Елордада өтетін байрақты бәсеке Азия жеңіл атлетика қауымдастығының күнтізбесіне енген 2023 жылдағы ең маңызды жарыстарының бірі. Бұған дейін Азия құрлығының бірнеше елінде жалауы желбіреген жабық кешендегі Азия чемпионаты биыл ТМД елдері аумағында алғаш рет, яғни Астанада ұйымдастырылатынын айта кеткен жөн. Айтулы жарысқа Азияның 30-дан аса елінен спортшылар қатысады деп жоспарланып отыр. Астанадағы желаяқтар сайысында спортшылар жүгіру, ядро лақтыру, ұзындыққа және биіктікке секіру, көпсайыс секілді жеңіл атлетика бағдарламасына енген спорттың 26 түрінен сынға түседі.
Атап айтқанда, әйелдер 60, 400, 800, 1500 және 3000 метрге, кедергілер арқылы 60 метрге жүгіру, ұзындыққа секіру, биіктікке секіру, үш қарғып секіру, сырықпен секіру, ядро лақтыру, 4x400 метрге эстафета және бессайыс түрінен жүлделерді сарапқа салады.
Ал ерлер 60, 400, 800, 1500 және 3000 метрге жүгіру, сонымен қатар 60 метрге кедергілер арқылы жүгіру, ұзындыққа секіру, биіктікке секіру, үш қарғып секіру, сырықпен секіру, жетісайыс, 4x400 метрге эстафета және ядро лақтыру бойынша сынға түседі.
Жарыстың ашылу салтанатына Азия жеңіл атлетика қауымдастығының президенті Дахлан Әл-Хамад, Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының президенті Даниал Ахметов, Азия жеңіл атлетика қауымдастығының кеңес мүшелері, Азия елдері федерацияларының басшылары, сондай-ақ еңбек сіңірген спортшылар мен Қазақстанның спорт қайраткерлері қатысады деп жоспарланған.