Кәсіпкер Ренат Жубаковтың әділдік іздеп, қақпаған есігі, аттамаған табалдырығы қалмаған. Амалы таусылған соң редакциямызға хат жолдаған.
Хаттан түсінгеніміз, 2020 жылдың жазында жеке кәсіпкер Ренат Жубаков облыстық «Сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафтық мұражай-қорығы» мекемесіне қарасты «Самал» паркінен кәсіп ашу мақсатында жер сұрап, өтініш жазған. Алайда құзырлы орган аталған парк коммуналдық мемлекеттік меншікке өтуі керектігін хабардар етіп, жауап берген. Кәсіпкер аталған парк мемлекеттік меншікке өткен соң қайтадан өтініш берген. Ондағы алған жауаптарына сүйенсек, мекеме өкілдері бірқатар кәсіпкерге бей-берекет сауда павильондарын салуға рұқсат бермейтіндерін айтқан. Өздерінің басқа жоспарлары барын алға тартқан. Яғни белгіленген орындарда бірыңғай сауда нүктелерін орналастырмақ.
Сөйтіп, «Сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафтық мұражай-қорығы» мекемесінің директоры Арсен Тен 2020 жылдың желтоқсанынан үш айға ұшты-күйлі жоғалып кетеді. Бұл уақытта облыс әкімі орынбасарының тапсырмасымен кәсіпкер «Самал» паркінен жер алу мақсатындағы жұмысты коммуналдық кәсіпорын басшысының орынбасары Әлия Фаридқызымен жүргізе береді. Бұдан соң ұсақ-түйек шаруалар мен келісімшартқа қол қою ғана қалады.
2021 жылдың сәуірі. «Сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафтық мұражай-қорығы» мекемесінің директоры қайта жұмысқа оралып, басталған істі тағы үш айға созады. Ақыр аяғы қол қойылып, жеке кәсіпкер Жубаков сауда павильонына ақша салып, келісілген орынға қояды. Алайда жоғарыда аталған коммуналдық мемлекеттік мекеме басшысы бұл жұмысқа көңілі толмайтынын айтады. Хатта көрсетілгендей, ел алдында кәсіпкермен дөрекі сөйлескен көрінеді. Бұл жағдайдан соң қағаз жұмыстары одан сайын күрделенген. Ең қиыны, павильонға электр желісін тартуға кедергілер кездеседі. «Павильон қасбетін ауыстыру керек, тұрған орнын өзгертсін» дегендей сан түрлі ескерту айтылады. Алайда жұмыс бастауға рұқсат қағаз жүзінде беріліп қойған екен. Дәл осы уақытта «Самал» саябағындағы басқа павильондар ойдағыдай жұмыстарын бастап та жіберген. Тек жеке кәсіпкер Жубаков қана...
2021 жылдың маусымы. Көтерілген мәселені облыс әкімінің орынбасарлары А.Мұхамедчинов пен Е.Нұрбаев қарастырады. Нәтижесінде, хаттама толтырылып, «Сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафтық мұражай-қорығы» мекемесінің басшысына келісімшарт негізінде көмек көрсетіп, электр желісіне қосуды тапсырған.
Сөйтіп, желі тартпақ болған кезде басқа павильондар ешқандай техникалық келісімсіз жұмыс істеп жатқаны белгілі болады. Коммуналдық мемлекеттік кәсіпорын басшылығы кәсібін бастаған Р.Жубаковқа көмек көрсетудің орнына келісімшартты бұзады.
Әділетсіздікті байқаған Ренат Жубаков Президент әкімшілігіне болған жағдайды баяндап, хат жазады. Президент әкімшілігі болса, наразы хатты Шығыс Қазақстан облысының әкімдігіне, облыс әкімдігі Мәдениет басқармасына сілтейді. Қыл аяғы бұл іске прокуратура өкілдері де араласқан. Өкініштісі, іс соңы сиырқұйымшақтанып кеткен. Соңында жеке кәсіпкер Жубаков сотқа шағымданған.
2022 жылдың күзі. Бас прокуратура Жоғарғы сот өкілдерінің қатысуымен азаматтарды қабылдаған. Р.Жубаков та қабылдауда болып, әділ шешім шығарады деп үміттенген. Өкінішке қарай... Иә, тағы да өкінішке қарай, облыстық Мәдениет басқармасы «Самал» паркінде прокурорлық тексеру жүргізбеу жөнінде келіскен. Ұққанымыз, бұзылған келісімшартты қайта қалпына келтірмек болған. Р.Жубаков арызын қайтып алған. Алайда келісімшарт бұрынғыдай емес, мәтінде ескерту көп. Ұсақ-түйек заң бұзушылық болса да, келісімшарт бұзылатындығы айтылған. Қысқасы, кездесулері, аттаған табалдырықтары, қойған қол, мөр, бәрі-бәрі босқа кеткен.
– Бәрінен де ойландыратыны, «Сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафтық мұражай-қорығы» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорын директоры екі рет сотты болған. 2021 жылы шілдеде облыстық Мәдениет басқармасы оған ескерту жасаған. Соған қарамастан, орнында отыр. Оның үстіне кәсіпкерлерге кедергі жасайды, – дейді Ренат Жубаков.
Әділдікті ту еткен кәсіпкер «Әділдік жолы» қоғамдық ұйымының төрағасы, заңгер Әділ Пішеновке де хабарласқан. Болған жағдайды үтір-нүктесіне дейін әңгімелеп берген. Әділ Пішеновтің пікірінше, мұндай жағдайда тым болмағанда прокурор тексеру жүргізу керек екен.
– Өскемендегі «Самал» саябағында ЖК «Жубаков» сауда павильонын орнату жөнінде «Сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафтық мұражай-қорығы» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорыны басшылығымен келісімшарт жасасқан. Бірақ келісім жұмыстары мекеме басшысы Арсен Тен еңбекке жарамсыз уақытта (больничный) жүзеге асырылған. Кейін Арсен Тен жұмысқа шыққан соң қала әкімі «Самал» саябағына келіп, Р.Жубаковтың сауда павильоны орынсыз жерде тұрғанын айтқан. Сыртқы қасбеті сай емес деп және ескерткен. Павильонда сауда жұмысы басталмағанымен, келісімшартқа қол қойылып қойған. Ал оны қайта ауыстыру қаржыны қажет етеді. Содан заңсыздық орын ала бастаған. Мәселен, қыркүйектің басында техникалық шарт берілген. Алайда 3 қыркүйекте «Сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафтық мұражай-қорығы» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорыны келісімшартты бұзу туралы хабарлама жіберген. Бұл – анық заң бұзушылық. Жағдайды өзіміз зерттедік. Маңайындағы павильон иелерімен сөйлестік. Сөйтсек, олар техникалық шарттарды кейін алған екен. Демек оған дейін заңсыз жұмыс істеп тұрған. Олар пайдаланған электр желісіне ақшаны кім төледі? Бұл – бір сұрақ. Екіншіден, келісімшартта «екі жақтың келісімімен ғана шарт бұзылуы керек» дегендей тармақ бар. Бұл жерде шарт бір жақты шешіммен бұзылған. Қазір сот шешімін күтіп отырмыз, – дейді заңгер Әділ Пішенов.
– Жеке кәсіпкер бір жылдан асты жұмысын дөңгелете алмай отыр. Ал басқа сауда дүңгіршектері жұмыстарын бастаған. Неге екенін білмедім, әр кәсіпкерге көзқарас әртүрлі. Бір жыл бұрын Кәсіпкерлік палатасы өкілдері «Самал» саябағында болдық. Мәселемен таныстық. Кәсіпкер Р.Жубаковта барлық құжат бар. Президент шағын кәсіпкерлікті қолдау керек дейді. Бірақ бізде керісінше, кедергі көп. Түбі әділдік орнап, жұмысын бастаса екен, – дейді Кәсіпкерлік палатасы басшысының орынбасары Әлия Мұқашева.
«Сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафтық мұражай-қорығы» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорыны басшысы Арсен Тенмен де тілдескенбіз. Ол мәселенің нүктесін сот қоятынын айтқан. Дегенмен әділдік орнай ма, жоқ па, белгісіз. Шағын кәсібін бастамақ болған азаматтың амалы қалмаған.
Өскемен