Кейбір жандар өз кәсібін шексіз сүйіп, мінсіз қызмет етумен ғана шектелмей, сол саланың қыр-сырын, теориясы мен практикасын да терең игеріп, оны өзіне, өзін оған барынша жақындата түсуге жанын салады. Тіпті ақыр соңында ол екеуі бөлінбейтін біртұтас денеге айналып та кетіп жатады. Өз басым, сондай жандардың қатарына өнертану кандидаты, театртанушы Аманкелді Оразбайұлы Мұқанды қояр едім..

Бесқала өңіріндегі Қоңырат қаласынан Алматыға білім қуып аттанған қалақтай қара бала өз басы өнер саласын қалап тұрса да, әкесінің ықпалымен құжаттарын ҚазМУ-дің заң факультетіне тапсырған-ды. Алайда ауыл баласының маңдайына аты жер жарған іргелі оқу орнына түсіп, әкесі қалағандай заң қызметкері болу жазылмаған екен... Жігерлі жас оқуға түсе алмай қалдым деп жасымады. «Биыл жұмыс істеп, келесі жылы әкем айтқан оқу орнына қалай да түсемін» деген сенімі жігерлендірген бозбаланың тілегін Жаратушы да қабыл алса керек, дәл сол кезде ҚазМУ қалашығының құрылыс жұмысына комсомол-жастар бригадасы жасақталып жатқанын хабарландырудан оқып, сонда барып тіркелді. Құрылыс бригадасы құрамында жұмыс істей жүріп, кәсіби ұсталық мамандықты да меңгеріп, алғашқы еңбек жолын «Алматыпромстрой» трестінде ұсталар бригадасының мүшесі болып бастады. Жұмыстан қолы қалт еткенде, кітапханаларға барып, әкесі аманаттаған оқу орнына қайта түсу үшін алдағы емтиханға мықтап дайындалуды қолға алды. Бірақ 1981 жылдың көктемінде Республикалық эстрада-цирк студиясының талантты балаларды шақырған хабарландыруын оқыған соң, университетке түссем деген мақсатын жүрегінің қалауы жеңіп, осы студияның әншілігіне бақ сынауды жөн көреді. Әйтсе де, мектеп қабырғасында жүргенде көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысып, ән айтып, біршама ысылып қалған жастың соңғы таңдауы Абай атындағы опера және балет театрының жанындағы вокалды-хор студиясына түсіп, жолы болып студент атанды.
Студияда оқи жүріп осы театрдың мимансында (қосалқы актерлер тобы), кейін хор ұжымында жұмыс істеді. Сол кездері театрдың сахнасында жүрген белгілі өнер саңлақтары: К.Мырзабеков, Л.Духанина, К.Бейсалиев, В.Яковенко, Б.Төлегенова, Б.Жаманбаев, Т.Алагөзов, Р.Бапов сынды танымал әнші-биші, кәсіби мамандардан дәріс алады. Небір талантты сахна шеберлері мен жұлдыздарының театр сахнасында сомдаған рөлдері мен орындаған партиялары жас шәкірт – Аманкелдінің көркемдік талғамының қалыптасуына да тікелей әсер етті. Іргелі өнер ордасында, алды әлемге танылған өнер шеберлерінің ортасында тәлім ала жүріп, қолынан келгенше оларға ұқсап бағуға тырысқан ол уақытпен санаспастан күні-түні жұмыс істеп, аянбай еңбектенуді әдетіне айналдырды.
Студия жұмысын тікелей және тұрақты қадағалап отыратын театрдың Бас хормейстері, Құрманғазы атындағы консерваторияның профессоры Базарғали Жаманбаев театр хорының құрамын толықтыру мақсатында әншілер таңдағанда, оның таңдауы басқа жастармен қатар ұстанымы берік, өнерді өз мүддесінен биік қоятын Аманкелдіге де түседі. Консерватория ректоры, КСРО Халық әртісі Ғазиза Жұбанова да шалғай елден өнер қуып келген талапты жасқа үлкен сенім арта отырып, дайындық курсынан бір орын бөлуге келісімін береді. Осылайша, 2 жыл дайындық курсында, 5 жыл негізгі курста оқып, Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын хор дирижері мамандығы бойынша бітірген Аманкелді театрдағы жұмысын жалғастыра жүріп Абай атындағы Алматы мемлекеттік университеті және Қазақ мемлекеттік қыздар педагогика институтының музыка факультетінде хор дирижері пәнінен сабақ береді. Сонымен қатар Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының театр факультетіне алғашқы қабылданған топ құрамында оқуды қызыл дипломмен аяқтап, театртанушы мамандығын да алып шығады. Дәл сол жылдары алғаш рет театртанушылар курсы ашылып, профессор Б.Құндақбайұлы музыкалық біліммен қатар театртану мамандығын да игерген Аманкелдіні жаңа жұмыс орнына шақырады. Бұл еліміздің тәуелсіздік алып, енді-енді аяққа тұра бастаған, білімді деген мамандардың өзі күнкөрістің қамымен базар жағалап кеткен аумалы-төкпелі кезең болатын. Сол кездер шаңырақ құрып, сәбилі болған Аманкелдіге де оңай тимеді. Алайда ұстанымы мықты жас әке кейбіреулердей базар жағалап кетпей, бірнеше жерде жұмыс істеді.
Жұмыстан қол үзбей жүріп-ақ, тыңғылықты дайындалып, ҰҒА М.Әуезов атындағы Әдебиет және Өнер институтының аспирантурасына түсіп, Аманкелді профессор Б.Құндақбайұлының ғылыми жетекшілік етуімен театртану саласы бойынша кандидаттық диссертациясын ойдағыдай қорғап шықты. Кейін Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Т.Қышқашбаевтың шақыруымен академияның Ғылыми-практикалық орталығының директоры және аға оқытушы қызметтерін атқарды. М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының аға ғылыми қызметкері, бүгінге дейін «Өнертану» секторының модераторы, бас ғылыми қызметкері, «Театр және кино өнері» бөлімінің меңгерушісі, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында «Театр өнерінің тарихы мен теориясы» кафедрасының және Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында «Музыкатану және композиция» кафедрасының доценті қызметтерін атқарып келеді. Театр өнері мен ғылым арасын байланыстыратын түрлі деңгейдегі фестивальдер, конференциялар, симпозиумдердің тұрақты қатысушысы және көптеген құнды баяндаманың авторы, сыншылар коллегиясы мен эксперттік сарапшылар алқасының мүшесі. Қазақстан сахна өнері мен музыкалық театр және Орталық Азия театрларының өзекті мәселелеріне арналған 4 монография, 30-ға жуық ұжымдық монографиялары мен жинақтары жарық көріп, 150-ге жуық сын мақала, рецензия, зерттеулері мерзімдік баспасөз беттерінде жарияланған.
Аманкелді – тағдыры театрмен тоғысқан жан. Қайтсем, театр мен көрерменнің, режиссер мен драматургтің арасын жақындатып, біріктіре аламын деп жар құлағы жастыққа тимей зыр жүгірген Аманкелді алға қойған мақсаттарына біртіндеп қол жеткізіп те келеді. Соның бірі – бірден жаңаша қарқын алып, бүгінде өзіндік орыны қалыптасып та үлгерген Drama.kz заманауи Қазақстандық драматургия фестивалі. 2017 жылы ресейлік драматург Олжас Жанайдаров бастамасымен құрылған Drama.kz әр жылы еліміздің түкпір-түкпірінен талантты авторлардың пьесаларын іріктеп, Алматыда солардың оқылымын ұйымдастырып келеді. Кешегі тарихқа «тәжтажал» деген атпен енген індеттің жер бетіне ойран салып, жұрт үйінен қадам басып шыға алмай қалған қиын сәтінде де Аманкелді бастаған театр жанашырлары бірден жаңа форматқа көшіп, zoom платформасында online пьеса оқылымын ұйымдастырып, театр көрермендерін өз үйлерінде-ақ бекзат өнердің нәрімен сусындатып отырды.
Жас кезінен-ақ уақытпен санаспастан еңбек етіп үйренген Аманкелді әлі күнге дейін сол қасиетін жоғалтпастан, өз қызметінен тыс көптеген қоғамдық жұмысты да атқарады. Санай беріңіз: Қазақстан Театр қайраткерлері одағының төралқа мүшесі, Халықаралық театр сыншылары бірлестігінің вице-президенті, Халықаралық театр сыншылары ассоциациясының (ICTM), халықаралық және республикалық театр фестивальдері қазылар алқасының мүшесі, «Studia Teatralne Europy Środkowo–Wschodniej» атты Варшава университетінде шығатын журналдың, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты шығаратын «Керуен» – «Keruen» ғылыми журналының редакциялық алқасының мүшесі, «Drama.kz» қазақстандық жаңа драматургия фестиваль – конкурсының кураторы, Республикалық Қазақ радиосы құрамына кіретін Радио «Classic» 102.8 FM толқынында аптасына 2 рет берілетін «Өнердің өз адамы» бағдарламасының авторы әрі жүргізушісі.
Аманкелді Мұқан – театр сыны мен тарихына терең бойлап, осы саланың практикасы мен теориясын жетік меңгерген, өнерді жанындай сүйетін, сол өнер үшін өзінің жеке уақытымен санаспайтын, театр өнерінде тұрақтап қалған жан.
Өз жүрегінің қалауымен өнер жолын таңдаған Аманкелдінің мақсаты біреу, ол – ұлт руханиятын дамытуға өзіндік үлесін қосу.
Байділдә АЙДАРБЕК,
ақын, драматург,
Мәдениет саласының үздігі
Түркістан облысы,
Созақ ауданы
Батыс Қазақстан облыстық мәслихатына кімдер сайланды?
Сайлау • Кеше
Түркістан облыстық мәслихатына сайланған депуттар кім?
Сайлау • Кеше
Бірқатар өңірде ауа райына байланысты ескерту жасалды
Ауа райы • Кеше
Ұқсас жаңалықтар