Қоғам • 01 Ақпан, 2023

Отпан таудағы салбурын

404 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Отпан» кәсіпорны мен облыстық құсбегілер федерациясы бірлесіп, «Адай ата – Отпан тау» тарихи-мәдени кешенінде құсбегілік пен саятшылыққа арналған дәстүрлі «Салбурын» этнографиялық іс-шарасын ұйымдастырды.

Отпан таудағы салбурын

Қазақтың бекзат өнері әрі ұлттық спорты құсбегілік пен саятшылықты, соған қатысты өнерпаздықты халық арасында насихаттау, оған жастар мен оқушылардың қызығушылығын арт­тыру арқылы аңды мылтықпен емес бүркітпен, ителгімен немесе та­зы­­­мен аулау әлдеқайда қызықты еке­­нін на­сихаттау мақсатындағы іс-шара ауқымы жылдан-жылға кеңейіп келеді. Ұйым­дастырушылардың негізгі мақсатының бірі – Отпандағы салбурынды жалпы жұртшылық қатыса тойлайтын халық­тық мерекеге айналдыру.

выа

«Қарашаңырақ» жанындағы ұлт­тық спорт алаңында өткізілген шараға Тұщыбек ауылы мен облыстың түк­пірінен келген құсбегілер, құсбегілік пен саят­шылыққа қызығушылар, бло­герлер, Отпан тау маңайындағы ауыл­дардың тұрғындары қатысты. Іс-ша­раны ұйымдастырушы Ж.Айдарбек салбурынның тарихы мен мақсатына тоқталды. Жиналғандар құсбегілік пен салбурын туралы аудиолек­ция тыңдады. Құсбегілер А.Тай­манов, Е.Есжанов, Ө.Со­­ветов қыран құстардың түрле­рі, олар­дың жастарына қарай атаулары, асырауы, баптау­ы туралы жас көрер­мен­дерге тү­сіндірсе, олардың шә­кірт­тері бүркіт, ителгі мен қар­шыға сын­ды қы­ран құс­тарды қол­ға ша­қырып қондыру, шыр­ғаға, қоян мен кептерге түсу ма­шық­тарын көрсетіп, бабы мен шеберліктерін байқады.

пвр

– Құсбегілер мен осы өнерге қызы­ғушылар қатары жылдан-жылға артып келе жатқаны қуантады. Мысалы, салбурынға бұрын жалғыз қатысқан бейнеулік бүркітші Жаңабай Кемелханов биылғы іс-шараға інісі мен баласын ертіп келді. Бұл Амал мерекесі секілді халықтық деңгейде аталып өтетін іс-шара болуы керек, – дейді Ж.Айдарбек.

Кең дала төсінде ән мен жыры тө­­­­гіліп, қыраны мен тазысы атой сал­­­ған салбурын соңы ұйымдас­ты­ру­­­­шы­­лардың ақ тілегі мен қатысу­шы­­­­­ларға Алғысхат тапсыруымен аяқ­­­­тал­ды. Бірнеше жылдан бері тұ­рақ­­ты өткізіліп жүр­ген Отпандағы сал­­­бурынға пандемия­дан бұрын көр­ші облыстардың құс­бегі­лері келіп қа­ты­сатын еді. Биыл да қа­тысушылар мен қызығушылар көп болды. Бірақ қанша жыл халық қызы­ғушылығымен өтсе де билік тарапынан қолдау жоқ. Ұйым­дастырушылар ал­дағы уақытта сал­бурынға билік көңіл бөліп, ұлттық іс-шараны лайықты өт­кізуге қолдау көрсетіп, атсалысса дейді.

 

Маңғыстау облысы