«Үркер елді мекенінің тұрғындарымен кездестім. Тұрғындар инженерлік желілерді, электрмен жабдықтау желілерін, әлеуметтік нысандарды, жолдар салу, абаттандыру, көгалдандыру, аялдамалар және басқа да мәселелерді көтерді. Елді мекенді дамытудың жалпы жоспарын құрамыз, ең алдымен шешілуі тиіс міндеттерді және екінші кезеңде қолға алу қажет мәселелерді анықтаймыз.
Бірінші кезектегі міндет - Үркер елді мекенінде кәріз және электрмен жабдықтау желілері мәселесін шешу. Біз мұны бірінші кезекте орындаймыз. Сол сияқты бірқатар әлеуметтік нысанның құрылысын жүргізіп жатырмыз. Мәселен, мердігерлерге биыл дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен өрт сөндіру депосының құрылысын аяқтау міндеті тапсырылды», деп жазды әкім.
Сондай-ақ әкімнің айтуынша, осы елді мекенде екі мектеп (2024 жылы және 2025 жылы пайдалануға беріледі) салынады. Қалада келесі оқу жылына 13 мектеп салу жоспарда бар. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 100 мың оқушы орнына арналған 25 мектеп (2 ауысымды) салынады. Олардың құрылысы биылдан басталады.
«Астанада 16 елді мекен бар. Елорданың әрбір төртінші тұрғыны елді мекенде тұрады. Әрбір елді мекеннің тұрғындарымен жеке кездесемін. Аудандар мен елді мекендерді дамыту жоспарын бірлесіп анықтаймыз», деп жазды елорда әкімі.