Қаржы • 07 Ақпан, 2023

Халықаралық валюта қоры Қазақстандағы миссиясын аяқтады

280 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Астанада Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Халықаралық валюта қорының бюджеттік мәселелер жөніндегі департаментінің аға экономисі – миссия басшысы Сахе Де Клэркпен кездесу өткізгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Халықаралық валюта қоры Қазақстандағы миссиясын аяқтады

Әлібек Қуантыров ХВҚ сарапшыларының екі апталық миссия барысында елдің бюджет-салық саласының ашықтығын бағалау үшін ақпарат жинау және талдау бойынша ауқымды жұмыс жүргізгенін атап өтті.

Халықаралық сарапшылардың алдын ала бағалауына сәйкес, Қазақстан бюджетті жоспарлау мен орындауды жүзеге асыру үшін жеткілікті нормативтік негізбен қамтамасыз етілген. Атап айтқанда, Бюджет кодексі нақты реттеуші құжат болып саналады.

«Макроэкономикалық болжамдар жеткілікті түрде негізделген және уақтылы жасалған», деді министр.

Сондай-ақ отырыс барысында тараптар қаржылық есептерде кейбір деректер толық қамтылмағанына назар аударды. Бұдан бөлек, ХВҚ бюджет ережелерін жақсартуды ұсынды.

Кездесу соңында Сахе Де Клэрк ҚР ҰЭМ-ге, сондай-ақ басқа да мемлекеттік органдар мен ұйымдарға алғысын білдірді.

Айта кетсек, миссия ҚР Ұлттық экономика министрлігінің бастамасымен Халықаралық валюта қорының техникалық көмегі шеңберінде жүргізілді.

 

Айтолған ЖҮНІСХАН,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті