Қоғам • 01 Ақпан, 2023

Есірткіге есіргендер

194 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Үнді марихуанасы туралы естідіңіз бе? Еліміздің оңтүстік өңірлерінде сабағы төрт метрге дейін жететін үнді марихуанасының бүкіл түрлері өсірілетін көрінеді.

Есірткіге есіргендер

Өсімдік шаруашылығында мол өнім алу үшін тамшылатып суару әдісі қолданатын еді ғой. Есірткі бизнесімен айналысатын пысықайлар да аталған әдіспен көсегесін көгертуге көшіпті. Мұндай алқаптарды баптау үшін «жұмысшылар» мамыр-қазан айлары аралығында үздіксіз еңбек ететін көрінеді. Інге тығылған суыр сияқты қажетті азық-түлік қорын жеткізіп алып, алаңсыз іске кіріседі екен. Құқық қорғау органдары жыл сайын 60-қа жуық суармалы плантацияны анықтайтынын жеткізді. Бұл іске Ішкі істер министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Қорғаныс министрлігі, «Ғарыш сапары» АҚ мамандары жұмылдырылып, бірлескен жұмыстың нәтижесінде ірі қылмыстардың беті ашылып отыр.

Есірткі саудасына қатысты қыл­мыстар күн сайын тіркелмесе де, тәртіп сақшылары оның ізін кесу жұмыс­тарын жүйелі жүргізіп келеді. Байқасаңыздар, соңғы уақытта «ләззат шыңына» ұмтылғандардың арасында синтетикалық есірткілер сәнге айналған. Былтырғы көрсеткіштерге көз жүгіртсек, синтетикалық есірткімен байланысты құқық бұзушылықтар көп тіркелген өңірлер көшін Астана, Алматы қалалары және Қарағанды облысы бастап тұр.

Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында есірткінің заңсыз айналымы бойынша бірқатар тапсырма берген болатын. Оған сәйкес, есірткі нарығындағы өзгерістерге жедел ден қою және заңнамалық деңгейде синтетикалық есірткінің жаңа түрлерін енгізу мақсатында бірқатар заңнамалық бас­тама жүзеге асырылған. Атап айтсақ, аса қауіпті заттардың «қылмыстық» мөлшері 1 грамға дейін төмендетілді және оларды өткізу мақсаты болмаса да заңсыз сақтағаны үшін қылмыстық жауапкершілік күшейтілді. Сондай-ақ прекурсорлар мен күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымы үшін жауапкершілікті күшейтуді көздейтін заң жобасы әзірленген. 2022-2023 жылдарға арналған Жол картасының жобасы қолға алынып, онда шетелде өндірілген есірткінің әкелінуіне, олардың ел ішінде таралуы мен өндірілуіне жол бермеу, есірткіге тәуелділерді емдеу және оңалту шаралары көзделген. 

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше