Экономика • 01 Ақпан, 2023

Субсидиялаудың жаңа жүйесі

220 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Елімізде біраз уақыттан бері ауыл шаруашылығы саласын дамытудың бірден-бір тетігі ретінде субсидиялау жүзеге асырылып келеді. Бірақ басынан дау арылмаған бұл жүйенің тиімділігіне әрі ашықтығына қатысты мәселе әлі күнге дейін жиі талқыланады. Яғни мемлекеттің демеуқаржысы діттеген жеріне тиісті көлемде жетпей, талай шаруаның шалажансар орындалып, ақсап қалуы алаңдатады. Сондықтан осы бағыттағы кедергілер жан-жақты сараланып, талап-тілектер ескеріліп, агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік қолдау тәсілдері қайта қаралды.

Субсидиялаудың жаңа жүйесі

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметі бойынша құрамына ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер, салалық одақтар мен қауымдастықтар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет, мемлекеттік органдар, ғылыми ұйым­дар­дың өкілдері, сондай-ақ Парламент депутаттары кіретін арнайы жұмыс тобы 9 отырыс өткізді. Осы отырыстардың нәтижесінде қолданыстағы қа­ғи­далар­дың негізгі контурларын сақтай отырып, субсидиялаудың жаңа жүйесі әзірленді.

Агроөнеркәсіп кешенін дамытуды одан сайын күшейтуге басымдық беріліп жатқан қазіргі тұста қаржыландырудың бұл түрі тоқтап немесе кеміп қалмасы анық. Тек мемлекеттік қолдау тәсілінің мүлтіксіз орындалуын, яғни бөлінген қаражаттың тиімді жұмсалуын аса ыждағаттылықпен қадағалауды мықтап қолға алу маңызды.

Бұл ретте аталған ведомствоның дере­гі­н­е сүйенсек, қаражаттың бөлінуіне қатыс­ты субсидиялаудың барлық бағыты өзгеріссіз қалып отыр.

Атап айтқанда, бағытына байланысты 15%-дан 80%-ға дейінгі нормативтермен инвестициялық субсидиялау; қарыз алушы үшін мөлшер­лемені жылдық 6%-ға дейін төмендете отырып, кредиттер мен лизингтер бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау; сақтандыру сыйлықақыларын норматив 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайтып субсидиялау; кепілдік көлемі негізгі борыштан 50%-ға дейін, басым бағыттар бо­йынша 85%-ға дейін қарыздарға кепілдік беруді сақтандыруды субсидиялау. Осы орайда сақтандыру сыйлықақыларын субсидиялау барлық туындайтын тәуе­келді азайтуға, сақтандырылған егіс алқаптарын кеңейтуге, сондай-ақ мал мен құстарды сақтандыруды ұлғайтуға мүмкіндік беретінін атап өткен жөн.

Бұдан әрі АӨК-ті субсидиялау жүйе­сін­де қандай өзгерістер болғанына қаныға түсу үшін негізгі салаларға ішінара тоқталып өтейік.

Өсімдік шаруашылығы. Бұл сала­дағы бағыттар мен нормативтер сақталды. Қант қызылшасын өсіруге одан сайын дем беру субсидиялау нормативі тоннасына 15 мың теңгеден 25 мың теңгеге дейін ұлғайтылады. Бұл ретте сыбайлас жемқорлық тәуе­келдерін болдырмау және әкімші­лендіруді оңайлату үшін аударым өтінімдерінің күші жойылады. Ауыл шаруашылығы дақылдарын, минералды тыңайтқыштарды, пестицидтерді субсидиялау бағыттары мен нормативтері бо­йынша әкімдіктердің қаулыларын келісу рәсімі министрлікке субсидиялаудың ұсы­нылатын көлемін электрондық фор­мат­та беру рәсімімен ауыстырылады. Сон­дай-ақ тұқымдардың қозға­лы­сын бақы­лаудың ақпараттық жүйесі енгізіледі.

Мал шаруашылығы. Бұл бағытта асыл тұқымды мал басын сатып алу кезінде шошқа шаруашылығын қоспа­ғанда, бар­лық қолданыстағы субсидиялау нормативі өзге­ріссіз қалады. Талпақ танаудың басы үшін өтеу нормативі құнының 50% құрайды, бірақ бұрын қолданыста болған 140 мың теңгенің орнына бір бас үшін 100 мың теңгеден аспайды.

Сонымен қатар селекциялық-асыл тұқымдық жұмыс саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің жоғары болуына байланысты бұқалар мен қошқар­ларды жалға беруді субсидиялау жойылады.

Ал тауар-спецификалық субсидиялар өзгеріссіз қалады. Бірақ күшін жоятын бөліктері бар. Айталық, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына жатпайтындықтан, күркетауық еті мен суда жүзетін құстарға субсидия берілмейді. Сондай-ақ меншікті аналық басы жоқ кооперативтерге дистрибьюторлық орталықтар көрсеткен қол­дан ұрықтан­дыру жөніндегі қыз­меттер субсидияланбайды және асыл тұқым­ды мал импорты кезінде екінші дең­гейлі банктегі қаржы институтының арнайы шотына субсидия­лар аудару мүмкін болмайды.

Жұмыртқа шаруашылығы бойынша норматив бір жұмыртқа үшін 3 теңге болып қалады. Бұл ретте 1-санаттағы жұмыртқаларды сатудың шекті бағалары әкімдіктермен жасалған меморандумдар негізінде белгіленеді.

Бұқашықтар мен тоқтыларды бор­да­қылауға және ет комбинаттарына тапсыру бойынша субсидиялау нор­мативтері өз­геріс­сіз қалады. Алайда малды өздерінің бор­да­қылау алаңдарына көшіретін шаруашылықтар үшін орын ауыстыру нормасы жойылады.

Жемшөп бойынша субсидияларды алу­дың нормативтері мен критерийлері ғылы­­ми ұйымдардың ұсынымдары негі­зінде әкімдіктердің қаулысымен бекітіледі.

Қайта өңдеу. Терең өңделген өнім­дерді өндіру үшін сатып алынған шикізат құнын субсидиялауда глютен және биоэтанол өндіру үшін бидай құнын субсидия­лау жойылды. Өйткені бұл тауарлардың әлеуметтік маңызы жоқ.

Осы ретте субсидиялар өндірілген тауарлар үшін емес, дайын өнімді өткізу фактісі бойынша төленетін болды. Бұл субсидиялаудың ақпараттық жүйесіндегі электрондық шот-фак­ту­ралармен расталады. Аталған өзгеріс­тер қаржы­ландыруды бөлудің барынша ашық, әділ және адал тәртібін қам­тамасыз етеді.

Инвестициялық субсидиялау. Бұл субсидиялаудың барлық түрі мен бағыты жүйеленген. Құрылыс-монтаждау жұмыс­тарын субсидиялау облыстық Құры­лыс және сәулет басқармаларының қызмет­керлерін салынған объектілерді қарау жөніндегі мамандар тобына қосу туралы міндетті талаппен сақталады.

Ал еріген суларды жинауға арналған жасанды су айдындарын салу үшін вагондардың құнын субсидиялау жо­йылады. Сондай-ақ сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің жоғары деңгейіне және әкімшілендірудің күрделілігіне байланысты «Бәйтерек «ҰБХ» АҚ еншілес және тәуелді компаниялары мен екінші деңгейдегі банктерді қоспағанда, аванс­тық түрде инвестициялық субси­дия­лар алу мүмкіндігі алынып тасталады.

Жайылымдарды суландыру үшін ұңғымалар мен құдықтар қазу кезінде бұр­ғылау жөніндегі материалдар мен қыз­мет­тердің құны ғана субсидияланатын болды. Бұл ретте жабдықтың құнын субси­диялау жойылады. Өйткені оның нарық­тық құны өндіруші елге байланысты ондаған есе өзгеріп тұрады. Ал қызмет көрсетушілер арзан жабдықты жеткізу арқылы бюджет қаражатын заңсыз игеріп келген.

Отандық машина жасауды дамыту үшін Қазақстанда локализациясы жоқ импорттық техниканың құнын субсидиялау нормативі 25% деңгейінде белгіленді. Ал локализациясы барлар 15%-ға дейін төмендетілді.

Арнайы тұқым өсіру техникасын субсидиялау нормативтері 80%-ға дейін, қызылша және суару техникасын субсидиялау нормативтері 50%-ға дейін көтеріледі.

Қарсы міндеттемелер. Субсидия алушылар үшін қарсы міндеттемелер енгізі­леді. Өндірілген өнімді өткізу әкімдік­тер­мен нарықтық бағалар бо­йынша жасал­ған меморандумдарға сәйкес (3000 АЕК-ке тең немесе одан асатын сомаға субсидия алған АӨК субъектілері үшін) Сауда және интеграция министрлігінің ақпараттық жүйесі арқылы жүргізіледі.

Сонымен, осы күнге дейін аталған жүйеге қатысты мәселелер барынша еске­ріліп, субсидиялаудың осындай жаңа қағи­далары енгізілді. Тоқетерін айт­қанда, бұл өзгерістердің негізгі мақ­са­ты мемлекеттік қолдаудың тиім­ді­лігі мен нәтижелігін арттыру, қар­сы мін­­детте­мелердің орындалуын ба­қы­лау­ды күшей­ту, сыбайлас жемқорлық тәуе­келдерін барынша жою және ци­фр­лан­дыру есебінен субсидиялар алу рәсімін оңайлату болып отыр.