Қоғам • 01 Ақпан, 2023

Маскүнемдік ұлтты аздырады

586 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Дүниежүзілік ден­саулық сақтау ұйымы алкого­лизмді ауру деп таныған. Денесін арақ улағандарға бұл диагноз қойылғанға дейін ол абыройдан, жұмыстан, денсаулықтан, отбасы мен ағайын-туыстан айырылатынын жазып отырудың өзі артық.

Маскүнемдік ұлтты аздырады

Мемлекеттен де, медицинадан да бұрын өскелең ұрпақ­тың ден­сау­лы­ғы­на алдымен ата-анасы жауапты. Шарана құрсаққа біткен күннен бас­тап не іштің, не жедің, оны тоғыз ай көтергенде қуанып жүрдің бе әлде тауқымет шектің бе – осының бәрі баланың бүкіл өміріне әсер етеді. Алыстан орағыта бермей төтесінен айт­қанда, жастардың ішімдікке салынуына алдымен отбасы, содан кейін жүрген ортасы әсер ететіні дәлелденіп отыр. ДДҰ адамдардың денсау­лығы 50-55% – өмір сүру сал­ты­на, 20-23% – тегіне, 20-25% – қор­шаған орта, яғни эко­­логияға, 8-12% ұлттық денсау­лық сақтау жүйесінің жұмы­сына бай­ланысты екенін айтады.

Еліміздің заңнамасына сәйкес алко­голь­ді ішімдіктерді тек 21 жас­тан ас­қан­дарға сатуға рұқсат еті­ле­ді. Алайда «Денсаулық» ұлт­тық қауым­дас­­тығы және Алматы Ме­нед­ж­мент универ­ситеті жүргізген зерт­­теу­­лер мүл­де басқа жайттарды анық­­тап отыр. Мәселен, сауал­да­ма­ға қатыс­қан­дар­дың 63%-ы арақ-шараптың дәмін алғаш рет 18 жасқа дейін, 31%-ы 18 бен 21 жас аралы­ғында, тек 6%-ы ғана 21 жас­тан асқан соң татып көрген. Ең өкініш­тісі – бұл зерт­т­еулер жастар ара­сын­­дағы мас­кү­немдіктің 25%-ы­ күй­­­зеліс, үй­дегі ұрыс-­керіс пен то­ры­ғу­­­дан,­ тығырыққа ті­релу­­ден болатынын анықтап отыр.

Зерттеудің мақсатты тобына атал­ған оқу орнының бірінші курс­та оқитын 32 студенті тартылды. Жо­ба­­ның іс-шаралары 2022 жылдың 10 қазанынан 10 қарашасына дейін өткізіліп, Алматының 16 жоғары оқу орнының студент­терінен сауалдама алынды.

«Зерттеу жұмыстары 18-21 жас және одан жоғары жастағы 947 рес­пондент қатысқан әлеуметтік са­уал­да­ма әдісімен жүргізілді. Бірінші бөлімде респонденттерден жасы, олар­дың қауіп факторларына кіру-кір­меуі, ішімдіктердің зияны туралы ақпараттар сұралса, екінші бөлімде алкогольді тұтыну­ға көзқара­сы мен алкогольді тұтыну­ға қарсы қандай шаралар тиімді деп санайтыны тура­лы арнайы сұрақтар болды», дейді «Ден­саулық» ұлттық қауымдастығы сарапшысы Данила Бектұрғанов.

Денсаулыққа зиянды факторлар қатарында темекі шегу (59%), алко­гольді ішімдік ішу (52%), қозғалысы аз өмір салты (30%), теңшелген та­мақ­тану (33%) және артық салмақ (34%) аталды.

Сауалдамаға қатысқандар­дың үш­тен бірі (33%) арақ-шараптың ұдайы қымбаттап жатқаны ішімдік ішуге тоқтау сала алмайтынын мәлім­деген. Қалған респонденттер бағаның өсуі тұтынуға әсер ететінін мойындады. Яғни 27%-ы алкоголь сатып алуды сиретсе, 16%-ы арзандау брендтерге көшіп, 15%-ы мөлшерін азайтып, 9%-ы күштілігі төмен сусындар сатып алады.

Сондай-ақ респондент­тердің шамамен 28%-ы алко­голь­дің денсаулыққа зия­нын азайту мүмкін емес десе, 25%-ы егер алкоголі аз сусын­дар­ға ауысса, зиянын азайтуға болады деп санайды. Ал олардың көпшілігі жастар ара­с­ын­дағы маскүнемдіктің таралуы­на араласатын ортасы­ның ықпал ете­ті­нін алға тартыпты.

«Сауалдамаға қатысушы­лар­дың 25%-ы торығу, күйзе­ліс, ұрыс-керіс пен түрлі жағ­дайға тап болып, ты­ғырыққа тірелу салдарынан ішімдікке үйір болып жатқаны алаңдатады. Бұл көрсеткіш 2018 жылғы деректермен салыстырғанда біршама өсті, ол кезде бұл көрсеткіш 22% болатын», дейді «Денсаулық» ұлттық қауымдастығы төр­ағасының орынбасары әрі дәрігер Гинтаутас-Юозас Кентра.

Сауалдамаға қатыс­қан­дардың 52%-ы алко­гольдік ішімдік­терді сату шарт­тарын қатаңдату мен бағаны көтеру маскүнемдікпен кү­рес­те тиім­ді шара деп санайды және 42%-ы айыппұл салған дұрыс депті. Сондай-ақ 27%-ы саламатты өмір салтын наси­хаттауға көбірек көңіл бөлу керек десе, 26%-ы арзан немесе тегін спорт секция­лары­ның санын көбейту керек деп есептейді.

Қарап отырсақ, осыдан 5 жылдай бұрын Қазақстан Орталық Азияда маскүнемдік жағынан алғашқы орында болған. Тіпті отбасында мас­кү­нем әке-шешесі бар балалардың қауым­дас­тығы да құрылған. Өйткені мұндай отбасында өскен баланың психикасы бұзылады.

Ал мамандар арақ жеңген адаммен алдымен сөйлесіп, себебіне үңілу керек екенін, психолог пен нар­ко­лог­тің көмегіне жүгінудің ма­ңы­зын алға тартады. Бірақ біздің қоғам пси­хологке баруға жүрексінеді. Се­бе­бі «психикасы дұрыс емес деген тізімге енеді екенсің, жұмысқа алмай қояды» деген пікір бар. Алайда елімізде ешқайда тіркелмей-ақ пси­хо­логтің көмегін алу мүмкіндігі бар. Біраз маман құ­пия қабылдайды, жеке ақпаратты көрсетпей емдей береді. Бұған қоса арнайы реабилитация орталықтары бар. Ол жерге көбіне өз бетімен емделуге шамасы жетпейтін, арақтан бас тарта алмайтын қиын жағдайдағы адамдар түседі. Мұндай мекемеге кез келген адамды кіргізе бермейді, түскен науқастар үш айдан бастап бір­неше жылға дейін жатып емделеді.

Жалпы, адамды мас­күнемдіктен арылтудың 12 қадамы бар. Реабили­тация орталығында науқас осы 12 қадамнан өтіп, ем алады. Бір ерекшелігі – мұндай орталықта дәрігерлер мен психологтер ғана емес, кезінде өзі маскүнем болған қарапайым адамдар да қызмет етеді. Осындай шаралардан кейін де айыққандар бар, бірақ толық жазылып кеткендердің саны аса көп емес...

Сол сияқты аноним қауым­дас­тықтардың да мас­күнемдіктен арылуда пайдасы көп. Мұндай ортаға тап болғандардан үнемі жақсы нәти­же байқалады. Өйткені аноним қауым­­дастықтардың қызметі тегін, екін­­шіден адам өз еркімен келеді. Үшін­шіден, аноним топтарда бар­лы­ғы­­ның ахуалы бірдей. Бұл жерде нау­қастың «мен маскүнеммін» деп айтуы маңызды. Себебі ішімдікке са­лын­ған­дар өз ауруын мойындағанда ғана еркімен ем-дом алуға көнеді.

 

АЛМАТЫ