18 Маусым, 2014

Президент туралы немереммен әңгіме

370 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

КӨРГЕНДІ ЕЛ ЕРДІ ӨСІРЕДІКӨРЕГЕН БАСШЫ ЕЛДІ ӨСІРЕДІ

а22 – Жолдаулардың мән-мазмұнын тү­сіндіріңізші, ата? – деді маған он жасар немерем. – Апайымыз осы тақырыпқа шығарма жазып келіңдер деген... Без имени-2– Балам, білгенің жөн, –дедім мен, сұрақты кеңінен түсіндіргім келіп, – барлық елдің президенттері жыл сайын халқына сөз арнайды, оны Жолдау дейді. Жолдауда елді өркендетудің болашақ бағдар­ла­ма­лары нақтыланады да, оны үкімет, жергілікті билік кезең-кезеңімен жүзеге асырады. Сонымен бірге, Президенттің өз партиясы болады. Ол партия сайлауда жеңіске жетуге бар күш-жігерін жұмсайды, Президент саясатын үнемі қолдап, бағдарламалар қабылдап, оны жүзеге асыруға жұмыстанады. Біздің елімізде билік қолына тиген партия – «Нұр Отан» партиясы. Мен сол партияға құрылғаннан бері мү­шемін. Оның бағ­дарламасы – ме­нің бағдарламам. Тәуел­сіздігімізді нығайтуға қарлығаштың қа­на­тымен су сепкендей болса да жырыммен өз үлесімді қосып ке­ле­мін. Сондықтан да ке­зінде «Қазақстан- ­2030» Стратегиялық бағдарламасын ха­лыққа кеңінен түсін­діретін жалынды пуб­лицистикалар мен көркемдігі жоғары «Барыс мінез халықпыз», Каспий қайраңын игеру инвестициясы туралы «Каспийдің түбі – алтын түп» топтама өлеңдерін және бірнеше насихаттық мақалалар жаздым. Бір сөзбен айтқанда: Жолдаулар, Жолдаулар, Жолдаулар, Әр сөзде терең сыр, толғау бар. Елімнің бүгіні, ертеңі, Халықтық шын ниет, қолдаулар. Жолдаулар өскені сананың, Жолдаулар жыл сайын жаңару. Жолдауда әр тарау шертеді, Өркендеу істерін Даланың. Қазағым тігеді алысқа, Алысқа, Ғарышқа жанарын. Түсіндің бе енді. Жолдаудың маңызы үлкен. Мен саған сонау тәуелсіздік алған 1991жылдан бергі Елбасымыздың ғылыми еңбектерін, Жолдауларын жіпке тізіп бере аламын. 1992 жылы Президентiмiздiң «Қазақстанның егемен мемлекет ретiнде қалыптасуы мен дамуының стратегиясы» атты алғашқы ғылыми еңбегi жарық көрдi. 1993 жылы «Қоғам­ның идеялық бiрiгуi – Қазақ­стан дамуының кепiлi» атты екiншi еңбегi жарияланды. Осы еңбектердегi негiзгi қағи­да­лар 1995 жылы референдум негi­зiнде қабылданған жаңа Конс­ти­ту­цияда жарқын көрiнiс тапты. Бiз бұдан Елбасының елiмiздiң өрке­ниеттi дамуының теориясын сонау тәуелсiздiгiмiздiң алғашқы күн­дерiн­де-ақ ерте бастан ой елегiнен өткiзiп сараптағанын көремiз. Ал 1997 жылғы «Қазақстан-2030» ұзақ мерзімді стра­те­­гия­лық Жолдауында Нұрсұлтан Әбіш­ұлы елiмiздiң келешек келбетiн әде­би метафоралық теңеумен былай деп бейнелеген-дi: «2030 жылға қарай Қа­зақ­стан Орталық Азия Барысына ай­на­лады және өзге дамушы елдер үшiн үлгi болады деп сенемiн... Жа­нуар­­лар әлемiнде Жолбарыс туыс­тас болғанымен, Барыстың өзiн­дiк ерек­шелiктерi де бар. Бұл өзi­не тән тектiлiгiмен, бұлалығымен, ал­ғыр­­­лығымен, жасқануды бiлмейтiн тәк­ап­­парлығымен, батылдығымен, ай­ла­­лығымен дараланатын Барыс болмақ...» Кеттi күндер елесi, Небiр тоңған, жылаған. Қазақстан кемесi – Штурвалда Нұр-Ағаң. Бет түзедi сенiммен, Бақыт, шаттық портына. Мейiрiм боп төгiлген, Тастап нұр iс артына. Оның әрбiр iсiнде – Кемелденген болашақ. Ал жүзiнде, жүзiнде Имандылық, Парасат. Бәрi осының, осының, Шыққан нәрсе намыстан. Тыңдап сөзiн досының Айдаһар мен Арыстан, Қажет болса осы күн Қаймығады Барыстан... Қазақстанның халықаралық арена­дағы беделi жыл сайын биiктен биiк­ке көтерiле бердi десек, артық айтқандық болмас. Досты сүйiндiрiп, дұшпанды күйiндiрер небiр тамаша табыстарға қол жеткiздiк, балам! Елбасы бүкiләлемдiк азаматтық тәжiрибемен байланыстыра отырып, бағдарлама сызып, республиканың өзiндiк ұлттық идеологиясын ұсын­ды. Оның міндеттері: бiр жеңнен қол, бiр жағадан бас шығара отырып, ең бiрiншi – әлеуметтiк бағдарланған аралас нарықты экономика құру; екiншi – ұлттық кәсiпкерлiктi қолдау; үшiншi – өндiрiстi құрылымдық жағынан қайта құру; төртiншi – халықты әлеуметтiк қорғау; бесiншi – мемлекеттерден экономикалық, сая­си серiктестiктер таңдау; алтыншы – республикада құқық мәдениетi мен құқықтық реформаны жүзеге асыру; жетiншi – Қазақ елiнiң қорғаныс қабiлетiн сақтайтын ұлт қауiпсiздiгiн нығайту; сегiзiншi – бiздiң барлығымыз да бұрынғы КСРО-ның немесе ТМД-ның емес, тәуелсiз, болашағы жарқын Қазақстан мемлекетiнiң азаматы екенiмiздi жан-жүрегiмiзбен түсiнiп, ұғыну, сөйтiп, әрбiр адамды бала кезiнен «Қазақстан – менiң Отаным, оның мен үшiн жауапты екенi сияқты, мен де ол үшiн жауаптымын», – деген қарапайым ойды бойына сiңiруге тәрбиелеу; тоғызыншы – тiл мәдениетiн көтеру, оның iшiнде өзге тiлдерге көлеңке түсiрмей, қазақ тiлiн мәдениеттiң бiр бөлiгi ретiнде, барлық қазақстандықтарды бiрiктiрудiң қосымша факторы ретiнде қарастыру. Ол барлық ұлттар мен ұлыстарға қазақ халқының мәдениетiн, дәстүрiн, әдет-ғұрпын, тұрмыс-тiршiлiгiн танытып бiлдiрудiң негiзгi ұйытқысы болуы тиiс. Біз осы міндеттердің көбін мерзімінен бұрын орындап шықтық. Партия мүшесі өз партиясының жарғысын, бағдарламасын білуі тиіс. – Ұлы мақсатымыз не, ата? – Мәңгілік Ел болу идеясын жүзеге асыру. Елбасымыз «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауында біздің негізгі нысанамыздың осы екенін айқындап берді ғой. Ендігі бағдар – «Қазақстан-2050»... – Сонда Мәңгілік Ел дегеніміз қандай ел, немесе кімнің елі? – Біздің еліміз. Қазақтың елі. Оны ұғыну үшін Жолдауды зейінмен оқу керек, ұлым. Әрине, ғылыми тұрғыдан түсіндірме де қажет болар. Адамдарды аудиторияға жинап алып, Пре­зи­денттің сөзін үтір, нүктесіне дейін қал­­дырмай оқып беру деген түсіндіру емес, ол босқа уақыт алу, оған ғылыми тұрғыдан келу керек, жалаң баяндаудан ештеңе ала алмайсың. Адамзаттың бар құндылығын бойына сіңірген, әлемдегі өркениетті отыз елдің қатарынан ойып тұрып орын алатын, олармен тең дәрежеде достық, туыстық қатынас ор­на­татын елдігімізді нығайта түсу. Атаң бәрін біледі деп ойлайсың ғой. Менің де білмейтіндерім көп. Менің ойым­ша, жыл сайынғы Жолдаулар мемлекетіміздің теориясы мен стратегиясын сызып берген сол ғылыми еңбектермен астарласып жатады. Бай­қасаңыз, биылғы Жолдаудың мақ­са­тының бірі –Президенттің 1993 жылы «Қоғамның идеялық бiрiгуi – Қазақстан дамуының кепiлi» атты екiншi еңбегiндегі сегізінші, тоғы­зын­шы тармақтармен сабақтас. Яғни, «...болашағы жарқын Қазақстан мем­лекетiнiң азаматы екенiмiздi жан-жүрегiмiзбен түсiнiп, ұғыну...»; «...өзге тiлдерге көлеңке түсiрмей, қазақ тiлiн мәдениеттiң бiр бөлiгi ретiнде, барлық қазақстандықтарды бiрiктiрудiң қосымша факторы ретiнде қарастыру...». Әлемдік өркениет Тұңғыш Президенті­міз Нұрсұлтан Назарбаев­ты бүкіл адамзаттық мүдде тұрғысы­нан қарайтын реформатор тұлға ретінде біледі, мойындайды. – Өскенде мен де Президент болсам деймін, ата! – Кім болсаң да алдымен адам бол, айналайын. Қазақ елінің көсегесін көгертетін сендерсіңдер. Тек білім алуға, ұлттық рухпен өркениетті өмір сүруге ұмтыл, балам! Айтуар ӨТЕГЕНОВ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Ақтау.

Өз елім менің – өзегім дейтін тұлға

Без имени-1Жаһанданудың әлеуметтік аспекті­лерін зерттеушілер әлемдегі ең бай жиырма ел мен кедей жиырма елдің ІЖӨ көрсеткіштері 1962  жылы 53/1 болса, елу жылға жуық уақыт ішінде ол 120/1 болып, 2,3 есеге өсті. Қазақстанда 2020 жылға қарай жан басына шаққанда ІЖӨ 20 мың долларға жетеді деп күтілуде. Қазақстанда болған Гарвард универ­ситетінің профессоры М.Портер қазіргі заманғы елдерді үш топқа бөліп қарайды: бірінші топ – өндірісте арзан жұмыс қолын пайдаланатын, өз елінің қазба байлықтарын аяусыз жұмсайтын елдер. Бұл топқа жан басына шаққандағы ІЖӨ 3 000 долларға дейінгі елдер жатады. Екінші топқа экономиканы тиімді жүргізуді үйренген, тиім­­ді материал және энергия үнем­ділігі бар, жұмсаған қар­жы­­ның қайтарымы жақсы елдер кі­­­реді. Бұл сатыда экономика тиім­­дірек тәсілдермен және құ­рал­­дармен жүргізіледі. Оларда  жан басына шаққандағы ІЖӨ 9 000 дол­ларға дейін болатын елдер кіреді. Үшінші топ – инновациялық экономика елдері, оларда бүкіл экономика білімге, жаңалыққа негізделген. Олардағы жан басына шаққандағы ІЖӨ 17 000 доллар немесе одан да көп. Қазақстан екінші топтағы елдердің қатарына енеді, себебі, Қазақстанда жан басына шақ­қанда  ІЖӨ 12 мың доллар. 2020 жылға қарай бұл көрсеткіш 20 000 долларға жетеді деп күтілуде. Демек, 2020 жылға қарай Қазақстан 3-топтағы елдер қатарына енеді деген сөз. Ұлттар тек тауарларымен және қызметтерімен ғана бәсе­кеге түспейді, олар қоғамдық құндылықтар мен білім жүйелері арқылы да бәсекелеседі. Біз бәсекеге қабілетті елміз деп айту үшін біріншіден, Қазақстан халқы бәсекеге қабілетті болуы тиіс; екіншіден, біздегі мем­лекеттік билік бәсекеге қабі­летті болуы шарт; үшіншіден, Қазақстан бизнесі бәсекеге қабі­летті болуы керек. Бұл – Қазақ­стан халқының дені сау, білімді, білікті, кәсібилікке бейім, жаңа­ны қабылдау қабілеті биік болуы қажет деген сөз. Бұрын мемлекеттің негізгі байлығы болған кен орындары, жылжымайтын және жылжитын мүліктер соңғы ширек ғасырда дамыған елдерде екінші қатарға ысырылып,  олардың орнына адам капиталы қоғамды өркендететін негізгі күшке айналды. Сондықтан өткен ғасыр­дың 70-80-жылдарына дейін негізгі қаржыны өндіріске, станоктарға, т.т. бөлген мемлекеттер енді білім мен ғылым, адам­ның жан-жақты дамуына бөлетін болды. Мемлекеттің капиталы бірін­ші табиғи ресурстар (кен орындары), екіншісі (жылжымайтын, жылжитын  мүліктер (зауыттар, ғимараттар, автомобиль, т.б.); үшіншісі адам капиталы. Әлемдік банктің есебі бойынша адам капиталын дамытуға АҚШ-тағы ұлттық байлықтың 76 пайызы, Батыс Еуропа ел­дерінде 74 пайызы, Ресейде 20 пайызы, ал Қазақстанда шамамен 10-12 пайызы жұмсалады екен. Демек, айырма жер мен көктей. Сондықтан да Елбасы «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында осы Стратегияны іске асыру үшін адам капиталын 6 есеге өсіру міндетін қойды. Дамыған елдерде иннова­ция­лық технологияның үлесіне ІЖӨ-нің 70 пайызы келетін болса, біз де өз көрсеткіштерімізді көтеру жолында индустриялық-инновациялық өрлеу бағдарла­ма­сын қабылдап, оны жүзеге асырып жатырмыз. «Қазақстан-2050» Страте­гиясында Елбасы «Қазіргі дүние дидарының кілті білім мен ғылымда. Ол үшін адам капиталын дамыту қажет.  Оның негізгі үш күретамыры қайсысы десеңіз, біріншісі – білім, екіншісі – ғылым, үшіншісі – инновация. Осы үшеуі түйіскен жерде ел гүлденеді», деді. Елбасы шын мәнінде мүмкін емес дерліктей істерді жүзеге асы­­ра алған, тарихта талай есе­сі кеткен туған елінің, арғы ға­сыр­­дағы бодандықты қозғап боз­дамағанның өзінде, осыдан небәрі ширек ғасыр ғана уа­қыт бұрын басқаруға Мәскеу көл­денең көк аттыны жібере салатын елінің етектегі басын төрге шы­ғарып берген адам деген ойды бұ­рын да айтқанбыз, алда да айта береміз. Нұрсұлтан Назарбаев адамзат тарихынан ойып тұрып орын алатын тұлғалар тобынан екені қазірдің өзінде айдай әлемге айқын. Ол 22 жылдың о жақ бұ жағында қирандыдан, құландыдан мемлекет құру, қоғамды бір формациядан екінші формацияға ауыстыру, өтпелі кезеңдегі қиыншылықтардан есеңгірей жаздаған халықты тар жол, тайғақ кешуден аман-есен алып өту, елдің еңсесін көтеру, аяғынан тік тұрғызу, көп тілді, көп дінді елдің жұртын  бір үйдің баласындай ұйытып ұстау, алыс та, жақын да, Батыс та, Шығыс та мойындайтын, санасатын, құрметтейтін елге айналдыру, сан түрлі себептерге байланысты бірнеше ғасыр бойында дүниежүзілік өркениеттен шеттетіліп қалған елді жер-жаһанға таныту, тіпті, ЕҚЫҰ тарихында тұңғыш рет азиялық мемлекетті, тұңғыш рет ТМД мемлекетін, тұңғыш рет халқының негізгі бөлігі мұсылман дінін ұстанатын мемлекетті, тұңғыш рет түркі­тілдес ұлт ұйыстырып отырған мемлекетті Еуропаға төбе би болатындай жағдайға жеткізу, сол аса беделді ұйымның он бір жыл бойы шақырылмай жүрген Саммитін өткізіп, 56 елдің қолын бір құжатқа қойдыру, әлемді жайлаған дағдарыстар тұсында елін қиыншылдыққа ұрындырмау, қаржы қыспағында қалдырмау былай тұрсын, дәл сондай сын сағаттарда мемлекетті дамудың жаңа белесіне қайта-қайта алып шығу, дүние дидарындағы ең серпінді дамушы елдер бестігіне енгізу, бәсекеге қабі­летті елу елдің қатарына қосу, «Қазақстан-2030» Стра­тегиясында көзделген мерейлі мақсатты мерзімінен бұрын орындау, туған елінің ең дамы­ған 30 елдің қатарында болуын  көздеген жаңа стратегия белгілеу, сол межеден көрінудің нақты жолдарын тамыршыдай тап басып, айқындап беру секілді тамаша табыстарға қол жеткізді. Осының бәріне қол жеткізу  үшін елге деген махаббат, дамуға деген ниет, мақсатты еңбек керек. Осы тұста жастарға, өскелең ұрпаққа, аға буын өкілдеріне: «ісің сөзіңнің қорғаны, сөзің ісіңнің дәлелі болсын» дегім келеді. ЭКСПО-2017-нің өтетін жерін белгілеуде дауыс беруге қатысқан 161 мемлекеттің 103-і Қазақстанды қолдаса,  тек 44-і ғана Бельгия (Льеж) шаһарын таңдады. Елді осындай беделді мемлекет ету де, елорданы осындай етіп салу да дана халқымызды жұрт болуға жұдырықтай жұмылдыра алған сара басшымыздың ерен еңбегінің, ерен ерлігінің арқасы екені күндей шындық, атар таңдай ақиқат. Еуропа мен Азияның жүре­гінде Сарыарқаның сайын дала­сындағы елордасы – нұрлы  Астананы жайнатқан Елбасы дәл қазір Батыс пен Шығыстың арасын жалғаған, жалғап қана қоймай, оның көгінде жұлдыздай жарқыраған әлем таныған ұлы қайраткерге айналды. Бұл – барша қазақстандықтар үшін ерекше мақтаныш. Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізіп  отырған бүгінгі сара сая­саты ел халқының ізгі ой-ниетімен ұштасып жатыр. Демек, ұлы бабаларымыздың бірі Қаз дауысты Қазыбек бидің айтқан:  «Біз қазақ деген мал баққан елміз, бірақ ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін алау бас­пасын деп, найзаға үкі таққан елміз, ешбір дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөзді асыр­маған елміз. Досымызды сақтай білген елміз, дәм-тұзын ақтай білген елміз», деген сөзі өзінің бір ұрпағына дарыса, ол, сөз жоқ, біздің Елбасы болып табылады. Даналық даналыққа ұласып, ол бүгінгі жан алысып, жан берісіп жатқан мына алмағайып заманның зар күйі мен тар күйінен өзінің қазақ деген халқын аман сау алып келе жатса, бұл ұлттың басындағы үкі­ленген бағы болса керек-ті. Н.Назарбаев дүниенің төрт бұры­шының кез келген мәсе­лесін саяси тұрғыдан зор парасатпен шешуге ұмтылатын ерік-жігерін, ертеңгі күн мен болашақты болжай алатын көрегендігін, кез келген қиын мәселенің түйінін тамыршыдай тап басатын, тапқырлығын көрсетіп, дәлелдей алды. Елбасы ғұмыр бойы із­дену­ден, үйренуден жалық­пауды өмірлік қажеттілік деп түсінеді. Талмай іздену, өмірді терең зерделей білу, жылт еткен жаңалықты сезіне білу – Нұрсұлтан Назарбаевқа тән қасиет. Фактімен, дәлел-дәйек­пен сөйлеуді ұнатады. Қазақстан мен Назарбаев ұғымы бұл күнде  тұтасып, бір символға айналып кеткен. Асанқайғы лексиконына салып айтсақ: Асанқайғының «Жерұйық» идеясын Елбасы Қазақ елінің ұлттық идеясына айналдыра білді. Бұл қазақ халқының ғасырлар бойғы арманының орындалып, яғни қазақтың ренессанс ғасырына айналды. Нұрсұлтан Назарбаев – тарих толғатып туған ғасыр тұлғасы, елінің жанын ұғатын, халқын замана көпірінен аман өткізіп келе жатқан қамқоршы, дарынды ұйымдастырушы, көреген басшы, нарықтық экономиканың терең білгірі, кекшіл емес, текшіл, жікшіл емес, көпшіл, жұртты сендіре де, иландыра да алатын, өз елім менің – өзегім дейтін ұлы тұлға. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың: «Мен өз халқымның жолында басымды бәйгеге тіккен адаммын. Маған ары үшін жанын садаға ететін осындай текті халыққа, мені ұлым деп, перзентім деп төбесіне көтерген халыққа, арғы-бергідегі қазақ баласының бір де бірінің пешенесіне бұйырмаған бақытты – толыққанды тәуелсіз мемлекет құрудың басында болу бақытын бұйыртқан халыққа қызмет етуден артық ештеңенің керегі жоқ, осы жолда мен бойымдағы бар қайрат-қабілетімді, білім-білігімді аямай жұмсаймын, қандай тәуекелге де барамын», – деген сөзінің келешекте де өз ақиқатын айғақтай беретініне кәміл сенемін. Өйткені, Нұрекең­нің халқына әлі де берері көп.  Есен ТІЛЕПОВ, зейнеткер, ұстаз. Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданы, Жіңішке елді мекені.
Соңғы жаңалықтар