Өнер • 01 Ақпан, 2023

«Хат жазып тұр» әншіге қалай бұйырды?

435 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгінде ретро әнге айнала бастаған «Хат жазып тұр» әні таластық ақын Нарша Қашағанұлы мен композитор Әуезхан Салабековтің шығармашылық тандемінен туғанын көпшілік біле бермеуі мүмкін. Жүректің қылын шертетін тамаша туынды белгілі әнші Асқар Жүнісбековтің жұлдызын жарқыратқаны да мәлім.

«Хат жазып тұр» әншіге қалай бұйырды?

Шамамен 2011 жылы жазылған ән әлі күнге дейін ескірген жоқ. Өйткені есті әннің ескірмейтіні екібастан белгілі ғой. Қысқасы, сөзі мен сазы үйлескен шығарманы жұртшылық әлі күнге дейін отырыстарда орындайды.

Жұртшылық Асқар Жүнісбековтің орындауында көпшілікке жеткен туын­ды танымал әншінің уысына қалай түс­кенін біле бермейді. «Дүнген қызы» әнін алғаш шырқаған жамбылдық Ғани Мәтебаев орындауға тиіс болған шығарма түптің түбінде Асқардың олжасына айналды.

«Бұл әннің маған бұйыруының өз тарихы бар. Әуезхан Салабеков ағамыз 2011 жылы әнді Ғани Мәтебаевтың студиясында жазып кеткен екен. Жолым түскенде осы туындыны тыңдап қалдым. Содан Ғаниға: «Осы әнді маған берші», деп қолқа салған болатынмын. Досым шы­ғарма иесімен келісе отырып, әнді маған ұсынды. Махаббат тақырыбындағы тамаша туынды алғаш орындалған сәт­тен-ақ көпшіліктің көңілінен шықты», дейді әнші өткен шақты еске алып.

«Хат жазып тұр басқа ойды

жат сана,

Қайталап оқып қалайын

бір шаттана.

Хат жазып тұр, хат жазып тұр,

Сағынышыңды сыйғызып.

Хат жазып тұр, хат жазып тұр,

Қашықтықты жеңеді тек

хат қана».

Басқаны былай қойғанда, әннің осы бір қайырмасын жұрт әлі күнге ұмытқан жоқ. Таразға сапарлап келген кезде әнші Асқар Жүнісбеков композитор Әуезхан Салабековпен ән арқылы танысып, рухани інісіне айналғанын айтқан еді. Сондай-ақ ол тамаша ән­нің сөзін жазған Нәкеңмен кездесе алма­ғанына өкінетінін де жет­кізген еді.

Қалай алып қарасақ та, «Хат жазып тұр» әні көпшілік тыңдарманға Асқар Жүнісбеков арқылы танылғаны рас. Ән әншісін тапты деген сөз осындайда ­айтылса керек.

 

Жамбыл облысы