарыстың қола жүлдесіне ие болды.