фото: polisia.kz
Астана қалалық полиция департаментінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жүргізген жедел іс-шаралар барысында қару-жарақ пен жарылғыш заттарды заңсыз сақтау фактісін анықтады.
Түнде Абылайхан мен Жансүгіров көшелерінің қиылысында «Лада Приора» көлігі тоқтатылды. Көліктегі 22 жастағы жолаушыны жеке тінту кезінде оның күртесінің оң қалтасынан OСA тапаншасы, сол жағынан РГД-5 гранатасы табылды. Полиция қызметкері гранатаны жарылғыш заттарды сақтауға арналған колбаға салды.
Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 287-бабы «Қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды және жарылғыш құрылғыларды заңсыз алу, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
Қарағанды қаласының тұрғыны уақытша ұстау изоляторына қамалды.