Келесі жылы Парижде алауы тұтанатын жазғы Олимпия ойындарына рейтингтік ұпай беретін байрақты додада Қазақстан құрамасының спортшылары 11 медаль (3 алтын, 5 күміс, 3 қола) олжалап, жалпыкомандалық есепте бірінші орыннан көрінді. Жакартадағы жарыста әлемнің 32 елінен келген 350 спортшы өнер көрсетті. Ал бұл сында ел намысын 15 спортшы қорғаған болатын.
Әлем кубогі сайысында жерлестерімізден Никита Чирюкин, Арина Алтухова және әйелдер құрамасының өкілдері Александра Ле, Елизавета Безрукова, Анастасия Григорьева алтыннан алқа тағып, жарыс жеңімпазы атанды. Индонезиядағы Әлем кубогі рейтингтік турнир болғандықтан, жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаз бен жүлдегер атанған спортшыларға нәтижелеріне қарай рейтингтік ұпайлар үлестіріледі.