Теннис • 02 Ақпан, 2023

Теннисшілердің төртінші мүмкіндігі

220 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ертең теннистен Дэвис кубогі жолындағы іріктеу матчтарының шымылдығы түріледі. Бұл сында Қазақстанның ерлер құрамасы әлемдік доданың финалына шығу үшін Чилиде жергілікті теннисшілермен шеберлік байқасады. Матч 4-5 ақпан күндері Чилидің курортты қаласы Ла-Серенада орналасқан «Ла Трен­тино» аренасының құмдауыт корттарында өтеді.

Теннисшілердің төртінші мүмкіндігі

Чили теннис федерациясы ірік­теу ойындарын өткізу үшін бекерге құмдауыт кортты таң­дап отырған жоқ. Себебі Оң­түстік Америка өкілдері жасанды төсеніш пен табиғи шөптегі корттарға қарағанда, топырақ төсеніштегі алаңдарда әлдеқай­да жақсы өнер көрсетіп жүр­генін жанкүйерлер жақсы біледі. Мәселен, олар кейінгі бес жылда өз елінде екі ойын өткізіп, құм­дауыт корттағы екі матчта да қар­­сыластарын тізе бүктірген. 2018 жылы Чилидің бас шаһары – Сантьягодағы Estadio Nacional – Court Central Anita Lizana спорт кешеніндегі матчта Эквадор құра­масын 3:1 есебімен жеңген болса, былтыр Club de Tenis Union теннис кортында Словения тен­нис­шілерін 4:0 есебімен қапы қал­дырған. Енді, міне жарыс қо­жайындары сол сәттіліктердің жал­ғасы болсын деп бұл жолғы тағы бір маңызды кездесуін құм­дауыт кортта өткізуді жөн санап отыр.

Чили теннисінің тарихы тым тереңде болғанымен, олар бү­гінге дейін бар-жоғы бір-ақ рет Дэвис кубогінің фина­лын­да бақ сынаған. 1976 жылы Сан­тья­го­дағы бас жүлде үшін өткен бәсе­кеде Италия құрамасымен ше­берлік байқасып, күміс жүлдегер атанған. Дегенмен, әлем теннисі тарихында Чилиден шыққан даңқты теннисшілердің қатары аз емес. Атап айтқанда, Оңтүстік Америка өкілдері 2004 жылғы Афины Олимпиадасының екі дүркін чемпионы Николас Мас­сумен (жекелей және жұптық сында), Афины Олимпиадасы­ның жұптық сындағы жеңім­пазы және Бейжіңдегі доданың күміс жүлдегері Фернандо Гон­салеспен, әлемнің экс-бірінші ракеткасы Марсело Риос және тағы басқа мықты теннисшілерімен мақтана алды.

Бүгінде Николас Массу жаттықтыратын Чили құрамасы құ­рамалар арасындағы әлемдік рей­тингте 21-орында тұр. Жер­лестеріміз олардан 10 саты жо­ғары орналасқан – 11-орын.

Тынық мұхиты жағалауында орналасқан қалаға Юрий Щукин бастаған Қазақстан құрамасы бірер күн бұрын барып, Алек­сандр Бублик, Тимофей Скатов, Михаил Кукушкин, Андрей Голу­бев және Александр Недовесов ал­дағы матчқа қызу дайындық жүр­­­гізіп жатыр. Бұл кездесу екі ел ара­­сындағы алғашқы матч бол­­мақ.

Қазақстан теннис федера­­ция­сының баспасөз қызметіне алда­ғы ойын туралы пікір білдір­ген елі­міздің бірінші ракеткасы Алек­сандр Бублик құмдауыт корт­­тарда ойнап үйренгенін, ал­дағы матчқа толық дайын екенін айтты.

«Өздеріңіз білетіндей, бұ­рын­дары мен үшін топырақ тө­сеніштегі корттарда ойнау өте ыңғайсыз болатын. Қазір мұн­дай төсеніштерге әжептәуір бейім­деліп қалдым. Құрамадағы жігіт­тер Чилиге жақсы көңіл күй­мен келді. Өз еліміздің намысын қор­ғап, жеңіске жету үшін бар кү­шімізді саламыз, сондықтан ал­дағы бәсекеге мұқият дайындалып жатырмыз», деді Қазақ­стан құрамасының көшбасшысы Александр Бублик.

Чили теннисшілері мына құ­раммен өнер көрсетеді: Але­хандро Табило (ATP рейтингінде 97-орында), Кристиан Гарин (102), Николас Ярри (126), Томас Барриос Вера (№213), Гонсало Лама (332).

Ла-Серена қаласында өте­тін Чили – Қазақстан матчы әдет­тегідей төрт жекелей кездесуден және бір жұптық бәсекеден тұ­рады. Әр ойын үш сетке жал­ға­сады. Жарыстың бірінші кү­нін­де құрамалар жекелей сында екі ойын, келесі күні жұптық сын­да бір, жекелей сында тағы екі матч өткізеді. Бес матчтың қоры­тындысы бойынша, жеңіске жет­кен құрама қараша айында Испа­нияның Малага қаласында ұйым­дастырылатын Дэвис кубо­гінің финалдық кезеңінде бақ сы­нау мүмкіндігіне ие болады. Қазақ­стан жанкүйерлері матчты Qazsport телеарнасынан тікелей эфирде тамашалай алады.

Сондай-ақ Чили мен Қазақ­стан құрамасынан бөлек, әлем чем­пионатының финалы­на шы­ғу үшін Хорватия – Аустрия, Фран­ция – Мажарстан, АҚШ – Өз­бекс­тан, Германия – Швей­ца­рия, Ұлы­британия – Колум­бия, Сер­бия – Нор­вегия, Бельгия – Ко­рея, Шве­ция – Босния және Гер­цего­вина, Нидерланд – Словакия, Арген­тина – Фин­ляндия және Че­хия – Португалия теннисшілері іріктеу матчтарында күш сынасады.

Сөйтіп 12 жұптың жеңім­паз­дары былтырғы Дэвис ку­бо­­гі­нің жеңімпазы Канада мен екін­ші орын иегері Аустра­­лия, со­нымен қатар ұйым­дас­тыру­шы­лардан арнайы шақырту алған (wild card) Италия және Испа­­ния құрамаларының қата­рын толықтырып, 2023 жылғы чемпиондықты сарапқа салады.