Торғай уезінің тұңғыш мұхтасиф имамы Нәуен хазірет Нұртазаұлы халықты имандылыққа, қайырымдылыққа, жақсылыққа үндеген ізгі жан болған. Айтулы тұлғаның дін жолындағы өнегелі ісін туған елі әлі күнге дейін аузынан тастамайды. Бір ғажабы, бұл әулетке кие мен сөз қатар қонған. Осы әулеттің тағы бір өкілі, атақты ақын – Әбіқай Нұртазаұлы. Оны Торғайдағы ақындық мектептің басында тұрғандардың бірі деуге болады.Ақынның өткен ғасырдың 20-жылдары болған аштық туралы жазған «Тас мешін» атты дастанын әдебиет сыншылары жоғары бағалаған.
«Бұл мөрді Нәуен хазірет бабамыз 1910 жылы қажылыққа барғанда баласы Ахметхан Әбіқайұлына Меккеден арнайы соқтырып әкелген. Ол кісі сол қажылық сапарында үш жыл жүріп, елге аман-есен оралыпты. Содан бері бұл жәдігер әулетіміздің құнды дүниесіне айналып, оны көзіміздің қарашығындай сақтап келеміз», дейді Болатбек Әбіқаев.
Осында есімі айтылған Ахметхан ақсақал кешегі ғасырдың 80-жылдарының ортасына дейін өмір сүрді. Арқалы ақын, асқан әңгімеші, сұңғыла шежіреші, жыршы, қысқасы, марқұм Сейіт Кенжеахметовтің сөзімен айтқанда «бір өзі бір театр болған» адам. Қазақстанның халық жазушысы Әбіш Кекілбаев «Үркер» романын жазып жүргенде Торғайға барып, көнекөз қариядан Әбілқайыр ханға қатысты ел аузындағы көптеген деректерді жазып алған.