Әрине, ол кісі туралы жазғанда Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның халық жазушысы деген сияқты дәстүрлі, кейде жаттанды сөздермен бастаудың қажеті шамалы болар. Көзіқарақты оқырман жата-жастана оқыған «Қан мен тер», «Курляндия», «Соңғы парыз» кітаптары қалың қазақ құрмет тұтар қастерлі дүниеге айналды. Оның аты алты Алашқа ғана емес, әлем жұртшылығына да жақсы мәлім. Қажырлы еңбек, арлы қаламымен жазған шығармалары шетел тілдерінде сөйлеп, талайды тамсантты. Қазақ деген тағдырлы халықтың басынан өткен аумалы-төкпелі заманның суретін шұрайлы тіл, кемел ойымен көркем кестеледі. Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин сынды әдебиет алыптарынан кейін жарқырап көрінген биік тұлға, парасатты жазушы – осы Әбең.

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»
2014 жылы халықаралық Пен-клубтың әлемге әйгілі Нобель сыйлығына Әбеңді ұсынуы да тегін емес еді. Себебі ол кісі бір ұлттың ғана емес, тұтас адамзаттың, бір көл ғана емес, күллі Жер шарының өзекті мәселелерін көтере білді. Әбеңнің романдары шөл даладағы шыңыраудың мидан өтетін мөлдір суы сияқты. Кенезең кеуіп, сусап барғанда ішкен сайын іше бергің келеді. Сарайың ашылып, рухың тазарады
Әбең – Әбдіжәміл Нұрпейісов Социалистік Еңбек Ері, Аралдың атақты жылқышысы, атам Көшербаймен сыйлас, дәмдес болып етене араласқан. Әсіресе әкем Елеумен аға-інідей жақын жүріп, тонның ішкі бауындай татулықтан танбай өткен.
Сондықтан Әбең де маған әке орнында болды. Жетістікке жеткенімді көрсе мақтап, арқамнан қағып, көтермелеп отыратын. Жұмыстарымызға қатысты да көп жайға қанықтырып, жөн-жосығын көрсетіп, сын-ескертпесі мен ақыл-кеңесін айтып тұратын. «Әкең өлсе де, әкеңді көрген өлмесін» деген қазақта аталы сөз бар ғой. Әкемді сағынғанда Әбеңе амандаса барып, қауқылдасып, мауқымды басып қайтатынмын. Ол кісінің мейірге толы ыстық құшағына бір рет басымды қойсам, жан дүнием жасарып қалатын еді. Балалық шағыма оралып, атам мен әкемнің шалғайына оралғандай тәтті күй кешетінмін.
Иә, қазақ сөз өнеріне мол олжа салған кесек суреткердің басынан қилы да қиын дәурен өтті. Оның өмір жолы өзі айтқандай қан мен терден тұрады. Әбең Аралдың асау толқындары шулап, алғашқы қар жауып тұрған қара күздің ортасында өмірге келді. Сол күні әкесі Кәрім Белараңның қозыжон белдерінде қансонарға шығып, қыран салып қызыққа батып жүрген екен. Ақ пен қызылдың айқасын, бірінің артынан бірі туған төңкерісті көре-көре зәтте болып, ашаршылықтан енді-енді оңала бастаған жұрт өмірге жаңа келген жас сәбиге ашық аспан, ұзақ ғұмыр тілескен. Қаймағы бұзылмаған қалың ел сол жөргектегі ұлдың болашақта тағдырларын тасқа таңбалайтын жазушы боларын сезбеді-ау, сірә.
Табиғат – кемеңгер, онда жан да, түйсік те бар. Сәбидің құлағына алғаш болып Аралдың асау толқындарының шуылы жеткен шығар. Сол толқындар баланы әлдилеп ұйықтатты, әлпештеп оятты. Қасиетті Арал күндердің күні тартылған арнасын қаламының сиясымен толтыратын бір перзенттің өмірге келгенін білді ме екен? Аралдың толқыны адамша сөйлеп, тіл қатып, сыр ақтарып Әбеңді есейтті.
Қаламгер шығармаларын оқып отырсаңыз, маң далаға тіл бітіп, өлі теңіз өксік атып сайрай жөнелетіндей. Әр туындысының қатпары қалың, пайымы терең болуының сыры, бәлкім, осында.
Мен үшін ел мен жердің тағдырын жан-жүйесімен жырлай білген шығарма ғана нағыз кемел туынды. Әбеңнің шығармашылығы – бір ұлттың басынан кешкен азапты да ауыр, машақатты да қасіретті тағдырына құрылған үлкен бір әлем іспетті.
Қазіргі жас ұрпақ бейбіт аспанның астында еркін тыныстап, тату-тәтті ғұмыр кешіп жатыр. Әрине, тәубе дейміз. Ата-бабаларымыздан тартып мың өліп, мың тірілген қазақ осындай мамыражай заманды аңсады емес пе? Бірақ Әбең туған заман мүлде басқа еді. Балалық шағы қазақ даласында алапат аштық пен репрессия жалмаған қасіретті заманға, сұрқай да суық жылдарға тура келді. Оқу емес, жан қайғы болды. Десе де, асылдың сынығы болған әкесі баланың болашағын ойлап, 1931 жылы Көлқара ауылында ашылған мектепке апарады. Мектеп деген аты болмаса, бір бөлмелі жүдеу үй. Осы жерде Әбең бірінші сыныпты бар болғаны 17 күн ғана оқып, 2 әріп қана танып шыққан екен. Одан бері табаны күректей 98 жыл аунапты. Адам бір терінің ішінде мың арып, мың семіреді. Халық та солай. Қағанағы қарқ болатын күн де, сағы сынатын шақ та көп. Сол 17 күн оқып, әжесінің қазасына байланысты үйіне қайтқан бала соқтықпалы, соқпақты жолдардан өтіп, қалың қазақтың қабырғалы қаламгеріне айналды.
Әбеңнің жастайынан қаламын ұштап, жазушы болмасына шарасы да жоқ еді. Ол кешкен ғұмыр, көрген тағдырының өзі-ақ жазбасына қоймады. Маңдайына бір өмір жазып тауыса алмайтын шытырман жазмыш сыйлаған екен. Қазақ баласына келген зобалаң аштықта, қуғын-сүргін кезінде шалқып өмір сүрген Нұрпейістің әулеті де жансауға іздеді. Алапат соғыс майданынан ет жақындары мен асқар таудай әкесінен айырылып, жалғыз басы ғана оралды. Туған жері тозып, туған елі азса, арлы азамат алдымен күрсінбек. Маңдайына жазған осыншама тағдырды ақ қағаздың бетіне бедерледі. Өлмес, өшпес шығармаға арқау етті. Тұтас бір дәуірдің тірі шежіресіне айналдыра білді.
Әбең салиқалы да бекзат жан еді. Дүние жаратылғалы бір қалыппен кілкіп қана ағатын өзен сияқты. Арнасының суалып, тартылып қалғанын, не асып-тасып кеткенін көрген емеспін. Жетсе тасымайды, жетпесе жасымайды. Дала жүректі, дарқан пейілді адам. Қашан көрсең күлімсіреп, өзінің әз болмысында жүреді. Ғұмырында пендешілікке бой алдырып, жүйкесін шаршатқанын көргенім жоқ. Алатаудай атағына қарамастан үлкен болсын, кіші болсын, аса кішіпейіл. Бойын менмендіктен, өзімшілдіктен таза ұстады. Данадай ойланып, баладай ақ адал көңілмен ғұмыр кешті. Алды даңғыл, арты таза ғибратты өмірі соған куә. Жүрегін кірлетпеген, кеудесіне шаң қондырмаған осы таза бітімі ол кісінің ұзақ ғұмыр кешуіне негіз болғандай. Жүйкесі сыр беріп, жүрегіне ерте салмақ түскен жан тез қартаяды. Ал Әбең өзі сомдаған кейіпкерлер ойындағыдай шықса, солармен бірге жасап, жасарып, түлеп отырды.
Алқалы жиынның бірінде Сәбит Мұқанов Әбдіжәміл Нұрпейісов хақында: «Менің қазақ әдебиетінде 20 жыл бойы күткен адамым енді келді», деп көпке сүйіншілеп жар салған екен. Әбең әдебиет есігін именбей аттап, алғашқы қадамын мүйізі қарағайдай жазушылардың тісі батпай жүрген романнан бастауының өзі – бір бөлек әңгіме. Әйгілі Әуезовтің өзі қолжазбаларымен танысып, ризашылығын білдірген. Осылайша, алдыңғы толқын ағалардың ізін басып, қазақ әдебиетіне тағы бір қарымды қаламгер қосылған еді.
Ауыл өмірі, кішкентай кейіпкерлер Әбең шығармашылығының негізгі бітімі секілді. «Әлі күнге бір бүйірін ауыл өміріне бұрып тұрады. Қанша қашыққа шырқап кетсең де, бойыңдағы бір тамырың туған жеріңнің топырағында бүлк-бүлк етіп соғып жатқандай. Кей күні... сен әлденеге өзек аузында жалғыз үй отырған балықшы шалдың қамыс қосын, жұпыны жиһазын, жалпылдақ шамын есіңе аласың. Өз үйің жайнап тұрса да, саған осынау балық сасыған кішкентай қос ыстық. Қос ішінде, ақ иық қылған ауыр еңбектен болар, жан әкең сілесі қатып шаршаған. Күнге күйген жылтыр қара бетінде қалжыраған ажар бар. Үні де қалжырап ақырын шығады. Сол кезде қара пұшық бала әлдеқайдан жүгіре кеп отырса болғаны, оның әжім беті іштей нұрланып елжіреп қоя береді», дейді жазушы.
«Ымырт» (1961), «Сергелдең» (1964), «Күйреу» (1970) романдарынан тұратын атақты «Қан мен тер» трилогиясының терең қатпарында осы бір жанды өмір қайнап жатыр. Жанымен сезген, жүрегімен түсінген дүние қашанда кемел болмақ. Еламан, Ақбала, Тәңірберген сияқты мінез-құлқы, жан қатпары бүкпесіз ашылған кейіпкерлер әлем әдебиетіндегі аңыз кейіпкерлермен тең тұра алады. «Осы бір ұлы романдағы сан қырлы, алуан бояулы дала мен оны мекен ететін халық өзінің бейтаныс әрі таңсықтығымен ежелгі бір далалық ауызекі тілде айтылған эпопея секілді бізді еліктіріп алып кетеді», деп француз жазушысы Андре Стиль текке айтпаса керек.
2014 жылы халықаралық Пен-клубтың әлемге әйгілі Нобель сыйлығына Әбеңді ұсынуы да тегін емес еді. Себебі ол кісі бір ұлттың ғана емес, тұтас адамзаттың, бір көл ғана емес, күллі Жер шарының өзекті мәселелерін көтере білді. Әбеңнің романдары шөл даладағы шыңыраудың мидан өтетін мөлдір суы сияқты. Кенезең кеуіп, сусап барғанда ішкен сайын іше бергің келеді. Сарайың ашылып, рухың тазарады.
Туған жерді қастерлеген, әр түйір құмы, бір тамшы суына дейін қызғыштай қорғаған жанның бірі – Әбең. Жүрегі туған жермен бірге соқты. Аралмен бірге ортайып, Аралмен бірге толатын еді. Бала кезде кеудесі қазынаға толы Көшербай атамның аузынан сан алуан аңыз-әңгіме тыңдап өстік қой. Сол кезде батырлар шапса да, атса да өлмеуші еді. Оның жаны терең көлдің түбіндегі семсерінде жасырылуы болатын. Осы күні бажайлап қарасақ, Әбең де өз жанын сол ертегінің батырлары сияқты Аралдың тереңіне тастаған екен. Табиғаттың кетеуі кетіп, жылдан-жылға Арал тартылған сайын Әбеңнің қайғысы да қалыңдай түсті. «Соңғы парыз» – алтын кебектей ақ құмақтың ортасындағы табиғат сыйы Арал теңізінің қасіреті туралы кітап. Дала, табиғат, теңіз – Әбдіжәміл Нұрпейісов шығармашылығының өзекті де негізгі арқауы», дейді әдебиетші Нағашыбай Төлепов. Арал қасіреті – Әбеңнің жүрегін кемірген жегі. Арал болып аласұрып, Арал болып дөңбекшиді. Оған өзімнің де сан мәрте көзім жеткен еді.
Мен Маңғыстау облысының әкімі болып жүрген шағым. Арал теңізі қайтып, арнасы аршылып, жалаңаштана бастаған. Әбеңнің туып-өскен, балалық шағы қалған жері Белараң теңіздің бір сұғына біткен түбегі. Ол жерден қазір теңіз тартылып кеткен. Суы қайтып қаңсыған құмның тозаңы шығып жатыр. Биік жерден көз салып қарап тұрсаң, төменде теңіз табанында қалып қойған кемелердің қаңқасын көресің. Тарихтың ескірген, тозған, уақыт жемірген бір парағындай көңіл құлазытады. Сол жердегі биіктеу бір төбенің басына Әбең өзінің кесенесін салдырды. Соған қажетті құрылыс материалдарын «Маңғыстаудан жеткізіп бер» деп қолқа салды. «Адам тірі кезінде өзіне мола салудың не қажеті бар» деп қисаңдап, көнбеген едім. Қатты ренжіп, ұрсып тастады. Сосын үлкен кісінің меселін қайтармай, айтқанын бұлжытпай орындадым. Кейін бір кездескенде маған оғаштау көрінген осы қылығының мәнін сұрадым. «Күні бұрын басыңызға кесене көтергеніңіздің керегі не? Алматыда тұрасыз. Кейін сонау жердің түбі Аралға қатынау бала-шағаңызға қиын болады ғой» деп едім, мүлдем басқа жауап алдым. Мен де сол Аралдың перзентімін ғой. Жан жүрегім елжіреп кетті.
«Мені іздеген адам болса, сол жердің түбіне келсін. Тозған, топалаңы шыққан жердің жағдайын, елдің күйін көрсін. Көзіқарақты, көкірегі ояу пенде болса ойланар. Ойланса, мысқалдай болса да пайдасы тиер. Мен өлгеннен кейін де сол шерлі Аралыма пайдамды тигізгім келеді. Қазіргі Қызылорда, Маңғыстау облыстарының орнында бағзы бір заманда үлкен Таксис деген мұхит болыпты. Арада талай заман өткенде сол телегей мұхит қайтып, орнында Каспий теңізі, Арал теңізі, Қара теңіз, Азов теңізі сынды ұсақ теңіздер қалған. Білгірлердің айтуына жүгінсек, бұл жер жаралғалы үшінші рет осылай болып отыр. Біресе түбі сарқылып кетеді, біресе кенерін толтырып қайта келеді. Бұл жолғы теңіздің кетуі адам пиғылының нашарлығынан деп ойлаймын. Бұл тек экологиялық апаттардан ғана емес, бұған адами сезімдер де әсер еткен сияқты. Мейірімділіктің жоғалуы, ізгіліктің өшуі, тасбауырлық, жауыздық – бәрі-бәрі... Оны «Қан мен терді», «Соңғы парызды» мұқият зер салып оқыған адам байқайды. Сондықтан мен жай жатпай сол Белараңыма барып, алыстап кеткен теңіздің шуылын аңсап жатайын. Мүмкін, күндердің күні адамзаттың пиғылы өзгерер, теңіз ескі арнасына қайтып келер, тасып төгілер. Буырқанған толқыны жартасты көміп, шағалалар шаңқылдап, тіршілік жыры маздайтын шығар. Осындай бір аңсарлы үмітпен мені сол жерге жерлеуді сендерге аманат етіп тапсырамын», деді арда туған Әбең үлкен тебіреніспен.
Кеудесінде жаны бар, еті тірі, жүрегі ояу адамды елең еткізер ұлы сөз, кемеңгер байлам емес пе? Тек жасы ұлғайып, індеттен бірнеше рет емделген соң ғана бірде маған, Смағұл Елубайға, бауыры Марал Итеғұловқа Алматыда жерленуге келісім берді. Ал жерлестері Белараңда Әбенің шығармашылығына арналған белгілі жерді қорғауды міндетіне алды... Шығармалары күллі қазаққа рухани сусын болса, енді ғұмырымен де үлгі болмақ. Осы бір әңгімелерден кейін Әбеңнің жүрегімдегі орны тіпті де биіктей түсті. Ол кісі кейде Қазығұрттың басында қалған Нұх пайғамбардың өзі де, кемесі де сынды. Ескінің көзін көрді, жақсының сарқытын ішті. Ешкімнің ала жібін аттамай, ғибратты ғұмыр сүрді. Қажымай, талмай, таусылмай көл-көсір еңбек етті. Әбеңнің асыл арманы орындалса, қазақтың ырыс қазаны тасып, іркіті мол болары сөзсіз. Лайым, Құдай Тағала алты Алашты кемеліне келіп, кемеріне толып, шалқып отыратын заманға жеткізгей!
Әбеңнің мәңгілік өмірі енді басталды. Аралдың қайта толғанын біз көрерміз, мүмкін көре алмаспыз. Десе де, асау толқыны жағаны ұрған телегей теңіздің тірі суреті салынып қалды. Ол – Әбеңнің шығармаларында. Ол шығармалар Аралдың ғана емес, қазақтың толған, ортайған, тартылған тарихын таспалады.
Әбең саналы ғұмырының соңына дейін ақ қағазбен анда болды. Арымен серттесті. Көл-көсір мұра қалдырды. Әбеңмен бірге салқар, сәнді көш болашаққа бағыт алды. Әбеңмен бірге бір ғасырдың парағы жабылды. Енді біз Әбеңді Алматыдағы үйінен емес, кітаптарының сарғайған парақтарынан іздейміз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыға арнайы келіп, жазушыға Еңбек Ері жұлдызын тапсырып тұрып, «Ғасырлық мерейтойда кездесейік» деп жүрекжарды тілегін айтып еді. Өкінішке қарай, бұйырмады. Бірақ жақсының аты өлмейтіні ақиқат. Оның 100 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО көлемінде атап өту – біздің парызымыз. Сәулетті шаһарларымызда Әбеңнің ескерткіштері бой көтеріп, оқу-мәдениет орындарына, көшелерге аты берілер, университеттерден, кітапханалардан, мектептерден арнайы залдар ашармыз. Туған ауылы Белараңға кезінде біздің Аралымызға салғандай Әбеңнің мұражайын салуымыз керек. Оның жоқтаушылары, қалың оқырманы қатынауына жағдай жасалса екен. Тәңірі қазақтың маңдайына сондай дарынды ұлды, қарымды қаламгерді сыйлады. Енді біз оны қатарымыздан алғанына ренжімей, бергеніне шүкіршілік білдірейік, ағайын. Өткенінен ұлағат, болашағынан мақсат-мұрат іздеген жас ұрпақ Әбең шығармашылығын оқу арқылы ұлғаусар дүниеге кез болады. Күмән жоқ!
Әбеңнің өзі арамыздан кетсе де, шығармалары мәңгі қазақтың жүрегін әлдилеп, рухани шамшырағына айналары хақ.
Қырымбек Көшербаев,
мемлекет және қоғам қайраткері
Ауыл • Кеше
Тұрмысты жеңілдеткен жаңа технологиялар
Технология • Кеше
Қоғам • Кеше
Пікір • Кеше
Мереке • Кеше
Мәселе • Кеше
EURO-2024: Словения мен Данияны жеңе аламыз ба?
Футбол • Кеше
Шахмат • Кеше
Бокс • Кеше
Футбол • Кеше
Спорт • Кеше
Қысқы спорт • Кеше
Дәстүр • Кеше
Өнер • Кеше
Қоғам • Кеше
Сайлау: Алғашқы Еxit poll нәтижесі белгілі болды
Сайлау • Кеше
Түркиядағы сайлау учаскелерінде дауыс беру аяқталды
Әлем • 19 Наурыз, 2023
Сайлау күні 609 сәби дүниеге келді
Сайлау • 19 Наурыз, 2023
Сайлау-2023: Дауыс берушілердің соңғы мәліметтері жарияланды
Сайлау • 19 Наурыз, 2023
Бокс: Карина Ибрагимова 1/8 финалға жолдама алды
Бокс • 19 Наурыз, 2023
Франциялық бақылаушылар Алматыдағы сайлау барысының ашықтығын атап өтті
Сайлау • 19 Наурыз, 2023
Еліміздің басым бөлігінде дауыс беру аяқталды
Қоғам • 19 Наурыз, 2023
Қытайдағы сайлау учаскелері өз жұмысын аяқтады
Әлем • 19 Наурыз, 2023
ОСК: Халықтың 54,09 пайызы сайлауда таңдауын жасады
Сайлау • 19 Наурыз, 2023
Халықаралық сарапшы алматылықтардың жауапкершілігін ерекше атап өтті
Сайлау • 19 Наурыз, 2023
Шетелде 5 мыңға жуық отандасымыз дауыс берді
Саясат • 19 Наурыз, 2023
Ресей бақылаушылары Алматыдағы дауыс беру барысына оң баға берді
Сайлау • 19 Наурыз, 2023
Қостанайдағы 6 сайлау учаскесінде дауыс беру аяқталды
Аймақтар • 19 Наурыз, 2023
ОСК кешкі уақыттағы сайлау қарқынын баяндады
Сайлау • 19 Наурыз, 2023
Канадада жасөспірім екі полицейді атып өлтірді
Әлем • 19 Наурыз, 2023
Қонаевта ретрокөліктер шеруі ұйымдастырылды
Қоғам • 19 Наурыз, 2023
Елорда мен Қазақстанның үш облысында ауа райына байланысты ескерту жарияланды
Ауа райы • 19 Наурыз, 2023
Астанада әскери қызметші мұз астына құлап кеткен баланы құтқарды
Қоғам • 19 Наурыз, 2023
Шавкат Рахмоновтың келесі қарсыласы кім?
Спорт • 19 Наурыз, 2023
Сайлау комиссияларының бірнеше мүшесі процестен шеттетілді
Қоғам • 19 Наурыз, 2023
Алматының көлік жүргізушілеріне ескерту жасалды
Қоғам • 19 Наурыз, 2023
6 миллионнан астам адам дауыс беріп үлгерді
Сайлау • 19 Наурыз, 2023
Пәкістанда су тасқынынан 10 адам қайтыс болды
Әлем • 19 Наурыз, 2023
Теміржолшылар әулеті дәстүр бойынша сайлауға келді
Сайлау • 19 Наурыз, 2023
Павлодарда 103 жастағы кейуана дауыс берді
Сайлау • 19 Наурыз, 2023
Ұқсас жаңалықтар