Ақтауда халықаралық “Маңғыстау сапа” форумы өтті
Халықаралық деңгейдегі бұл басқосуды “Атамекен” одағы ұлттық экономикалық палатасының филиалы “Ақтау Консалтинг компани” серіктестігінің қатысуымен Маңғыстау облысы әкімдігі ұйымдастырды. Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау облыстары бизнес қауымдастықтары өкілдері, Қазақстан Республикасы Президентінің “Алтын сапа” сыйлығының иегерлері, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің өкілдері қатысқан форумда халықаралық деңгейдегі ғалымдар АҚШ, Жапония, Ресей, Украина және Қазақстанның сапа проблемаларымен айналысушы белгілі академиктер мен сапа көшбасшылары қауымдастығының мүшелері болды.
Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары А.Айтқұловтың, Экономикалық даму және сауда министрлігінің департамент директоры А.Нұрабаеваның, “Норт Каспиан оперейтинг” компаниясының бас менеджері М.Пекарскийдің, Ресейдің сапа проблемалары жөніндегі академиясының академигі Ю.Адлердің, Украинаның сапа жүйесі орталығының директоры Т.Калитаның, Жапония ЛСА халықаралық агенттігінің өкілі Х.Сузукидің т.б. баяндамалары тыңдалып, тәжірибелер ортаға салынды. Форумның Қазақстанда өтуіне орай сөз алғандар қазақстандық компаниялардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, отандық компаниялар шығаратын тауарлар мен көрсетілетін қызмет сапасының деңгейін арттыру, Бүкіләлемдік сауда ұйымына кіруге дайындық жайына тоқталып, өзара пікір алмасты. Осы ретте Солтүстік Каспий жобасын жүзеге асырудың шешуші кезеңі басталғандығы тілге тиек етіліп, Қашаған кен орнының әлемдік маңызы, оны игеру барысындағы сан-салалы жұмыстардың, құрал-жабдықтардың халықаралық сапа стандарттарына сай болу керектігі де сөз болады. Жалпы, аталмыш форум сапа деңгейін арттыруға бағытталған бизнес-қауымдастық өкілдері үшін пайдалы басқосу болды.
Жоламан БОШАЛАҚ
АҚТАУ.
ӘРІПТЕСТІК БАЙЛАНЫСТЫ НЫҒАЙТУҒА МҮДДЕЛІ
Есілдің сол жағалауында Германияның Қазақстандағы жылы аясында әлемнің автобизнес саласының көш басында тұрған BMW концерніне тиесілі жаңа автоорталықтың алғашқы іргетасы қаланды. Сала мамандарының сөзіне қарағанда, бұл ауқымды жобаның жүзеге асуына 3 млрд. АҚШ долларына жуық инвестиция құйылған екен.
Бейбітшілік және келісім сарайында аталған орталықтың құрылысына арналған баспасөз мәслихаты өтті. Бұған дейін мұндай пресс-турлар Қазақстанның ірі қалалары санатындағы Алматы, Шымкент және Қарағанды қалаларында ұйымдастырылыпты. Елордада өткен шараға “Астана Групп” компаниясының президенті Нұрлан Смағұлов, BMW Group-тың атқарушы директоры Алан Харрис, Германия Федеративтік Республикасының Қазақстандағы елшісі Райнер Шлагетер қатысты.
BMW Group-тың атқарушы директоры Алан Харрис талай жылдан бері дүниежүзілік автобизнес саласында шашасына шаң жұқтырмай жүрген компания төңірегіндегі өз ойын кеңінен тарқатты. “Әлемдік қаржы дағдарысының белең алғанына қарамастан, біздің бәсекелі бизнесіміз өз қарқынын бәсеңдеткен жоқ. Егер соңғы мәліметтерге сүйенсек, 2010 жылдың алғашқы төрт айындағы көрсеткіш бойынша біз көшбасшылық тізгінді өз қолымызда ұстап келеміз. Болашақта да бұл үдеріс жалғаса береді деген сенімдеміз”, деді Алан Харрис.
Сала мамандары Германияның Қазақстандағы жылы концерннің сауда рыногындағы беделін еселеуге мүмкіндік береді деген үмітте екендіктерін жеткізді. Ал жалпы елімізде бүгінге дейін 1 мыңға тарта BMW көлігі сатылыпты.
АЛАШОРДА – ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТТІЛІГІНІҢ БІР КӨРІНІСІ
Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада Алаш көсемдерінің өмір жолы мен қызметтеріне арналған “Алашорда” деректі фильмі көрсетілді. Шәкен Айманов атындағы “Қазақфильм” киностудиясында түсірілген бұл фильмнің режиссері – ҚР еңбек сіңірген қызметкері, Қазақстан Кинематографистер одағының мүшесі, кинодокументалист Қалила Омаров, сценарийін жазған журналист Болат Мүрсәлім.
Қарға тамырлы қазақтың басынан кешкен зұлматтары аз болмаған. Әсіресе, кер заманның қыспағында кетпей, халқының ұлт ретінде ұйысуын көздеген, қазақ жұртының рухани азаттығы жолында күрескен тұлғалардың басына төнген нәубет жылдар қатпарлы тарихтың қойнауында мәңгіге сақталары анық. Ал оны ұлт жадында өшпестей етіп жаңғырту – кейінгі ұрпақ еншісінде. “Алашорда” фильмі сол бір күрделі де қым-қиғаш кезең көріністерінен сана иіріміне сәуле таратуды мақсат тұтқан.
“Қазақ тарихы күрделі. Қазақ тағдыры әрқилы. Соның ішінде бір адамның ғана емес, бүкіл елдің қасіретіне, ұлттың қасіретіне айналған оқиғалар болған. Оны ешқашан естен шығаруға болмайды. Сондықтан ел және өскелең ұрпақ болып, тарихымыздағы сондай сәттерді еске алып, Алаш ардақтыларының рухына бас июіміз қажет. Сондықтан Алаш арыстарына арналған мұндай фильмнің көрсетілуі – заңды. Алаш арыстарының әрқайсысы – бір-бір тарих. Әрқайсысы – тарихтың құнды дерегі. Біз кейде қазақ мемлекеттілігі тарихының ізін таба алмағандай болып жатамыз. Ал шын мәніне келгенде, Алашорда да біздің тарихтағы мемлекеттілігіміздің бір көрінісі болатын”, – деді фильм жұртшылыққа ұсынылар алдында сөйлеген сөзінде Байланыс және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитеті төрағасының орынбасары, ақын Ербол Шәймерден.
Ал аталған деректі фильмнің режиссері Қалила Омаров Алаш көсемдеріне арналған фильмнің дүниеге келуіне 2 жылдай уақыттың кеткенін, “бір һәм бірінші қазақ” атанған ұлт зиялыларына арналған мұндай фильмдердің маңызы айрықша екендігін алға тартты. Бір атап өтерлігі, Қалила Омаровтың түсірген деректі фильмдерінің басым көпшілігі, ұлттың бетке ұстар асылдарына, тарихтың ақтаңдақ беттеріне арналған. “Міржақыптың оралуы”, “Замана шеру”, “Мағжан” секілді туындылар соның айғағы.
“Деректі фильм 2008 жылдың қыркүйегі мен 2009 жылдың ақпан айы аралығында түсірілген. Оның басты өзегі – қазақ халқы үшін, қазақ мемлекеттілігі үшін саяси жеңісті алып берген, өздерін сол жолда құрбандыққа шалған алаш қайраткерлері. Өкінішке орай, бүгінгі таңда олардың саяси сахнадағы еңбектері туралы туындылар бар, ал жеке өмірлері туралы деректі фильмдер жоқтың қасы. Міне, осы мәселе ескерілсе игі”, деді Қ.Омаров.
Деректі фильм Алаш қайраткерлерінің тарихи мұралары мен өшпес іздері сайрап жатқан Орынбор, Петербор, Семей, Алматы қалаларында түсіріліпті. “Алашорда” фильмінің бір ерекшелігі, онда Алаш қозғалысына тікелей қатысты бірнеше тарихи ғимарат тұңғыш рет көрермен назарына ұсынылды. Сондай ғимараттардың екеуі Орынбор қаласында орналасқан. Профессор Қ. Атабаев тауып, дәлелдеген бірінші үй “Халықтың құлағы, көзі һәм тілі” болған “қазақ” газетінің редакциясы (1913-1918 жж.) орналасқан ғимарат болса, екіншісі 1917 жылы І және ІІ Жалпы қазақ съездері өтіп, “Алаш” партиясы, Алашорда үкіметі, Алаш автономиясы дүниеге келген қасиетті қарашаңырақ.
Семей қаласының қазір Жаңа Семей аталатын бір бөлігі сонау 1916-20 жылдары ресми түрде Алаш қаласы атанғаны тарихтан белгілі. Фильмде көрсетілген тағы бір ғимарат алғаш Алаш туы тігілген осы қаладағы Алашорданың орталық үкіметі орналасқан (1918-20 жж.) үй.
Ресей империясының отарлау саясатының тамырына балта шабуды, сол саясаттың кесірінен түрлі губернияларға бөлшектенген қазақ жерін біріктіруді, ең бастысы қазақ мемлекеттілігін қалпына келтіруді көздеген Алаш арыстары рухына арналып түсірілген фильмде Ә.Бөкейханов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, Х.Досмұхамедов, А.Байтұрсынов, С.Қожанов сынды тұтас бір ұлттың қасиетіне айналған тұлғалардың саяси күрескерлігі айрықша көрініс тапқан.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.
ТІЛ – ҰЛТ БОЛАШАҒЫНЫҢ КЕПІЛІ
Мәдениет министрлігі Тіл комитетінің ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы Конституциясының 15 жылдығына арналған “Тіл. Ұлт және Тәуелсіздік” атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Конференция барысында еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі уақытта мемлекеттік тіл дәрежесін көтеруде нендей шаруалар атқарылды, қандай жетістіктерге қол жеткіздік, халықтың қазақ тілі – мемлекеттік тілге деген құрметі қандай, республикамыздағы тіл саясаты қалай жүзеге асырылуда деген өзекті мәселелер талқыға салынып, қызу пікірталас жүргізілді.
Тіл тағдыры – ұлт тағдыры, ұрпақ тағдыры. Мемлекеттік тіл төңірегінде бүгінгі күнге дейін айтылмаған сөз, істелмеген іс қалмаған да шығар. Басшыдан қосшыға дейін сан жылдардан бері тіл мәселесін назардан тыс қалдырмай, белсенділік танытудың нәтижесінде қазір біраз жетістіктерге жеттік. Алайда, тәуелсіздік алғаннан бергі уақытқа дейін әлі де болса мемлекеттік тіл – қазақ тілінің толық үстемдік алмай жатқаны көңілге кірбің ұялатады. Әлем елдерінің көбісі еліміздің мемлекеттік тілі қазақ тілі екенін біле тұра, ресми тілдің мәртебесі үстем екендігін жақсы біледі. Иә, бізге өзге тілді білу қажет-ақ. Алайда өз ана тіліңді, мемлекеттілігіңді білдіртетін, ұлттылығыңды даралайтын, тәуелсіздігіңді паш ететін мемлекеттік тілді білмеу айып қана емес, ол үлкен қылмыс болып есептелінетінін естен шығармаған жөн.
Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ.