Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметі бойынша, 2022 жылы өндірістік жарақаттану коэффициенті (1000 жұмыскерге шаққандағы жазатайым оқиғалардың жиілігі) 0,22-ны құрады. Республиканың өндірістік аймақтарында жарақат алудың ең жоғары деңгейі сақталып тұр. Мәселен, Қарағанды облысында – 180 адам, ШҚО-да – 169 адам, Қостанай облысында – 142 адам, Павлодар облысында – 112 адам, Ақтөбе облысында – 103 адам, Алматы қаласында 114 адам жұмыс орнында келеңсіз жағдайға тап болып, зардап шекті. Ал экономиканың салалары бойынша ең көп зардап шеккендер тау-кен металлургия кешенінің өнеркәсіптерінде (16,2%) және құрылыс саласында (15%) тіркелді.
Жазатайым оқиғалардың негізгі себептеріне келсек, мұндай оқыс жағдайдың 33,9%-ы жәбірленушінің өзінің өрескел абайсыздығынан, 29%-ы өндірістегі жұмыстың тиісті деңгейде ұйымдастырылмауынан, 9,4%-ы жол қозғалысы ережелерін бұзудан және қауіпсіздік және еңбекті қорғау ережелерін сақтамаудан орын алады екен.
Қауіпсіз еңбек жағдайын жасау мен өндірістік жарақаттануды азайту – Үкіметтің негізгі міндеттерінің бірі. Сондықтан мәселенің өршуіне жол бермеуге баса мән берілу керек. Кейінгі бес жылдың ішінде мемлекеттік органдар мен жұмыс берушілердің еңбекті қорғау саласы бойынша қабылдаған кешенді шараларының нәтижесінде өндірістік жарақаттану деңгейі 6,5%-ға түсті. Сақтандыру мен ереже бұзудың алдын алу мақсатында 2 800 кәсіпорын қауіпсіздік пен еңбекті қорғау стандарттарын енгізді.
Сонымен қатар Кәсіподақтар федерациясымен бірлесіп, мүгедектігі бар адамдарды халықтық бақылаушы ретінде тартуды көздейтін «Халықтық бақылау» әлеуметтік маңызды жобасы енгізіліп жатыр. Бүгінде жобаны жүзеге асыруға республиканың 240 кәсіпорны қосылып, онда 600-ден аса жұмыскер ішкі бақылауды орындап отыр.
Бұған қоса 2019 жылдан бастап Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан «Нөлдік жарақат – Vision Zero» тұжырымдамасын жетілдіру бойынша белсенді жұмыс атқарылып жатыр. Оған бүгінде 332 кәсіпорын қосылды.
Сондай-ақ «Онлайн еңбек консультанты» электронды сервисі іске қосылды. Бұл жұмыскер мен жұмыс берушінің арасында қашықтықтан өзара әрекеттесуді қамтамасыз ету үшін еңбек заңнамасының сақталуының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Сервисте жұмыс берушінің еңбекті қорғау талаптарын сақтауы бойынша тексеруден өтуін қарастырады. Бұл сервис іске қосылғалы бері 13 854 жұмыс беруші пайдаланды.