Суреттерді түсірген Азамат Құсайынов
Конференция жұмысына Алматы қаласы әкімінің кеңесшісі, әдебиеттанушы-ғалым Мамай Ахетов модераторлық етті. Алғашқы болып сөз алған Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Қанат Ысқақов, ел тарихынан ойып орын алатын «Қазақ» газеті ұлттық баспасөздің қайнар бұлағы екенін айта келе, барша зиялы қауымды мерейлі датамен құттықтады.
ХХ ғасырдың бас кезінде жарық көрген басылым қазақ үшін ақыл-ой орталығы болғанын айтқан тарихшы Мәмбет Қойгелді: «Ұлт тарихында дәл «Қазақ» газеті секілді қазаққа жаны ашып, сол жолда шығарушы азаматтармен бірге репрессия құрбаны болған бірде-бір басылым болған жоқ.
Оның идеясы да, авторлары да қитұрқы саясаттың құрбаны болды. «Қазақ» газеті өзіне де, өзгеге де мейірімсіз саяси жүйемен арпалысты күрес жүргізе отырып, қазақ өмірін тура түсініп қорыту, сол арқылы ұлттың ендігі міндеттерін анықтау және белгілеу ісін фундаментальды тұрғыда концептуалды деңгейге көтерген басылым болды. Біз оны жай ғана газет деп түсінсек қателесеміз. Оның ауқымы кең. «Қазақ» газеті – қазаққа ұстаз. Ұлтқа жол көрсетіп, етек-жеңін жиғызды. Бір басылым бүтін бір мемлекеттік орган істей алмайтын жұмысты атқарды. Оны шығарушылар қазақ қоғамын қандай сапаға көтерді. Газеттің негізін қалап, ыстық-суығын көтерген Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатовтың өмір жолдарындағы ең құнарлы да жемісті шағы «Қазақ» шығып тұрған кезеңге тұс келді. Олардың шығармашылық өсіп-өркендеу жолы да осы кез еді», деп атап өтті.
«Қазақ» газетінің 1913-1915 жылдар аралығында жарияланған сандарын төте жазудан аударып, ғылыми ортамен қауыштырған тарих ғылымдарының докторы Светлана Смағұлова «Ахмет Байтұрсынұлы және «Қазақ» газеті» тақырыбында баяндама жасады.
– «Қазақ» батыл ойлар айтып, жарық өмірге жол сілтеген шоғыры биік басылым. Қазақ халқы үшін сол кездерде құлағы, үні, тілі болып айналасына ұлт болашағын ойлаған қазақ азаматтарын біріктіре білген «Қазақ» газетін ұлт ұстазы, күрескер ақын, реформатор Ахмет Байтұрсынұлы қазақтың жан жарасына айналған жер, тіл, дін, оқу және тағы басқа мәселелерді көтеретін басылымға айналдырды. Газеттің жарық көруіне елдің игі жақсы адамдары мен байлары, оқу орындарында оқыған студенттері мен оқырмандары қаржылай көмек көрсеткен. «Қазақ» газеті – қазақтың тұңғыш төл энциклопедиясы. Ұлттық езгіде жатқан қазақтың ұйқысынан оянып, алдыңғы қатарлы елге айналуына, білімді, мәдениетті халықтардың қатарына көтеруге, ұлт-азаттық қозғалыс идеологиясының қалыптасуына күш салды. Кейіннен кеңестік жүйе тарапынан қатаң сынға ұшырап, «ұлтшылдықты» насихаттаудың бастауы осы органнан бастау алды деген тұжырымға ие болды. Жалған жаламен жазаға ұшыраған қазақ зиялыларын айыптау, олардың ұлтшылдықтарын осы газетке жариялаған мақалалары мен осы газетті шығарудағы қызметтерімен дәлелденді. Газет беттерінен бірінші жаһандық соғыс кезінен бастап, Ресей империясы мен шет мемлекеттер арасында болып жатқан саяси оқиғалары жайында, Балқан соғысы, бірінші империалистік соғыстың басталуы мен оның барысы, Ресей мен Түркия арасындағы қарым-қатынастар, соғыс техникасы мен қару-жарақтар, Қытай елінің өз тәуелсіздігін қорғау үшін күрес барысы және дүниежүзілік империалистік соғыстың Қазақстанға тигізген әсері жөнінде мәлімет ала аласыз. «Қазақ» 1916 жылғы дүрбелең, бұратана атанған халықтарды қара жұмысқа алу турасындағы патша Жарлығына қатысты туындаған жағдайды, ұлт зиялыларының осы мәселе төңірегіндегі ой-пікірлерді талдауға алған бірден-бір басылым. Тыл жұмысындағы қазақтардың ауыр жағдайын көтеріп, дабыл қаққан да осы «Қазақ» болатын, – дейді ғалым.
Ғалымдардың айтуынша, «Қазақ» газетінің айналасында әлі де терең зерттеп-зерделеуді қажет ететін дүниелер аз емес. Тіпті басылымның біраз сандары әлі күнге дейін табылмаған. Бұл тұрғыда алаштанушы-ғалым Елдос Тоқтарбайдың ойы төмендегідей:
«Өкінішке қарай, еліміздің бірде-бір оқу орнының тарих, журналистика, филология факультеттерінде ескі жазу курстары жүргізілмейді. Оларды оқу білмегендіктен студенттердің ескі газеттердегі біздің тарихымызды тануға ықыластары жоқ. Кезінде Ү.Субханбердина апамыз үш тілде дайындаған «Қазақ газеті» кітабы, С.Смағұлова әзірлеген кириллицадағы кітапты пайдаланады. 1916,1917,1918 жылдарғы «Қазақ» газеті ешкімнің қолында жоқ. Газеттің ең негізгі шарықтаған кезеңдері осы тұстар. Оны ескі жазуды танитын аз ғана азаматтар біледі. Біз «Қазақ» газетін қайта жаңғыртқан күнде осы газетті зерттейтін орталық жасай алмадық. Алдағы уақытта қазақ газеттерін, баспасөзін зерттейтін институт жасауымыз керек. Ұрпақ сол уақыттың үнін газеттер арқылы танып біледі. «Қазақ» газеті қаржылық жағдайға байланысты жабылды деген өтірік нәрсе. Қазақ газеті қиянатпен жабылды. Ең өкініштісі, сол кездегі саясаттың шоқпары болғандар бұл істің басында тұр. Сондықтан басылымның тарихы туралы айтқанда «газет өзін-өзі асырай алмады» деген тұжырымнан арылуымыз қажет. «Қазақ» газетінің Түркістан, Еділ, Орал, Анадолыда жазылу абоненттері болды. Түркияның Ыстанбұл, Мерсин, Маниса қаласында түрік зиялылары тұрақты жазылып отырған. Жауапты орындар назарға алып, Алаш баспасөзінің әр нөмірін факсимилесімен әзірлеп, баспасөз энциклопедиясын дайындауымыз керек деген ұсынысым бар. Мен 3868 бүркеншік есімнің көрсеткішін дайындап жатырмын. Оның ішінде анықталмаған бүркеншік есімдер де бар», дейді Е.Тоқтарбай.
Конференцияда сөз алған профессор Бағдан Момынова бүгінгі баспасөзде айтылып, жазылып жүрген көптеген сөзжасам мен тіркес «Қазақ» газеті арқылы бүгінге жеткенін айтса, Қазақстан журналистер академиясының президенті Сағымбай Қозыбаев ұлттың үнін айшықтаған басылым жас тілшілерді тәрбиелеуде үлкен дәстүрге ие ірі мектеп екенін атады.
Ұлттық баспасөзде «Қазақ» газетінің дәстүрлі жолын жалғау мақсатында айтулы қаламгер Қоғабай Сәрсекеевтің бастамасымен 2006 жылы «Қазақ» деп аталатын республикалық қоғамдық-саяси газет оқырманымен қайта қауышқан болатын. Аталған шара аясында журналистикада өз үні бар апталық басылымның бірқатар қызметкері салалық төсбелгімен, Алғыс хаттармен марапатталды.
АЛМАТЫ